Мереке

«Гүл сыйлайық әйелге…»

«Әйел адам гүлмен тең» дейді хакім Абай. Сұлуға гүл беру оның жанын жадыратып, қуаныш пен шаттық сыйлайды.  

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаламыздағы гүл сататын салондардың маңы да думанға толы болады  — бірі анасына, енді бірі жарына, тағы бірі құрбысына гүл іздеп, сабылып жүргендері. Аналардың, арулардың мерекесі нақ бір гүлдер мерекесі секілді…   

Біз қаламыздағы гүл сататын жерлерге барып, сөйлескен едік…

Мерекеде гүлге сұраныс көп

«Romantic» гүл дүкенінің Ақтөбе қаласында 9 нүктесі бар екен. Мереке қарсаңында Хромтау ауданының орталығынан тағы бір сауда нүктесі ашылады. Жас ақтөбелік кәсіпкерлер Марат Өтениязов пен Дмитрий Бондаренко алғашқы гүл дүкенін 2018 жылы ашқан екен.

— Біз гүлдерді Голландиядан алдырамыз. Гүлдер арнайы жүк көліктерінде белгіленген температурада тапсырысқа қарай жеткізіледі. Қабылдап алғаннан кейін гүлдерді 7 күн ішінде сатамыз. Әсіресе 8 наурыз қарсаңында гүлдерге деген сұраныс арта түседі. Мәселен, қазір бір тал раушан 800 теңгеден сатылып жатыр. Қызғалдақтың бір талы 700 теңге шамасында. Гүл балғын қалпын жоғалтпауы үшін арнайы тоңазытқышта сақталады.

Сатып алушылардың талғамы әртүрлі болғандықтан, сұранысқа қарай гүл түрлерін ұсынамыз. Маған ақ раушан көбірек ұнайды. Ақ түс тазалықты, ақылдылықты білдіреді. Ал қызыл түс — махаббаттың, сүйіспеншіліктің белгісі. Сондықтан гүл таңдаған кезде сыйлайтын адамыңыздың талғамын ескергеніңіз жөн, дейді «Romantic» гүл дүкенінің маркетологі Мәдина Сағынтаева.

Маркетологтің айтуынша, гүлге деген сұраныс артпаса, төмендеген емес. Мәселен, жуырда болашақ жарына ұсыныс жасау үшін қала тұрғыны 101 раушан гүлін сатып алыпты. 101 раушанның бағасы 80 мыңнан басталып, гүлдің сортына қарай өсе береді екен.

Көктем келсе, қолына қызғалдақтың түр-түрін ұстаған бозбалаларды көзіміз шалады. Олардың бар мақсаты жақындарын қуанту екені даусыз. Қазақ даласында қызғалдақтың сан алуан түрі өседі. Қазақстан қызғалдақтың Отаны саналады. Елімізде қызғалдақтың сан алуан түрі өседі, дейді ол.

20 жылын гүл саудасына арнаған…

Флорист Лаура Бегіманова оқушы кезінен гүлге құмар болғанын айтады. Ол кішкентай кезінен ата-анасына қолғабыс етіп, еңбекке ерте араласқан.

Мен флорист болып 20 жылдан астам жұмыс жасап келемін. Гүлді безендіргеннен ерекше ләззат аламын. Күн сайын «Romantic» гүл дүкеніне ер- азаматтарымыз көп келеді. Мен де олардың сұранысына сай гүлдерді сортына қарай таңдап, безендіріп беремін. Флорист ретінде гүлдердің ерекшелігін де айта аламын.

Мәселен, пион гүліне қарап сүйсінбеу мүмкін емес. Кейде қазақтар оны «сәлдегүл» деп те атайды. Бұл гүлдің емдік қасиеті бар. Ол жүйке жүйесін тыныштандырып, жақсы ұйықтауға көмектеседі екен. Пионды «император гүлі» деп айтады. Бір қызығы, оған арадан басқа жәндік жолай алмайды екен. Ол өте қымбат гүл болғандықтан, байлық пен танымалдылықтың белгісі саналады. Оны бір адамға жақсылық тілеу мақсатында сыйлайды. Бүгінгі таңда пион гүлін тойда қалыңдық гүлінің қатарына қосу сәнге айналған. Себебі ол —бақытты некенің, берекелі отбасының, мықты денсаулық пен адалдықтың нышаны, — дейді Лаура Бегіманова.

