Наурызкөже: 7 түрлі дәм, бір тілек

Ырзық-несібенің белгісіндей болған наурызкөже қазақтың мерекелік дастарқанына ерекше сән береді. Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңырақта наурызкөже пісіріледі. 7 түрлі дәм қосып әзірленетін бұл тағамның арнайы бір рецепті жоқ. Сол себепті де әр үйде дайындалған наурызкөженің дәмі әртүрлі болады.
Біз мейрам қарсаңында тамақтың қай түрін де дәмді етіп әзірлейтін нағыз аспаз, ата-ененің, отағасының бабын жасап отырған үлкен әулеттің келіні Сахила Жұбаназарованы сөзге тартқан едік. Сонымен…
— Ұлыстың ұлы күні — Наурыз біздің шаңырақта наурыз айы басталғаннан-ақ тойланып, бір айға жалғасады. Көктемнің алғашқы күні ақжарма тілектермен, үлкендердің ақ батасын алудан басталады. Бұл күн, наурыздың 1-і — атамның туған күні әрі бірлік мерекесі — Алғыс айту күні. Сол күні үйімізде мерекелік дастарқан жайылады. Атамның құрдастарын, замандастарын, көршілерді қонаққа шақырып, үлкендерге — ата-енеме ерекше құрмет көрсетеміз. Үйімізде үлкен кісілер болғандықтан, жан-жақтан көрісіп келушілер көп болады, жылдың қай мезгілінде де төрімізден қонақ үзілмейді, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Қазір егемендіктің арқасында Наурыз мейрамын кең көлемде тойлап жатырмыз. Сахила Жұмабайқызы Оралда ұлық мейрам кеңес өкіметінің кезінде де ұмыт қалмағанын, Жайықты жағалай қонған қалың ел Ұлыстың ұлы күнін наурыздың 14-і күні тойлағанын тілге тиек етті.
— Көрісу күні, Наурыз мейрамы десе, көз алдыма сағынышқа толы балалық шағым елестейді. Амал мерекесі біздің ауылда дүркіретіп тойланатын-ды. Бұл күні ата-анамыз бізді таңертең ерте тұрғызатын. Ауыл халқы болып үлкен кісілері бар үйге кіріп, көрісіп, бата алуға асығатынбыз, — дейді кейіпкеріміз. Бұдан тура 35 жыл бұрын Ақжайықтың ерке қызы Ақтөбенің Шалқарына келін болып түседі. Бүгінде жолдасы Ибадулла екеуі 3 бала тәрбиелеп, өсірді. Қос қарлығашы Жанна мен Ботагөзді қияға қондырып, олардан 4 жиен сүйіп отыр. Ұлдары Данияр — студент. Жолдасы екеуі — кәсіпкер.
— Наурызкөжені әркім өз дағдысымен әзірлейді. Оның нақты бір құрамы жоқ. Ең бастысы, 7 түрлі дәм салынады. 7 — қазақ халқы үшін киелі сан. Дәм 7 түрлі болғанмен, ниет бір, тілек — бір.
Бұрын наурызкөжеге ет, қамыр, бидай, тары, құрт, тұз, су қосып пісірсе, қазір заманға сай наурызкөжеге картоп, пияз, сәбіз, мейіз қосып жатады. Ал мен әзірлейтін рецепт: ет, су, тұз, сүт, күріш, тары, мейіз.
Наурызкөже пісіргенде міндетті түрде қазақтың сүйікті тағамы — сүрленген ет болуға тиіс. Сол себепті жыл сайын соғым сойылғанда наурызкөже пісіру үшін асылатын етті арнайы бөліп сақтап қоямын. Сүрленген жылқы еті мен қазы қосып әзірленген наурызкөже ерекше дәмді болады. Сондай-ақ «несібеміз мол болсын» деген ниетпен дақыл қосамыз. Біреу бидай, біреу тары қосып жатады, қолда бар дақылдың кім қайсысын салса да, өзі біледі. Ағарған да басты дәмнің бірі саналады. «Ақ мол болсын» деп ырымдап, әркім өз мүмкіндігіне қарай құрт, сүзбе, айран, сүт қосып әзірлейді. Сонымен қатар «Ағайын-туыстың қарым-қатынасы нығая түсіп, тату-тәтті ғұмыр кешуіне септігі тиеді» деген ниетпен кейбіреулер мейіз қосады. Қазанға су құйып, дәм салғанда тілек тілеу маңызды, — дейді Сахила Жұмабайқызы.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



