Сайлау

Сайлаушылар 5 бюллетеньде дауыс береді

19 наурызда біздің облыстың сайлаушылары да еліміздің басқа 17 облысының тұрғындары сияқты 5 бюллетеньде дауыс береді. Ал мегаполистердің тұрғындары үміткерлерді 4 бюллетеньде дауыс беру арқылы таңдайды. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповбюллетень бланкілеріне қойылатын талаптар, бюллетень бланкісінің түсі мен мөлшері бекітілгенін хабарлады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бірінші бюллетеньде Мәжілістегі партиялық тізімдегі саяси партиялардың атаулары көрсетіледі. Екіншісінде— бірмандаттық округтен  Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер кандидаттардың, үшіншісінде — облыстық мәслихатқа сайланғысы келетін партиялардың, төртіншісіндеосы мәслихаттардың бірмандаттық округі үшін кандидаттардың тізімі ұсынылады. Бесінші бюллетеньде қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлердің есімдері жазылады. Бұл сайлауда сайлаушылардың ұсынылған кандидаттардың барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Әр бюллетеньде «Бәріне қарсымын» бағаны болады.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасыбюллетеньдердің түсі әртүрлі болатындығын, дегенмен оларды толтыру аса, қиын еместігін атап өтті.

— Бюллетеньдер бланкісінің барлығы екі жақты. Бюллютеньдер 16 кандидатқа дейін— А5 форматында, 16 кандидаттан асса қиылған форматта болады. Бірінші жағында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, бюллетеннің атауы жазылады.Ал екінші жағында белгі қоятын орын болады. Мысалы, Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерінің бланкісінің екінші жағында жеребеде айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары және «бәріне қарсы» жолы орналастырылған. Бұл бюллетеньнің түсі көгілдір болады. Ал бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге бланкінің екінші жағында мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты және «бәріне қарсы» жолы жазылған. Бұл бюллетеньнің түсі — жасыл. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерінің бланкісінің түсі қызылкүрең болып бекітілді. Бұл бюллетень бланкісінің екінші жағында жеребеде айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары, «бәріне қарсы» жолы көрсетілген.   Ал бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, сонымен қатар облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарының мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері бланкілерінің екінші жағында мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты және«бәріне қарсы» жолы көрсетіледі. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарын сайлау бойынша берілетін бланкінің түсі — қызғылт сары, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың мәслихаттарын сайлау бойынша берілетін бланкінің түсі сұр болып бекітілді, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын, Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының бір пайызын қоса алғанда, өңірлерге дайындауға және жеткізуге жататын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің саны — 12 152 876 дана.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button