Мереке

Жайлау кеші қызықты

Салт-дәстүр

Ақтөбе қалалық Мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Геолог» мәдениет үйінде «Жайлау кеші көңілді» атты Ауыл күніне арналған мерекелік шара өтті.«Геолог» және «Нокин» мәдениет үйлерінің ұйымдастыруыменөткен шара барысында киіз үй тігіліп,  көрісу күніне орайластырылған қазақ ауылдарының көріністері қойылды.

Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландин мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақат Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп,  дәстүрлі шара ұйымдастырушыларына алғысынайтты. Мерекелік шараның қонағы Марат Қабижанұлы ақ батасын арнады.

Концерттің ерекшелігі сол — ұлттық салт-дәстүрлер сахналанды. Есет батыр тұрғын үй алабының тұрғындары мен Жилянка ауылының тұрғындарының  қатысуымен көрші қоныстанған ауылдарға ерулік берді. «Арай» би ансамблі «Жайлау» биімен ашып, «Асыл әжелер» ән ансамблі мен «Мұрагер» вокалдық тобы әсем әндерімен мерекенің көркін қыздырды.

«Геолог» және «Нокин» мәдениет үйімен бірлесе өткізген шарамыз қала тұрғындарына ауыл көрінісін еске түсіріп, насихаттауға арналған. Әсіресе балалар мен жастардың көбірек қатысуына мән бердік. Шарамыздың атауы да көпті шақырып тұрғандай. Келушілердің қарасы біз ойлағаннан да көп болды. Амал мерекесі батыс өңірде кеңірек тойланады. Көрісу күні — барлық өкпе-реніш кешіріліп, адамдардың бір-біріне жақсы көңілкүй сыйлауы — нағыз патриоттық тәрбие. Біз осыны көрсетуге тырыстық, — дейді «Геолог» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Бибігүл Ақжігітова.

Балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық ойындар ойнатылып, жеңіпаздарға сыйлық үлестірілді.  Алаңда ұлттық тағам түрлерін ұсынған азық-түлік жәрмеңкесі болды. Киіз үйде келушілерге арнайы дайындалған дастарқаннан ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.

Жексенбі күні демалыстарын осындай «көңілді жайлауда» өткізген тұрғындар көтеріңкі көңіл күймен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп тарасты.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button