Мереке

Гүлжанаттың «Жакосы»

Шалқарлық келіншек 2 жыл бұрын қайтыс болған жолдасының құрметіне арнап дәмхана ашты. Қауылжыр ауылының тұрғыны Гүлжанат Алпамысқызы кондитерлік өнімдерді өндіріп, тәтті тағамдарын жергілікті тұрғындарға ұсынып отыр.

Оның өнімдері күн сайын сұраныста. Тұтынушыларға ұсынатын әр тағамының сапасына, дәмділігіне қатты мән беретін келіншектің бүгінде «клиенттері» көп. Кәсіпкерлікке бет бұруға ең бірінші жолдасының туған күні себепші болған екен.

Алғаш рет отағасының туған күніне арнап торт пісіреді. Оны жеп көрген құрбылары тапсырыс береді. Сөйтіп, Гүлжанаттың қолынан шыққан тәтті тағамдар ауыл дастарқанынан түспейтін болады. Ол үнемі ізденісте жүріп, тәтті тағамдардың бірнеше түрін үйренеді.

Сөйтіп жүріп «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы 580 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, кондитер бөлмесін ашты. Бұған жолдасы қолдау көрсетеді. Гүлжанат Шалқар қаласында туып-өскен. 2013 жылы тұрмыс құрып, Қауылжыр ауылына келін боп түседі. Алайда жұмысы енді жанданып келе жатқанда үлкен қайғыға душар болады. Аяқастынан жолдасы Жансерік қайтыс болып, Гүлжанат 3 баламен жалғыз қалады. Тағдырдың қатал сынағына мойынсұнудан басқа амалы қалмаған келіншектің ендігі мақсаты — балаларын ешкімге жәутеңдетпей, тарықтырмай өсіру. Күйеуінің отын өшірмей, оның құрметіне шағын дәмхана ашып, есімін қояды.

Марқұм жолдасым Жансерікті «Жако» деп еркелетіп атайтынмын. Екі жыл бұрын күтпеген жерден қайтыс болды. Оның аты өшпесінші деп «Jako food» деген дәмхана аштым.  Онда фастфудтық тағамдар дайындалады. Мерекелік кештер, туған күндер өтеді. Қасымда екі қыз бала бар. Әзірге үшеуміз үлгеріп жүрміз. Қауылжыр — 250-дей үйі, мыңнан аса тұрғыны бар үлкен ауыл. Әр сенбі, жексенбі сайын тағам түрлеріне тапсырыстар түсіп жатады. Дәмхана күн сайын ашық тұрады. Ауыл тұрғындарының талғамы да, тұрмысы да қаламен бірдей. Сондықтан қай нәрсені де тұрғындардың көңілінен шығатындай етіп дайындауға тырысамыз. Ауылдық жерлерде демалатын қызмет көрсету орындарын көбейту керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта бизнесімді кеңейткім келеді, — деп жоспарларымен бөлісті кәсіпкер Гүлжанат Алпамысқызы.

Оның ұстанымы — үш баласын еңбекке баулып, оқытып, үлкен азамат қылып өсіру. Әкенің ізін еңбекқор ұлдары жалғастырып, ауылды көркейту жолында қызмет етеді деген үмітті арқалап отыр. Гүлжанаттың Жакосының есімін отбасы осылай есте сақтамақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button