Сайлау

Дайындық жұмыстары қарқынды

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс  сайлауының өтуіне санаулы күндер қалды. Осы ретте сайлауға дайындық жұмыстарын білмек болып Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Бисекеновке хабарласқан едік…

Ойыл ауданында аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 11 сайлау округі құрылған.

— Бүгінгі күні ауданда 9349 сайлаушы тіркелген. Ал сайлау учаскелерінің саны — 26. Учаскелік сайлау комиссиялары 24 ақпаннан бастап өз жұмыстарына кірісті.  26 ақпанда сайлаушылар тізімдерін алып,  олармен жұмыс жүргізді.Ал 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізіммен таныса алады, — деген Берік Бисекенов ауданда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатқандығын айтты.

— Өздеріңіз білетіндей, жергiлiктi атқарушы органдар кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыратын орындарды белгiледi. Сондай-ақ кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда  iлiп қоюға құқылы. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша кандидаттар тарапынан ешқандай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Үміткерлердің барлығы сайлау талаптары мен ережелерін жақсы біледі, — деді ол.

Ойыл аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 11 округтен 33 кандидат ұсынылып,  оның 33-і де тіркеуден өткен.  Орташа есеппен бір мандатқа  3 кандидаттан  келеді.

Берік Бисекенов сайлау кезінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруға  жағдай жасау бақылауда екенін айтты.

Аудан бойынша  мүгедектігі бар 25 сайлаушы тіркелген. Оның 12-сі арбаға таңылған. Көзі көрмейтін және нашар көретін төрт сайлаушы, құлағы естімейтін, нашар еститін 9 сайлаушы бар. Олардың барлығына барынша қолайлы жағдай жасалатын болады, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button