Флористтің айтуынша, гүл тез солып қалатындықтан, оның суын күн сайын ауыстырып тұрған жөн. Оған шекер қосып әлек болудың да керегі жоқ екен.

Егер сіздің алған гүл шоғыңыз үлкен болса, оны арнайы орамаға орап беруді сұраңыз. Гүлдің сабақтары жел соққанда сынып қалмауы үшін төмен қаратып ұстаңыз. Егер ауа райы суық болса, гүлдерді қалың орамаға оратыңыз, себебі гүл «тоңса», тез солып қалады, — дейді ол.

Зульзафардың Шоколадты құлпынайы

 Қазіргі таңда сұранысқа ие өнімдердің қатарында «Шоколадты құлпынай» букеті бар. Мереке қарсаңында осы өнімге тапсырыс берушілердің қатары анағұрлым арта түседі екен. Осы орайда қаламыздағы гүл дүкендерінің бірінде тәтті құлпынайдан жасалған өнімдерге тапсырыс қабылдап, сататын Зульзафар Сисенованың жұмысымен танысқан едік…

Кептірілген жемістерден гүл шоғын жасау екінің бірінің ойына келе бермеуі мүмкін. Ал Зульзафар болса сүйікті хоббиін кәсіпке айналдырып, жұмыс бастаған.

— Мен бала күтіміне байланысты үйде отырған кезде осы кәсіпті қолға алдым. Ресейлік тәжірибелі мамандардан оқып, шоколадты құлпынайды жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрендім. Алғашында бұл заттарым өте ме, өтпей ме деген қорқыныш болды. Аллаға шүкір, бағыма қарай кәсібім бірден жүре бастады. Мен кәсіп ашқан жылдары құлпынайдан жасалған букетті көпшілік біле бермейтін.

Қазір күніне 20-дан астам тапсырыс түседі. Өзім үлгермейтін болғандықтан бас кезінде үй ішімізбен жасап жүрдік. Отбасымның қолдауы мені жігерлендіре түсті, — дейді Зульзафар Сисенова.

Сұлулықты жаны сүйетін ол шоколадты құлпынайдың ерекшелігін де айтып берді.

— Шоколадты құлпынайдан жасалған гүл шоғын әзірлеу үшін кемінде жарты сағаттан бір сағатқа дейін уақыт кетеді. Шоколадтың арнайы сұрыптарын ғана сатып аламыз. Шоколадты құлпынайдың арасына раушан гүлдерін салып, гүл шоғын жасап беруімізді сұрайтын тұтынушылар да баршылық. Сондай кезде ең алдымен құлпынайдың дәмі кетіп қалмауы үшін оны арнайы орамамен ораймыз. Біз тапсырысты тек сол күнге қабылдаймыз. Өнім он екі сағат ішінде бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан құлпынай балғын дәмін жоғалтпауы үшін тапсырыс берушінің айтқан уақытына сай дайындаймыз, — дейді ол.

Зульзафар Сисенованың айтуынша, бір күнде 50 келіден астам құлпынайдан тәтті өнімдер жасалады екен. Ең алдымен, құлпынай жуылып, 40 минуттай арнайы құрылғыда кептіріледі. Содан соң ғана құлпынай шоколадтқа араластырылып, дайын болған өнімдер арнайы қорапшаға салынады. Шоколадты құлпынайдың бағасы өнімнің көлеміне байланысты 7 мыңнан 50 мың теңгеге дейін тұрады.

Зульзафар Сисенова кәсібін енді бастаған кезеңдерде оның өнімдеріне тапсырыс беруге күмәнданатын тұтынушылардың бар болғанын да жасырмады.

— Қазір «шоколадты құлпынайым» трендке айналды. Тұрақты сатып алушыларым көп. Айына екі миллион теңгеден жоғары табыс табуыма мүмкіншілігім бар. Ең бастысы, өзім секілді еңбекқор адамдармен жұмыс жасап, оларға еңбекақысын уақытында беріп отырмын, дейді ол.  

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button