Мәдениет

Республикалық жыршылар байқауы өтті

Байқау

Ақтөбеде облыс әкімдігінің қолдауымен «Қобыланды деген ері бар» атты республикалық жыршылар байқауы өтті. Шараны облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. 

Байқауда 16-40 жас аралығындағы 17 үміткер өнер көрсетті.Екі күнге созылған жыр бәйгесіне Наурызбек жыраудың шәкірті, жырау Өсербай Сәрсенбаев төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлиев, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин, республикалық байқаулардың лауреаты Өмірхан Жетесов, филология ғылымының кандидаты, доцент Мұхтар Миров, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі директорының орынбасары Жеңіс Елемесов болды.

Қазылар алқасы жыршылардың орындаушылық шеберлігіне, мақам-саз үндестігіне, шығарманың мазмұнын көрерменге жеткізе білумен қатар, сахна мәдениетіне аса мән берді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде  Альбина Сабыроваға (Батыс Қазақстан) бұйырды. Сымбат Жомартова (Ақтөбе)  I орын иеленді. Бекарыс Көштаев (Жамбыл), Бақыт Арыстанғалиева мен Дильназ Қуаныш (Ақтөбе) — II орын, Нұрайым Ерталапқызы (Қарағанды), Аружан Ерімова (Алматы), Самал Медеубаева (Ақтөбе) III орын алды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімінің жүлдесі жерлесіміз Ғани Қайроллаевқа, «Қобыланды батыр» атындағы жүлде —астаналық  Абдуррахман Естайұлына, «Жас жыршы» жүлдесі ақтөбелік Жанерке Құттығайға берілді.  Павлодар қаласынан келіп, қобыздың қоңыр үнімен жұртты өзіне ерекше баурап алған жыршы Жігер Бөкенге «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин ат мінгізді.

— Өткен ғасырдың 70-80 жылдары жыршылық дәстүр үзіліп қалып еді, жыршы Бақтыгерей  Сандыбаев Наурызбек жыраудан үйренген мақам-сазды таратып, Ақтөбеде жыршылық мектеп қалыптастырды. Сол мектептің алғашқы түлектерінің бірі — Әділбек Сарин. Ол қазір «Ер Едіге» жыр мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттер тәрбиелеп жатыр. Мен соған ризамын, — деді қазылар алқасының төрағасы Өсербай Сәрсенбаев.

Байқау соңында жүлдегерлер мен қатысушыларға Алғыс хаттармен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button