Денсаулық

Апитерапия: ара уы — ауруға ем

Бал арасының пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, фармацевтика, электротехника, авиация және ауыл шаруашылығында ара өнімі жиі пайдаланылады. Ал денсаулық сақтау саласында апитерапия, яғни арамен емдеу әдісі кеңінен қолданылады. Апитерапия тәсілі арқылы емдеу шетелдерде жақсы дамыған. Қытайда арамен емдеуге  2007 жылдан бастап заңды түрде рұқсат етіліпті. Ресейде жеке ауруханалар мен орталықтар бар.  Ал біздің елімізде бұл әдіс соңғы жылдары қолға алынды. Ақтөбе қаласындағы теміржол ауруханасының дәрігері Айсұлтан Құрманбаев Ресейдің Челябі қаласындағы халықаралық апитерапия орталығында оқып келіпті. Қазір дәрігер  алғашқы науқастарды қабылдап жатыр. Сонымен…

Апитерапия дегеніміз не?

Бал арасы халық медицинасында ерте заманнан-ақ кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі алты мың жыл бұрын Египет пен Үндістанның, үш мың жыл бұрын Қытайдың халық медицинасында араны түрлі дертке қарсы ем ретінде пайдаланған. Ал ара уының адам ағзасына тигізер шипасы ғылыми түрде ХІХ ғасырда дәлелденіпті.

Апитерапияның құрамына араның балы, прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы және емдік әсері өте күшті сүт кіреді. Ал ара уының құрамында адам ағзасы үшін пайдалы түрлі ферменттер мен аминқышқылдары және милитин бар. Арамен емдеу кезінде милитиннің құрамындағы 12 аминқышқылы, оның ішінде серотонин мен  гистамин ферменттері қан құрамына өтіп қабынуға қарсы әсер етеді. Адам ағзасында кездеспейтін кейбір  бейорганикалық қышқылдарды ара уынан алуға болады. У ағзаның ауруға қарсы иммунитетін күшейтеді. Жалпы, ара уы көптеген ауруға, оның ішінде ревматикалық полиартрит, артрит, ревматизм, жүйке аурулары, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрылыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холецистит секілді ауруларға бірден бір ем. Бұдан өзге гинекологиялық, тыныс жолдары және осы секілді өзге де  сырқат түрлерін емдеуге болады. Челябі қаласындағы халықаралық апитерапия орталығында  буын ауруынан жүре алмай келген, тіпті, түбегейлі сауғып кетуі қиын «рассеянный склероз» дертіне шалдыққан науқастың тәуір болып кеткенін көзіміз көрді. Орталықта оқып жүріп өзім де ем қабылдадым. Бұрын буыным ауыратын, қан қысымым жиі көтерілетін болса, қазір денсаулығым жақсы.

Жалпы, ара уымен емдеу арамен шақтыру арқылы жүзеге асады. Ара  ұясын бұзып ашуландырғанда немесе ұстап алған кезде болмаса, өзге уақытта адамды шақпайды. Және шаққаннан кейін бір-екі  сағаттан соң өліп қалады. Мәселен, маса бір адамнан кейін екінші адамды шағып малярия, энцефалит секілді аруларды таратса, ара бір рет пайдаланатын шприц секілді. Ара уын емдік мақсатқа қолданғанда ағзаға белгілі бір мөлшерде жіберіледі. Бір күнде он екі арадан артық шақтыруға болмайды. Егер адамды бір күнде  жүз ара шағатын болса, уланып қалуы мүмкін.

Бұл  емді қабылдауды  ниет еткен науқасты алдымен медициналық тексеруден өткіземіз. Өйткені адам ағзасына байланысты ара уы аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сондықтан емге келген азамат  қан және несеп талдау сараптамасынан өтіп, бауыр мен бүйрегін тексертеді. Егер аталған ағзалары ауыратын болса, ем жүргізуге болмайды. Инфекциялық және туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға да ара уы қолданылмайды. Ара уында ақуыз көп болатындықтан жұмыртқаға, сүт тағамдарына  аллергиясы бар жандарға да ем кері әсерін тигізеді, — дейді Айсұлтан Құрманбаев.

Ем алу кезінде науқастың ішімдік ішуіне қатаң тыйым салынады. Бұған қоса кофе, шоколад, цитрус жемістері, түрлі соустар, шалқан, шалғам, қызанақ, болгар бұрышы, асқабақ, банан, саңырауқұлақ, құлпынай, таңқурай, қой бүлдірген, шырғанақ майы секілді тағамдарды жеуге және В тобындағы дәрумендер мен никотин қышқылын қабылдауға  болмайды.

Айсұлтан Құрманбаевтың айтуынша,  ара дененің кез келген жеріне емес, белгілі бір  нүктелерге салынады. Ара шаққаннан кейін оның тұмсығындағы шанышқы инесі  денеде қалып қояды да  15 минутқа дейін дәріні ішке жібереді. Сонан соң арнайы қысқышпен ине алынып тасталынады.  Араның шаққан жері қызарып ісуге, шымырлап ауыруға тиісті.

