Әдебиет

Құс жолы

Жанна ЕЛЕУСІЗ

Құс жолы

Баяғыда… шыққанбыз біздің осы Көшеге,

Жылдар өтті қаншама? Күндер өтті нешеме…

Жарақаттап жүретін жерге соғып… тізені,

Өлеңім де өзімдей бір Жапырақ Қыз еді!

Күздің мұңын колбада өсіреді қай Көктем?

Көше бойы тағдырлар сығалайды әйнектен.

Көріп қоям, Құдай-ау, дәл солардың мен несін?

Бір сезікті жұлқынып, жауып жатыр пердесін…

Сынды ма екен үміттен запы қылған талайғы?

Бір жалғыздық мен жаққа жалтақ-жалтақ қарайды…

Болсын қанша ауқымды, болсын қанша көлемді!

Аяп кеттім дүкенде өтпей тұрған өлеңді!..

Құлақ табар керегін, табар ертең көз Жоғын.

Бұл көшеде бар менің қайталанбас өз Жолым!

Қинай берсін басқаны атақ үшін қинаса…

Кетер Жырым Көкке ұшып! Көшесіне сыймаса…

Гүлімай ӘБІШҚЫЗЫ

…Мөлтең-мөлтең мұз астында

мұқабасыз жүз дастан.

Елеңдейді елік көктем

ебін тауып із басқан.

Алаңқайым аңқалаған

алдыртқандай тұзды астан,

терек қана ерек, дана

есепке рең бұзбас, паң.

 

Үлпілдектен үкі тағып,

ұлпа шашпақ мұратпен,

аспан жаққа ұзатылған

ақ желекті бір əпкем.

Кимешекпен келер ме еді

көрпе ұлғайтпай жүр, əттең…

Мамығына малындырып,

үп етсе ғой бір-ақ дем..

Көктен түсер сүйіншіге

Көрісер ем жылап мен.

Алақұйын құйғытар ма ем

айқай боран — құр атпен.

Алақайлап жауып па ең, қар,

əлде аңдамай құлап па ең?

Жауғаныңда — бір жұбаныш,

Ерігенің — бір əттең.

Əттең…

Нұрлыхан АЙТОВА

Өмірдің жайы

Жүрекке салмақ түскені —

Біреулер үшін күш кені,

Біреулер үшін тұңғиық

Қап-қара үрей піспегі.

Тірегің — төзім!

Таңдауың қайсы? Қош, әні,

Қалаулы жолың тосады.

Соңыңнан біреу ерсе де,

Ғұмыр — із, жалғыз жосады.

Серігің — өзің!

Сүріну, құлау мүмкінде,

Тұруға қайта іркілме.

Мақсатың барда, адамсың,

Жетпесең, жетпе бір күнде.

Үмітке таян!

Бағдарың — меже, тоқтама,

Салынба барға, жоққа да.

Тәніңе қарттық уақыттан,

Жанға дақ — арман жоқ сана.

Өткеннен баян!

 

Арманнан теріс айналма,

Жегі тірлікке байланба.

Жақынға тимей қайырың,

Алыстан арбап пайда алма.

Пейілің төр ет!

 

Мейірге тұндыр жанарың,

Жақсылық болсын бағарың.

Жалғанды тастап, жантайсаң,

Махаббат үзіп аларың.

Өзгесі өлед!

 

Не көрсең де енді, өзіңнен,

Ойыңнан да, ойсыз сөзіңнен.

Басталу — біту: қайталау —

Көз ашқан ара, көз ілген…

Өмірдің жайы.

Гүлжаһан ТӨРЕХАНОВА

Өмірге сыр…

 Сарша тамыздың сағынышындай

сарала қаздың қаңқылы.

Жел жұлып түскен жапырақтан да

Жаз айтқан бір мұң аңқыды.

 

Шырын сәттердің шырайы қалмас,

мезгілі өтіп кетсе егер.

Өзіңе деген іңкәр сезімді

Жапырақ хаттар дестелер.

 

Өзіңе деген өкпем жоқ түк те,

Мөп-мөлдір айдын көңілім.

Бұйрабас Жаздан байыпты Күзге

беттеген, менің Өмірім!..

 

Өзіңе деген тек мөлдір тілек.

Өкінішім де жоқ менің…

Қайтемін еске ап кей ессіздердің,

өзектен кейде тепкенін?!.

 

Өтіпті жылдар өресі барға

Ұқтырып Тағдыр өрнегін.

Өмірім менің, Тәңірім берген

Аманатымсың, сен менің!

 

Аманатымсың, Алланың сыйы,

адал болуға тиіспін.

Жұмақ бағымда ойнап жүр шалқып,

періштелері пейіштің.

 

Құлазып кетсем, құлатпас демде

былдыр да былдыр ән кернеп.

Жалғастық заңы, жақсы едің қандай

Жаһаннан қалған мәңгі өрнек.

Гүлжайнар ҚАЛДИНА

Ауыл қалды

Қарлығашы даланың,

Тілерсегін құм сүйген.

Қалаға кетіп барамын,

Көңілсіздеу бір күймен.

 

Жыр төгіліп жүректен,

«Жансам» деген жан дауыл…

Құмнан тірлік түлеткен,

Қарашықта қалды ауыл.

 

Қиялыма жаңадан

Құятындай қала нұр.

Сағындырып, оралам,

Сары құмдар…

Сары адыр.

 

Арманымды қолдайсың,

Кетіп барам, алаң қып.

Неге ауылда болмайсың

Мен іздеген мамандық?

