Әжелер барда салт-дәстүр ұмытылмайды

Мұғалжар
Мұғалжар аудандық орталық «Нұртай» мешітінде «Дәстүрімнің балқаймағы — әжелер» атты сайыс ұйымдастырылды.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы биыл «Ислам және ізгі қоғам» жылын жариялап, соның аясында бес бағытта үлкен шаралар өткізуді жоспарлаған еді. Сол бес бағыттың бірі — ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау. Осы мақсаттағы кезекті іс-шараны аталған мешіттің ұстазы Айдана Талғатқызы ұйымдастырды.
Шараның ашылуында ұйымдастырушылар қазіргі таңда жас ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға әжелердің айрықша үлес қосып отырғанын атап өтті. Сайыстың өзі «Сәлем — сөздің анасы», «Өнерлі өрге жүзер», «Дәм-думан», «Сыр-сандық» және «Салтым — асыл қазынам» аталатын бес бөлімнен тұрды.
Сайыста әжелер дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар әзірлеп, қазақтың мақал-мәтелдерін айтып жарысты, сондай-ақ көрермендерге ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізден көріністер де ұсынылды. Соңынан жүлдегерлер мен ерекше өнер көрсеткен әжелерге арнайы сыйлықтар табысталды.
А.САРЫБАЙ.