Мәдениет

Ақынға құрмет көрсетті

Әдеби кеш

Ақтөбеде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауовтың 70 жасқа толуына орай «Ардагер азамат, ардақты ақын» атты кездесу кеші өтті.

Кеш С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды.

Алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова сөз алып, мерейтой иесін құттықтады.

Нұрлыбек Қалауовтың 70 жылдық мерейтойы — біз үшін биылғы көктемнің шуақты, айтулы оқиғаларының бірі. Нұрлыбек Қалауов тәуелсіздік жылдарында өңірімізде мәдениет саласының, соның ішінде айтыс өнерінің дамуына айрықша үлес қосты. Сол еңбегіне орай ақынның мерейтойына арналған шараларды жыл бойы жалғастыруды көздеп отырмыз, — дей келіп, ол кеш иесіне өзінің игі тілектерін жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

Белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ертай Ашықбаев өзінің құттықтау сөзінде:

— Нұрлыбекті қалың оқырман «Таразы жүрек» және «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптары арқылы танып, құрметтейді. Ал оның Сары Батақұлы мен Қызыл Тұрдалыұлы туралы зерттеулерінсіз туған өңіріміздің өнер шежіресінің кей парақтары жетіспей тұрғандай болар еді, — деді.

Сондай-ақ ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің Нұрлыбек Қалауовтың мерейтойына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Асан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ж.Айжан, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі О.Кәметияұлы, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, өз лебіздерін жеткізді.

Кеште  ақынның өлеңдері оқылып, Қызыл Тұрдалыұлының әндері орындалды. Кешті ән-жырмен көркемдеуге Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері, көпсалалы «Тарлан» колледжі мен №40 мектептің оқушылары атсалысты.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button