 

Мені іздеген адамдар

Сары құмның ішінде.

Батасымен маған нәр

Береді ылғи түсімде.

 

Ести қалса, мен жайлы

Елең етіп, мақтайтын.

Алдыменен сен жайлы,

Мен жырлайын, Аққайтым!

Мен айтайын, Аққайтым!

Индира КЕРЕЕВА

КӨГЕРШІНІМ

Көгершінім…

Сырласам деп келіп едім таяп мен,

Ұшып кеттің…

Түсінбейсің ғой, әттең..

Екеуміздің тағдырымыз тым ұқсас,

Екеумізде ойлар басым, саят кем.

 

Қос бұтағы біздер өмір-теректің,

Екеумізге бұйырған ба ерек мұң?

… Сен алдыңғы аяғыңды қанат қып,

Мен алдыңғы аяғымды қол еттім.

 

Қашпа менен, үрікпеші текке енді,

Біз қалайық мәңгілікке боп белгі.

Сен көшеде күтіп жүрсің көктемді,

Мен көшеде еске аламын өткенді.

 

Мені қойшы,

Сен салмашы қапаста ән,

Жерге сыймай жүрмін,

Саған жат аспан…

Үнсіз ғана тереземді қағып ап,

Мәңгі мұңдас болуға шарт жасасқан

Көгершінім…

Кетпеші…

Жұлдыз ҚАЗИХАН

Ғұмырыма өлшеп берген бақ қанша?

Жақсылықты жырлаймын деп жақ талса.

Ақын үшін арман сол ғой бір сөзі

Бір жүректің түкпірінде сақталса.

 

Жүректегі гүлдегенде нұрлы үміт,

Сен келесің айналамды гүл қылып.

Ару үшін арман сол ғой шын сүйген

Алақанда аяласа бір жігіт.

 

Саған жазған өлеңімде бар шындық,

Біз қаншама қайғы-мұңды қаусырдық.

Қаталдыққа қарсы тұрып, ақыры

Адалдықтың шуағына малшындық.

 

Өлеңдегі өмір басқа, өң басқа,

Өгей əлем айналмайды жолдасқа.

Мені арманға алып кетші, алтыным,

Сені сүйген жүрегіме мөр бас та.

 

Ғұмырдағы несібем де өлшеулі,

Сен сүйесің, бола алмаспын мен шерлі.

Өмірімнің өзегіне айналған

Өлеңімнің кейіпкері ең соңғы.

Балагүл БАКИЕВА

Ұзату

Ырыс-құтқа толтырып қазанымды,

Қыркүйек кеп, қыздырды базарымды.

Уақыт — құда қолқалап қоймаған соң

Қимастықпен ұзаттық Жаз-Аруды.

 

Жаз-Арудан көрмеген теріс қылық,

«Бəрі жақсы болар» — деп, сеністі жұрт.

Күз-жеңгейдің сандығы — береке ғой,

Жасауын да жіберді келістіріп.

 

«Сыңсу» айтып, сарғайтып шат даланы,

Тамызсұлу тамылжып аттанады.

Күз-жеңгейді алтынға малындырып,

Уақыт Жазды ұзатып ап барады.

 

Сары көйлек кигізіп бізге кілең,

Сап құрды да тырналар тізбегімен.

«Құстар əнін» шырқатып аққу-қаз да

Құдалыққа аттанды іздерінен…

 

«Қош» делік біз, осылай жазған болса,

Жаз кетті деп Уақытқа назданғанша,

Аман-есен жүрейік, Қыс-көкемнің

Көктем-қызы бой жетіп,

Жаз болғанша!

Құндыз ЖҰБАЕВА

Неткен төзім, неткен төзім шынар түп,

Бiр үміттi күткен болып күн арты,

Сiздi қимай,

Тағы алданам Өзiме,

«…Ол да Мұңнан қашық емес шығар…» — деп.

Мен сүйiнген Сөздi бiреу ұғар деп,

Жанарыңыз бiреудi өртеп тынар деп,

Мұң үрлеген қырық құрақ көңілге,

Қызғаныштан қырық атан жүк артып,

Сiздi ақтаймын…

Тағы алданып Өзiме,

«Сағыныштан қашық емес шығар деп…»

Жер де орнында,

Сiз барда Аспан, мынау — Көк…

Тас басында таудай сезім мұнартып,

Тебiренсе…

«…қырық құрақ көңілден,

Қауызына көбелектің қанатын,

Қондырмастан солып кеткен гүл артық»

— дей алмаған,

Осы хұсни жүрекпен,

Сiздi ақтаймын,

«Сүйсе… сүйген шығар» деп…

Сымбат АРЫНОВА

Қайдасың, көктем?

Көктемім қайда екенсің?

Қыс өтті қанша…

Кеп қалған май ма екен шын

Құс өтті қанша…

Жазға да жетер ме екем…

Мендегі сабыр

Аз ғана.

Өтер ме екен

Уақыт-қадір?

 

Иә. Ләббай деп өтеді.

Сонсоң баяғы,

Қоңыр күз кеп жетеді.

…Қыс та таяды…

 

Әр қыста — бір жас — мұңдас.

Өмір бір кем де.

Боп жүрмін жыр-қасқырға ас

Күн мен түндерде.

 

Ғұмыр, ә?

Асат.

Тойдым.

Шүкір!

Өлеңнен

Құмыра жасап қойдым,

Кеп гүл берер ме ең?

 

Мен барып үлгермеген,

Әй, жасыл Меккем.

Маған бір гүл бермеген

Қайдасың, көктем?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button