Мәдениет

Ойылдың заремасы

Биыл қазақтан шыққан тұңғыш балерина, атақты биші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толады.

Қазақ балет өнерінде өшпес із қалдырған Нұрсұлу Тапалованың есімі өткен ғасырдың 80-90 жылдары ақтөбеліктер арасында аса көп айтыла қоймаған-ды. Оған бірнеше себеп болғаны анық. Нұрсұлу ауылынан Алматыға ерте, балалық шағында кетті. Опера және балет өнері жанрында өнер көрсетіп, балет артисі болды. Ол кезде жас бишінің ауылмен аралас-құраласы аз еді. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, сахнада өнер көрсетуді де ерте қойды. Бишінің кәсіби ерекшелігі осындай. Бәлкім, содан да болар, Нұрсұлудың есімінің аса көп айтылмағандығы…

Нұрсұлу Тапалова туралы алғаш рет Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып жұмыс жасап жүрген жылдары естідім. Ақтөбеден шыққан таланттарға қолдау көрсету мақсатында атқарып жүрген істерімді білетін досым, Қазақстанның халық артисі, иллюзианист, Алматыдағы республикалық қуыршақ театрының сол кездегі директоры Сұлтанғали Шүкіров айтқан еді ол туралы.

Қоғам алмасып, өнер мекемелерінің басшылары ауысып, бишінің өнері туралы білетін әріптестері азайып, үлкейіп қалған Нұрсұлу апайды Алматыдағы Көк базардан жиі көретінін, оның еңбегі, өнері туралы толғанып айтып еді.

Сол сәттен бастап мен Нұрсұлу Елубайқызы жайлы деректер жинауға кірістім. Алматыға мәліметтер жинауға арнайы мамандарды жібердім. Біраз құнды мағлұматтар жиналған соң Нұрсұлу Тапалова атында жүлде тағайындай отырып, би ансамбльдерінің облыстық байқауын өткізуді жоспарладым. Осылайша байқау ережесі жасалып, Ақтөбе облыстық халық шығармашылығының сол кездегі директоры Нұрлыбек Қалауовқа тапсырма берілді. Облыс орталығынан, аудандардан келген би ансамбльдері Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен байқауға үлкен даярлықпен, қызығушылықпен келіп қатысты. Жоғары деңгейде өткен іс-шараға қазылық еткендерді белгілі хореограф Полина Озерная бастап келді. Тәжірибелі мамандар байқауға қатысушылардың өнеріне,  орындаушылық шеберліктеріне, дайындықтарына қатысты пікірлерін айтып, риза болып, жақсы бағалады. Мысалы, Байғанин ауданынан келген «Бұрымды» би ансамбліне, оның жетекшісі — жас хореографтың жұмысына қатысты жақсы пікір айтылғаны есімде қалыпты.

Осы байқау өткізілерде қаржының жоқтығы, би ансамбльдерінің келуіне қатысты қиындықтар туралы пкірлер айтылды, дегенмен қалайда осы іс-шараны өткізуге бел буғасын барлық мүмкіндікті қарастырдық. Байқау жоғары деңгейде өткізілді. Содан бері Нұрсұлу Тапалова атындағы би байқаулары дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастады. Бүгінде облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы орталығының мұрындық болуымен байқау республикалық дәрежеде өткізіліп келеді. Нұрсұлу Елубайқызы Тапалованың есімін ұлықтау, өнерін, өмірін насихаттау осылайша басталған еді.

Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген. Талапты қыз бала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге қызығып,  көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады.

1934 жылы жаңа құрылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Алматыдан Ойылға гастрольмен келеді. Ұжымды ұйымдастырушы және басқарушы Ахмет Жұбанов бастап келген өнерпаздар ойылдықтарға үш күн рухани ләззат сыйлап, ауылды думанға, мерекеге бөлейді. Аталған ұжымының ауылдағы сапары кезінде ауыл балалары да өнер көрсетеді. Олардың ішінде талантты жазбай таныған Ахмет Жұбанов 11 жастағы Нұрсұлуды өнер деген үлкен салаға бағыттап, кәсіби білім алуға жол сілтейді. Мектепте би үйірмесіне қатысып, ауыл сахнасына шығып жүрген Нұрсұлу атағы дүрілдеп тұрған қазақтың атақты әншісі Күләш Байсейітова мен биші Шара Жиенқұловалар жүрген ортаға жетуді армандайды.

Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар байқауында іріктеуден өткен 13 жасында Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры жанындағы би мектебіне түседі. Онда Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Шара Жиенқұлованың көмегін көреді. Биші болып қалыптасуына А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің әсері тиеді. Балетмейстер А.Александровтың шыңдауынан өтеді. Оқытушысы және театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков талапты жастың талантын ұштап қана қоймай, Москва және Ленинградтағы хореографиялық училищенің біріне оқуға барып, ұлттық би бөлімінде білімін, шеберлігін жетілдіруге кеңес береді. Бірақ Нұрсұлу театрдан кетпейді, кәсіби білімі болмаса да, табиғатынан талантты болып туған ол театрдың балет бишісі болып шыға келеді.

