Мереке

Жәкібай әженің бар тілегі — елдің амандығы мен халықтың бірлігі

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыс орталығында тұратын 107 жастағы Жәкібай Бисенғалиеваның батасын алдық.

Бүгінде Ақтөбе қаласында немересі Даниярмен бірге тұрып, шөберелер қолынан су ішіп отырған бақытты әже биыл тамызда 108 жасқа толады.

Қолындағы немере келіні Сандинаның айтуынша, әже 104 жасына дейін тігін тігіп, құрақ құрапты, қазір көзі нашарлағасын сүйікті ісінен қол үзген. Қазір Жәкібай әже күн ұзақ теледидарды ермек етеді. Теледидарға жақын отырып, шөбересі Қасымхан әкеп берген «наушникті» киіп алып, ел, әлем жаңалықтарын тыңдайды екен. Әйтпесе құлағы да ауыр ести бастаған.

Жәкібай әже — тыл ардагері. 1915 жылы Хромтау (бұрынғы Новоресей) ауданындағы Қызылсу ауылында дүниеге келген ол ес білгелі қазақ ауылында өткен барлық оқиғаларға куә болғанын айтады. Бала кезде азамат соғысын, кейін аштық пен колхоздастыру кезеңдерінің қиындықтарын көзімен көрген. Колхоз жұмысына ерте жастан араласқан ол сауыншы болып, отыз сиырға дейін сауып, сүтін тапсырғанын, елдегі ер-азаматтар майданға аттанған кезде тракторды да тізгіндегенін, бау-бақша еккенін, бертін келе кітапханашы болып та еңбек еткенін әңгімеледі.

Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында фин соғысынан оралған ауылдасы Ғабит Бисенғалиев екеуі отау құрып, 3 бала сүйеді. Көп ұзамай күйеуі қайтадан майданға аттанып, Жәкібай әже ата-енесін баға жүріп, колхоздың қара жұмысынан қол үзбепті. Соғыс аяқталған соң, аман-есен елге оралған күйеуі балаларының қызығын көріп, 92 жасында өмірден өткен.

Әжеміз үш бала туған. Біреуі кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Ал қызы 15 жыл бұрын көз жұмды. Бір ұлы бар. Ол — менің атам. Келін боп түскеннен бері әжемен бірге тұрамыз, 17 жыл болды. Әже ысырапшылдықты ұнатпайды. Үйдегі мата қиындыларын кәдеге жаратып, шағын көрпешелер құрап тастайтын. Үш жыл бұрын қала ішінде баратын жеріне өзі барып келетін. Қазір бұрынғыдай емес, үлкейгесін өздігінен жүріп-тұруы қиындау. Коронавируспен де ауырып тұрды, қан қысымы бар, уақтылы дәрісін береміз, — дейді Сандина.

Жәкібай әже шөберелері Қасымхан, Саян, Әселдің аттарын өзі қойған. Өзінің айтуынша, өмірі көрмеген енесі түсінде аян беріп, үш баланың есімін атапты.

Маңдай терін сүртіп жүріп, адал еңбекпен өмір сүрген Жәкібай әже: «Елдің амандығы мен халықтың бірлігінен артық тілегім жоқ», — дейді. Ал шөберелері әженің дастарқан сайын бата беруден жалықпайтынын айтады.

Жай қолыңды жамағат, Алладан тисін шапағат! Бергеніне Алланың етіңдер, қалқам, қанағат. Қастарыңнан достарың қалмасын, арттарыңнан дұшпан шалмасын! Халыққа жаман нәрсе ешқашан болмасын. Аурудан Аллам құтқарсын. От пен судан, тіл мен көзден, ауру сырқаудан, жол азабынан сақтасын. Сендерге жасымды берсін! Мереке құтты болсын! Алдағы сайлау сәтті өтсін! — деді Жәкібай әже бізге де батасын беріп.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button