Пікір

Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Айнаш ҚАЛИЕВА,

ардагер ұстаз.

Бала — біздің болашағымыз. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне ата-ана, мектеп, өскен ортасы жауапты. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кездері бала тәрбиелеудегі міндеттерін ата-ана мектепке біржола аудара салғандай.

Көп жыл мектепте басшылық қызмет атқардым. Бірде сабақ кезінде бір оқушының анасы телефон шалып, қызының мектепке ерте тұрып кетіп қалғанын айтты. Жүгіріп сыныбына барсам, бала жоқ. Сосын сынып жетекшісін іздеп төменге   түссем, мектеп қызметкерлері бірі қыздың қолын уқалап, екіншісі көзінің жасын сүртіп, бәрі баламен бірге жылап тұр. Күн қатты аяз, баланың қолында қолғабы да жоқ. Анасы ұйықтап жатқанда шығып кеткен. Әкесі вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Үйіне баланы алып барып, анасына: «Сіз ұйқыдан оятып, киіндіріп, тамағын беріп, автобусқа мінгізіп жібермедіңіз бе?» — дегенде анасы: «Тамақ беріп не істеймін, тамақты мектептен ішпейді ме?» — депті. Әлгі бала мектепке қаланың шетінен қатынап оқитын. Міне, ата-ананың жауапсыздығы деген — осы. Әкесі вахтадан келгеннен кейін де бала автобуспен өзі қатынады. Оны сынып жетекшісі аялдамадан күтіп алып жүрді.

Осындай ата-аналарға айтарым — баланы дүниеге әкелген соң оның оқып білім алуына жағдай жасау, өмірі мен денсаулығына жауап беруге міндеттісіздер. Бала 6-7 сағат мектептен білім мен тәрбиені алады. Әр сабақтың білімділік жағымен қатар, тәрбиелік жағы бар, оны мектептің басшылары бақылап отырады. Әр жетіде бір рет тәрбие сағаты өткізіледі, сыныптан тыс шаралар бар. Ұстаз мектепте болған кезде баланың өмірі мен денсаулығына да жауапты.  Мектептен тыс кезде ата-ана жауапты. Оған мектеп басшысының да, аудан, қала, облыс басшыларының да қатысы жоқ. Оған жауапты да, міндетті де — ата-ана.

Сондықтан ата-аналар балаға дұрыс тәрбие беріп, адамгершілік пен мейірімділікті бала бойына сіңіріп, бала тәрбиесімен айналысуы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button