Еңбек ете жүріп А.Александровтың жетекшілігіндегі театр студиясында оқиды, кәсіби біліктілігін арттырады. Театр басшылығы жас бишіге кейде жеке билерді орындауды тапсырады. 1938 жылы қойылған алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр», одан соң «Қыз Жібек», қойылымдарында Нұрсұлу Тапалова Шара Жиенқұлованы ауыстырады. 1936-1938 жылдары опера және балет артисі, кейін жеке балет бишісі болып сахнада өнер көрсетеді. 1941-1953 жылдары опера және балет театрында прима-балерина болып жұмыс істейді, тәжірибе жинап, шеберлігі шындалады.

Ұлттық операларда жеке билер орындайды. Репертуары Дариға («Көктем»), Зарема («Бақшасарай фонтаны»),  испан биі («Аққу көлі»), т.б. билермен толығады. «Киноконцерт», «Белая роза» және «Жамбыл» атты белгілі 20 шақты кинофильмге де түседі.

«Нұрсұлу Тапалова Зареманы классикалық даярлықсыз биледі. Оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты. Оның биін көріп отырып, биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлі классикалық би өнерінің толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшімен жеңе білді. Ол қиындығы мол ерекше тәсілдерді бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзік сезімдерін көрерменге айрықша жеткізе білді. Бұл биші нағыз ұлттың бағына жаралған», —  деп жазды «Менің балетім» деген кітабында халық артисі Болат Аюханов.

«Бақшасарай фонтаны» қойылымындағы Зарема — Нұрсұлудың сүйікті кейіпкері,  ең жақсы биі болды.

Жұртшылыққа танымал болған талантты биші үкіметтік концерттерде де сахнаға жиі шыққан. 1946 жылы 6 қарашада Қазан төңкерісінің 29 жылдығына арналған салтанатты концертте Л.Хамидидің «Қазақ биін», Рубенштейннің «Тореадор мен Андалузкасында» испан биін шабыттана биледі. Н.Тапалова И.Морозовтың М.Моисеев қойған «Доктор Айболитінде» және «Эсмеральда» балетінде шебер шынайы өнер көрсетті.

1941-1953 жылдары Нұрсұлудың бишілік шеберлігінің шыңдалып, атақ-абыройының өскен, аса танымал болып, аты дүркіреп шыққан жылдар болды. 1947 жылы 24 жасында «Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі» атағы берілді. 24 жасында (1947-1949 жылдары) Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Нұрсұлу Тапалованың тағдыр жолында талай бұралаң кездесті.  Тасадан тас атқандардың кесірінен театрдан кетуге мәжбүр болған биші 1953 жылы ән-би миниатюрасы жанрындағы эстрадалық салаға ауысады. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясына ауысып, Кеңес Одағы мен демократиялық республикалардың ән-би ансамблінің жеке бишісі болып өнер көрсетеді.

1958 жылы 22 наурызда әйгілі биші Қазақстан комсомолының IX съезінің делегаттарына арналған үлкен концертте «Махаббат вальсін» биледі. Мәскеуге жүрер алдында Н.Тапалова 1958 жылы Алматының сол кездегі Ленин атындағы мәдениет және демалыс паркінде концерт қойып, ұйғыр биін, Б.Байқадамованың «Шаттық жырын», татар әні «Еркем», өзбек әні «Там басында», қырғыз әні «Кімге айтам?», «Су тасушы қыз» әнін, «Махаббат вальсін», әзірбайжанның халық әні «Джуджәләрімді», «Бозжорға» биін, осетиннің «Лезгинкасын» орындап, әр ұлттың өнерін көрерменге маржандай тізіп берді.

1958 жылы Нұрсұлу Тапалова Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Өзіне бекітілген рөлді кәсіби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған тал шыбықтай бишісін сол сапарда әлем таныды. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Нұрсұлу бишінің көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін одақтас  республикалардың, орталық баспасөздердің жарыса жазып, кеңінен дәріптелді. Әсіресе Әзірбайжанның ұлттық биі «Джуджәләрімді» үйіріп әкеткенде, қазақ бишісінің асқан шеберлігіне талайлар таңқалды.

Қазақ өнерін дамытуға үлес қосқаны үшін онкүндіктен оралғаннан кейін Н.Тапалова «Құрмет белгісі» орденімен, 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, грамоталармен марапатталды.

1960 жылы «Қазақ концерт» гастрольдік-концерттік бірлестігі ашылғанда әйгілі биші осы ұжымға ауысып, 1961 жылы Ғ.Құрманғалиев, А.Үмбетбаевтармен бірге Ақмола қаласында үлкен концерт берген. Ал Ж.Омарова, Р.Бағланова, Г.Ғалиева, П.Кононова, Ә.Есқалиевпен Мәскеу, Ленинград қалаларындағы мәдени шараларға қатысады. Сондай-ақ Л.Сүйіндікова, Т.Бүйрабаева, ерлі-зайыпты Серіковтер және Б.Мырзалиевпен бірге эстрада бригадасымен Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарына, Ақмола, Ақтөбе сияқты қалаларға шығып, өнер көрсетеді. Кейін өзінің эстрадалық квинттегі Х.Абугалиева, А.Макагонова, Ю.Морфесси, С.Кабигожина, Р.Жуниманов секілді артистермен гастрольге шығып, республиканың түкпір-түкпіріндегі көрермені алдында өнер көрсетеді.

