Мереке

Әдемі әлем

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ақтөбе облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық қорының «Жас қанат» жастар ұйымының өкілдерімен кездесті.

Алдымен «Анаға тағзым» ғимаратында орналасқан «Бақытты отбасы» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықта құқықтық қызмет көрсету, мониторинг және талдау бөлімдері, отбасы және денсаулық, тігіншілер қауымдастығы, «Жәдігер», «Зейін», «Кербез», «Мен саған сенемін», «Ұмай ана», «Әке ғибраты», «Әке көрген оқ жонар» сынды ұлттық дәстүрге байланысты үйірмелер жұмыс жасайды.

Бүгін «Бақытты отбасы» деген мән-мағынасы терең орталықта әр салада еразаматтармен иық тіресіп қызмет етіп жүрген жандармен кездесіп отырмын. Сіздер өз еңбектеріңізбен қаламыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Бұл біздің қыздардың белсенділігін, іскерлігін, ерік-жігерінің мықтылығын көрсетеді, — деп Мұрат Жөребеков түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдерді мерекемен құттықтап, оларға Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

Қаламызда жыл басынан бері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 2892 азамат қатысқан, оның 1606-сы — қыз-келіншектер. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған 947 тұрғынның 677-сі әйелдер екен.

Қала әкімінің қолдауымен өтіп жатқан мерекелік іс-шара ерекше көңіл күй сыйлаумен қатар, жас кәсіпкерлерге рухани демеу берді, — деді облыстық  әйелдер күштері альянсының төрайымы Нұржәмилә Нұрлыбайқызы.

Сондай-ақ қалалық Мәдениет үйінде «Әйел әлемі» атты мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Қала әкімі Мұрат Жөребеков  түрлі салада еңбек етіп жүрген аяулы жандарды мерекесімен құттықтап, сый-құрметін көрсетіп, Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында көпбалалы аналар, балабақша тәрбиешісі, әскери қызметкерлер мен қарапайым жұмысшылар да бар.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button