— Ара уы арқылы ем жүргізбестен бұрын науқасқа алдымен сынама жасалады. Ол үшін бір араны шақтырып, көп ұстамай алып тастаймыз. Егер бір-екі сағаттан кейін араның шаққан жері 5 сантиметрден асып қызарса, ем жүргізуге болмайды. Ара уымен емдеудің бір курсы — 12-15 күн.  Бір күнде 8-12 –ге дейін ара салынса, бір адамға барлығы 80 ара қажет. Араны Шымкент қаласынан алдыртып, қаладағы омарташы жігітке бақтырып отырмыз. Қазір емдеу бөлмесінде  жүзден аса ара бар.  Алғашқы ем қабылдап жатқан науқастардың көңіл күйі жақсы. Емнің нәтижесіне көңіліміз толады.  Дегенмен, әзірге  ара уы мен балын ғана емге қолданудамыз. Егер мүмкіндік болса, алдағы уақытта  өзге өнімдерін де пайдалану ойымызда бар, — дейді дәрігер.

Айсұлтан Құрманбаев алдағы уақытта апитерапия еліміздің емдеу саласының бір тармағы болатынына сенімді. Өйткені қазір әлем елдері ара шаруашылығына баса назар аударып отыр. Әсіресе, ара балының радиция зардабын жоюға тигізер әсерінің күшті екенін білетін Жапония секілді мемлекеттер  осы саланы мықтап қолға алуда.

Аралар Алланы ұлықтайды

Айсұлтан Құрманбаевтың айтуынша, ара аналық, еркек, жұмысшы болып үшке бөлінеді. Олар топтасып тіршілік етеді. Мәселен, ара ұясында  бір ғана аналық ара мен  жүздеген еркек  және он мыңдаған жұмысшы аралар болады. Аналық араның  міндеті — жұмысшы араларға гүл тозаңы мен бал жинатып, ұя салдырту және  балапан құрттарды бағу болса, еркек араның міндеті — аналық арамен шағылысу. Ал ұя ішіндегі қара жұмыстың барлығын жұмысшы аралар атқарады. Негізінен емге жұмысшы аралар пайдаланылады. Олардың  өмір сүру ұзақтығы екі айға дейін созылады. Аралар бір маусымда екі мың жұмыртқа салады. Әр араның өмірге келгеннен кейінгі өз міндеті бар. Мәселен, үш күн аналықты тамақтандырса, үш күн өзге жұмысты атқарады. Ал одан кейінгі кішкентайлары осы тәртіп бойынша өсіп жетіледі екен. Олардың түйсіктерінің мықты дамығаны сондай, барлауға шыққан ара шырынды гүл мен шүйгінді шөпті тез табады. Ал өзге аралар барлаушының хабарын алғаннан кейін ұшып шығады. Ара балының шипасы туралы діни кітаптарда және  ежелгі Грекия мен Рим  жазбаларында кеңінен айтылса, ара — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өлтіруге тыйым салған бес жәндігінің бірі. Тіпті кей деректерде олардың ызыңдағаны Аллаға зікір, Пайғамбарға салауат айтқаны деген  мәлімет бар. Құранның «Нахл», яғни «Ара» деп аталатын сүресінде осы кішкентай жәндіктің пайдасы туралы айтылады. Демек, сүренің «Ара» деп аталуы да тегін болмаса керек.

Ара және ауыл шаруашылығы

Араның ауыл шаруашылығына және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға тигізер ықпалы көп. Өйткені олар өсімдіктерді тозаңдандыра отырып, топырақтың құнарлылығын арттырады. Аралар жайлаған алқаптың шөбі бітік шықса, бау-бақша өнімдері мен дәнді дақылдардың тоқсан пайызы бал араларының арқасында мол өнім береді екен. Алайда қазір ғалымдар  әлемде аралардың жойылып кету қаупі туып отырғанын айтып дабыл қағуда.  Себебі егіс алқаптарына улы химикаттардың жиі себілуінің салдарынан  бал арасы азықтанатын өсімдіктердің қатары сиреп барады. Сондықтан қазір дамыған елдер ара шаруашылығына баса назар аударып отыр. Мәселен, Канада мен Ұлыбританиядағы бал арасы шаруашылығы ассоциациясы осы саланы дамыту  үшін арнайы бағдарлама жасауды қолға алыпты.  Ал біздің елімізде аталған шаруашылыққа әлі де көңіл бөлінбей келеді. Ресми деректерге сүйенсек бал араларының саны жыл сайын азайып барады. 1990 жылдары елімізде 10 миллионнан астам ара болса, бүгінде соның 400 мыңы ғана қалған.

(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың, араға: «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!», – деп нұсқады. (Жаратылыс қабылет берді.) Сонсоң әртүрлі өсімдіктен же де, Раббыңның қолайластырған жолына түс!» Араның қарындарынан түрлі түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қаум үшін ғибрат бар. «(Нахл (ара) сүресі», 68-69).

«Емделудің үш түрі бар: әселмен (бал), қан алдыру, отпен күйдіру». (Хадис)

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button