БілімБасты жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ: Ақтөбе облысы ауыл мектептерін дамыту бойынша министрліктің базалық орталығына айналады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің облысқа жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында министр ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюды мақсат еткен «Білім ALL» бірегей жобасын өзге өңірлерге тарату мақсатында өткізілген республикалық семинар-кеңеске қатысты. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасын бекітті.

Ауыл мектептерін қолдаудың озық үлгісі

«Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» тақырыбында өткен республикалық ауқымды шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Сонымен қатар басқосуға еліміздегі білім басқармаларының басшылары, әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері және облыстағы шағын жинақты мектептердің мұғалімдері жиналды.
Өңір әкімі қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, педагогтерге, оның ішінде «Білім ALL» бірегей өңірлік жобасына атсалысып, ауыл мектептерінің білім сапасын көтеруге үлкен үлес қосып жатқан ұстаздарға ерекше ризашылығын білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жарлығы ауылдық аумақтарды дамытуға арналғаны белгілі. Ел Президентінің Жарлығы — ауылды көркейтуді көздейтін маңызды құжат. Мемлекет басшысы ауылды өркендету үшін барлық мемлекеттік органға тікелей тапсырма беріп, нақты міндет жүктеді. Ауыл мектептерін қолдау, ауыл балаларының білім сапасын арттыру үшін Ақтөбеден бастау алған «Білім ALL» жобасы — ауылды дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
«Білім ALL» жобасы аясында облыстағы 10 жетекші мектептің 35 үздік педагогі 120 шағын жинақты мектептің 10 мыңнан астам оқушысына онлайн режимде сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқаруда. Бүгінде шағын жинақты мектептерді, ауыл мектептерін қолдаудың озық үлгісі өз нәтижесін, өз жемісін беріп те үлгерді.
Жоба басталған кезде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығы 15 пайыз болған-ды, небары екі айдың ішінде ауыл мектептеріндегі білім сапасы 3,5 пайызға артты.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірдің орта білім беру жүйесін дамыту тәжірибесін жоғары бағалады.
— Алдымен осы ізгі іске ұйытқы болып, білім сапасын арттыру мақсатындағы тың жобаға бастамашы болған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлына алғыс айтқым келеді. Білімге көңіл бөлу — берекелі болашақтың кепілі. Ауылдағы шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыратын бұл жобаны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет. Ақтөбе облысы ауылдық мектептерді дамыту бойынша министрліктің базалық орталығына айналады, — деді Ғани Бейсембаев.
Министр бірегей жобаның қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жойып, сапаны арттыратынына, ауылдарда білікті кадрлар тапшылығы мәселесін шешетініне сенім білдірді.

Өңірлік жол картасы бекітілді

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасын бекітті. Бұл құжатқа Кemel Bilim білім беру орталығымен танысу кезінде қол қойылды.
Кemel Bilim білім беру орталығында өңір басшысы мен министр дарынды балалармен, сондай-ақ білім бөлімдерінің басшыларымен, өңір мектептерінің директорларымен кездесті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Оқу-ағарту министрлігі облыстық әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде білім беру жүйесін дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп жатыр. Бұған дейін Алматы және Астана қалаларының жол картасы бекітілді. Бүгін облыстардың арасында бірінші болып біздің өңір маңызды құжатқа қол қойды. Мұнда жоспарланған барлық іс-шара биыл басталып, келесі жылы аяқталады, — деді Ералы Тоғжанов.
Өңір басшысының айтуынша, жол картасы аясында көп жоба жүзеге асады. Облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында 35 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 20-сы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында еңсе көтереді. 55 білім беру нысанына кешенді жаңарту жүргізіледі. Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 18,3 мың орынға артады. 26 мектепке дейінгі ұйымда күрделі жөндеу, 285-інде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Балабақшалар мен мектептерде еңбек етіп жатқан 2500-ге жуық маман біліктілік арттыру курстарынан өтеді.
Балалар қауіпсіздігі де назардан қалған жоқ. Мектептерде 5500-ден астам, балабақшаларда 1500-ден астам бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру ұйымдары лицензиялық күзет, дабыл түймесі және турникеттермен толықтай жабдықталады.
Жиында сөз алған Ғани Бейсембаев Жол картасы өңірдегі білім беру жүйесінің барлық саласын қамтитынын тілге тиек етті.
— Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі әр өңірдегі білім берудің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған Жол карталарын әзірлеу және қабылдау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл сайын 6 мыңға жуық мұғалім біліктілік арттыру курсынан өтеді. Жалпы білім беретін мектептердің басшылық құрамының 60-тан астам өкілі «менеджмент» бағыты бойынша оқытылады. Бұл педагогикалық қауымдастықтың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді, — деді министр.
Жол картасы аясында басты басымдық берілетін саланың бірі — инклюзивті білім беру. Бұл саланы дамыту мақсатында өңірде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері желісі артып, инклюзивті қолдау көрсететін 14 кабинет ашылады. Арнайы психологиялық-педагогикалық көмек алу үшін берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі 1750 орынға артады.
Облыстағы барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған жаңа екі үлкен нысан бой көтереді.
Жол картасы облыс жастарының тегін техникалық және кәсіптік білім алуына да мүмкіндік бермек. Кәсіптік білім алуға ниетті жастардың барлығына да тегін білім берілетін болады. Колледждердегі педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артады, кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрлар мақсатты түрде даярланады. Жол картасы колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да септігін тигізбек. 1500-ден астам ТжКБ оқытушылары біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасы аясында 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары енгізіледі.
Сонымен қатар облыста студенттер жатақханасын салу, 4 колледжде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Өңір әкімі мен министр Жол картасын сәтті іске асыру, өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Балалар қауіпсіздігі — басты назарда

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірге жұмыс сапары барысында Жедел басқару орталығына барды. Онда министр орталықтың жұмысымен, атап айтқанда, білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен» және бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
— Біз үшін ең бастысы — балаларымыздың қауіпсіздігі. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Ғани Бейсембаев.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов министрге полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы:
Ақтөбеде 20 мектеп салынады

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесті.
Биылдан бастап елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғалы белгілі. Жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі шешу, мектептерді бірыңғай стандартпен салу. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Кездесу барысында өңір басшысы мен басқарма төрағасы осы жобаның біздің облыста қалай жүзеге асырылатынын жан-жақты талқылады.
— «Жайлы мектеп» жобасының арқасында Ақтөбе өңіріндегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешіледі. Біз өз тарапымыздан жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қолдаудың бәрін көрсетеміз, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button