Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар

Сайыс
Ұлттық тағамдар күніне орай «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының ұйымдастыруымен «Сақталушы еді сыбаға…» атты сайыс өтті. Шара қатысушылары ел арасында ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін таныстырып, қазылар алқасына ұсынды.
Сайысқа қатысушы Бұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жанар Ертуғанова қазы туралы кеңінен мәлімет берді. Ол жылқының семіздігіне қарайқазыны адам саусақтарының өлшемімен атайтынын және ол қалыңдығына байланысты«кере қарыс», «сіре сүйем», «бес елі» деп бөлінетінін айтты. Бұдан соң қазы айналдыру әдісін көрсетті.
Көпшілікті «Балдырған» бөбекжайының директоры Гүлсара Қосниязованың «Үлпіршек» атты ұлттық тағамы таңдандырды. Үлпіршек — жылқының немесе сиырдың жүрегінен жасалады екен. Жүрек еті нығыздалып, сүтке бұқтырылып әзірленеді. Асты дайындауға 3-4 сағат кетеді.
— Бұл астың тарихы тереңде жатыр. Ақжаулықты аналарымыз күйеуге шыққан қызын сағынған сәтте құдалары арқылы қызына белгі ретінде үлпіршек жөнелтіп отырған. Мұны құда жақ бірден түсініп, келінді төркініне жіберген. Үлпіршек — қызға қайда жүрсең де, жүрегіміздесің деген мағынада тарту етілетін тағам, — деп түсіндірді ол.
«Әлия» модельді кітапханасының меңгерушісі Кенжегүл Книязова жаугершілік заманда ата-бабамыз жорыққа алып шыққан, ұзақ уақыт сақтауға жарамды «Жаужүрек» тағамын таныстырса, жеке кәсіпкер Гүлжамиға Төлегенова көпшілікке бұжы әзірлеуді үйретті.
Шара барысында Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің директоры Назгүл Станқұлова сыбаға беру, табақ тарту жоралғысын айтып, ұлттық тағамдардың тарихы мен әзірлеу әдісін таныстырды.
— Мақсатымыз — ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерін көпшілікке таныстырып, оларды насихаттау арқылы ұлттық дәстүрлерімізді қайта жаңғырту болатын. Сондай-ақ жиналғандарға сыбаға туралы да біраз мәлімет берілді. Шараға қатысқандар біраз пайдалы ақпарат алды деп ойлаймыз, — дейді деді «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Төпенова.
Сайыс соңында барлық қатысушыға «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының атынан Алғыс хатпен сыйлықтар табысталды.
Динара СИСЕНҒАЛИЕВА,
«Әлия» патриоттық тәрбие беруоблыстық орталығының әдіскері.