«Нұрсұлу мейірімді болғанымен, өзінің концерттік бригадасындағы тәртіпке қатаң қарайтын еді», — дейді бишінің бригадасында болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сара Боранбаева.

«Нұрсұлу Тапалова — қазақ ұлттық биінің де нағыз шебері. Оның қазақ операсында, әсіресе «Біржан мен Сара» операсының бірінші актісі мен «Ер Тарғын» операсының соңғы актісіндегі биі ерекше шықты. Ол билеген сиқырлы сахнаға қарай бергің келеді», —  деп жазды Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Болат Аюханов.

1975 жылға дейін сахнада өнер көрсеткен шебер биші қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс, т.б. халықтардың ұлттық билерін сахнада керемет орындады. Қазақ биі «Бозжорға», қырғыз биі «Жылқышы», өзбек биі «Алтын көл»,  армян биі «Сори ахчик», «Ер тарғын » операсындағы Алтынай, орыстың лирикалық биі, шығыс биі, испан биі «Пасадобль», т.б. әсем билерді шәкірттеріне үйретеді.

Нұрсұлу туа біткен талантымен қатар, Алла берген асқан сұлулық иесі де болған. Бишінің қызы Тоты анасы Нұрсұлу туралы былай дейді: «Небір мықты қылқалам шеберлері қазақтың сұлу қыздарын саларда менің анамның сымбатты мүсінімен салыстыра қарап алып барып кірісетін еді».

Ерлі-зайыпты Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалова қазақтың біртуар өнер қайраткері Ш.Айманов, Н.Тілендиев Ғ.Құрманғалиев, А.Жұбановтармен бір сахнада өнер көрсеткен, Б.Момышұлының, Б.Байқадамовтың, т.б. отбасымен дос болып, араласып өмір сүрген.

Нұрсұлу Тапалова — сахнаның көркі, сұлу да сылқым, ерке биші болса, оның жұбайы Шоқыр Бөлтекұлы —  қазақ боксының атасы. Олар Айсұлу, Тоты атты екі қыз тәрбиелеп, өсірген.

1992 жылы бишінің ғұмырлық жары, қазақ боксының атасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ Шоқыр Бөлтекұлы өмірден өтті.

Қазақ биінің, ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға Нұрсұлу Тапалова 1998 жылы 13 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды.

Дағдарыс жылдары қазақтың екі атақтысының — бокс және балет өнерінің қайраткерлерінің — басы қарайтылмай қалған еді. Сол олқылықтың орны толды, түзетілді. Маңғыстаулық боксшы-намысшыл азамат жігіттер жиналып, бастамашылдықпен ерлі-зайыпты Шоқыр Бөлтеков пен Нұрсұлу Тапаловаға Алматыда Кеңсайда мрамордан келісті, көлемді, көрнекті етіп ескерткіш белгі қойды. Оған екі тұлғаның есімі қатар жазылып, атқарған еңбегі, өмірі туралы деректер келтірілген. Алматыда Құран оқылып, ас берілді.

Дүниежүзіне танымал балет шеберлері Галина Уланова мен Майя Плисецскаялармен өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театры сахнасында бірге өнер көрсетіп, гастрольдік сапарда бірге болған, ұлттық хореографияның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосқан ірі тұлға, балерина Нұрсұлу Тапалова Ш.Жиенқұловадан кейінгі би әлеміндегі ірі тұлғалардың бірі болды. Сахнадағы 39 жылғы таза еңбегімен қазақ мәдениетінің алтын қорына зор үлес қосқан дарынды биші жөнінде ізденіп, өмірі мен өнерін зерттеп, насихаттаушылар бар.

Қазіргі таңда халықтық би ұжымдары арасында Н.Тапалова атындағы республикалық байқау жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіндегі музейде Н.Тапалованың фотолары, ол туралы азды-көпті деректер жиналған. Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатында әйгілі бишінің елуінші жылдары түсірілген билерінің таспалары сақталған. Ақтөбе облысының Ш.Берсеев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлкетану музейінде Н.Тапаловаға арналған арнайы экспозиция жасақталып, деректер жинақталған, тұтынған заттары экспозицияға қойылған.

Биыл Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толуына орай облыс әкімдігінің қолдауымен түрлі шаралар өткізіл еді. Бүгінде  облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы орталығы бұл шараны мазмұнды, әсерлі және кең көлемде атап өтуді жоспарлап, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Н.Тапалованың өмірін, өнерін насихаттау, кейінгі ұрпаққа өнеге ету Ақтөбе өңірінде би өнерін дамытуға екпін береді. Ең түпкі мақсат — осы.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button