Мереке

Жыр мектебінің мерекелік тартуы

Өнер

«Алақай» облыстық қуыршақ тетрында «Ер Едіге» жыршылар мектебінің ұйымдастыруымен «Наурыз нұры» атты концерт өткізілді.

Жыршылар мектебі осыдан бір жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ескі мұраларды сақтау және насихаттау мақсатында ашылған болатын. Мектептің ең жас тәрбиеленушілері алтыда, ересектері жиырма жастан асқан.

Бүгінде «Ер Едіге» жыр мектебінде 40-тан астам бала өнерін шыңдап, ақын-шайырларымыздың құнды мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді, — дейді «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин.

Оның айтуынша, жыр мектебінің тәрбиеленушілері дайындықтарын «Сарқыт» мейрамханасында өткізеді. Тіпті арасында сол жерге жұмысқа орналасқандар да бар екен.

Іс-шара барысында «Асау барақ», «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» жырлары мен Әбубәкір Кердерінің, Наурызбек жыраудың және басқа да жыршылардың термелері орындалды.

— Менің өнер мектебіне келгеніме бір жылға жуықтады. Бірнеше термені жатқа білемін. Осы кеште Әбубәкір Кердерінің «Жарандар, кеңес жазайын» атты термесін орындадым. Алдағы уақытта жырсүйер тыңдарманның көңілінен шығатын термелер мен күйлерді үйренгім келеді, — дейді жыр мектебінің оқушысы Қазыбек Хамитов.

Қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, жыр-термелерінің мақамын бұзбай, нақышына келтіре орындаған талантты жастардың талабы биік. Олар республикалық додаларда өнер көрсетіп, ел намысын асқақтатпақ ниетте.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button