Мерей

Тағылымды өмір ізі

Ағалар салған із

Баланың дүние тануына, адам болуына өзінің туған жерінің, өскен ортасының әсері мол болатыны рас қой. Біздің кейіпкеріміз Елубай Қалиев — қыр баласы. Ойыл ауданының Сарыбие ауылында дүниеге келген.
Амандық болса, биылғы шілде айында сексеннің бесеуіне толады. Аталған ауылдың іргесіндегі әлденеше көлдер мен Жекенді өзеніне суға шомылып, тасы табаныңа бататын құмына аунап өсті. Оны соғыс жылдарындағы және одан кейінгі ауылдың өмірі ерте есейтті. Сол шақтағы өзінің бірқатар тұстастары сияқты, қабырғасы қатпай еңбекке араласып, малды ауылдың тірлігіне көндікті. Сол қалыпты бұзбай, басынан-ақ болашағын мал шаруашылығымен байланыстырып, мал маманы болуды қалады. Бұған бір-бірімен іргелес отырған үш ауыл — Қараой, Қаракөл, Сарыбие ауылдарында ұжымшар басқарған Сүйесін Тілеумағанбетов, Ідіріс Суқашев, Зейнолла Сағиев сынды алдындағы ағаларының да ықпалы аз болмаған сияқты. Ел алдында беделі зор осы ағалары сынды ұжымшар басқарып, күнкөрісі малға қараған ауылды жедел өркендетуге үлес қоссам деген арман көкірегіне ерте ұялағандай. Орта мектеп бітірген жасты Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына алып келген де сол мақсат еді.
Елубай 1963 жылы институтты бітіріп, ендігі еңбек жолын Берсиев атындағы шаруашылықта бас зоотехник болып бастады. Осында екі жыл жұмыс істеп, ауданда бірыңғай қой өсірумен шұғылданатын «Қайыңды» кеңшары ашылғанда жас маман жаңа істің басынан табылды. Табылып қойған жоқ, маңдай терін сыпырып жүріп, екі жылдың үстінде қыруар іс тындырды.
Кеңшарда, ауданда өтетін жиындарда істі біліп сөйлейтін, ойын ешкімнен қаймықпай айтатын, көзінде оты бар, батыл азаматты лауазымы жоғары басшылар да тани білді, жақын тартты.
Мұндай мал шаруашылығын бес саусағындай білетін маман ең бірінші кезекте ауданға керек-ті. Әсіресе аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі қызметіне таптырмайтын-ды.
Елубай Қалиев отыз жасында осындай аса жауапты қызметтің тізгінін ұстады. Сол тұста ауданда 12 мыңға жуық ірі қара, 335 мың қой, 7,5 мың жылқы болған екен. Жекенің шарбағында өскен мал мұның сыртында.

Зоотехниктің әңгімесі

Маманға қойылатын жауапкершіліктің қаншалықты ауыр болғанын бүгін де Елекеңнің өмір жолын еске алған әр әңгімесінен аңғарамыз.
— Қыстың жайлы болуы ол кезде сирек еді. Қар қалың түсетін. Апталап боран соғып, соңы аязды күндерге ұласатын. Көбіне қыстың басында мал шөпке қарайтын. Жылқы ғана тебінде болатын еді. Тіпті кей жылдары қыстың ішінде жаңбыр жауып, тебінді қатырып, мұздақ түсіп, жылқы табындарының да шөпке тұратын жағдайлары жиі кездесетін. Бір жылы қыстың ауыр болатыны басынан көрінді. Қыстың беталысының қиынға бұрылғанын аңдаған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев желтоқсан айының басында мені өзіне шақырды. Қыстың райын айта келіп, «Жемің, шөбің жете ме? Қыс ұзаған жағдайда аудандағы жеті совхоздың малы қыстан тарықпай шығатынына сенімдісің бе? Кепілдік бере аласың ба?» — деді. Мен хатшыға аудан бойынша қысқа түсетін малға дайындалған жемшөп қорының, оның әр малға шаққандағы нақты есебін алып, дайын келгенмін. Қағазымды жая бастап едім, хатшы: «Ол есеп белгілі ғой. Совхоздар сол есепті дұрыс беріп отыр ма? Сондай дайындалған мал азығы әр совхозда шын мәнінде бар ма?» — деді. Мен алты совхоздың қыстан қысылмай шығатынына еш күдігім жоқ. «Саралжын» совхозынан ғана қауіптенемін. Ол жердегі мал маманының білімі төмен, тәжірибесі аз. Ал шаруашылық басшысы былай білгір, жақсы адам болғанмен, ауыл шаруашылығы саласының маманы емес дедім. Бірінші басшы ойланып қалды.
Совхоздың директоры Тінәлі Толыбеков зейнеткерлік жасқа таяған еді. Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Белгілі партия-кеңес қызметкері. Еңбек жолын Түркістанда прокурор болып бастап, Алматы облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, осы облыстың Балқаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ақтөбе облыстық парткомиссияның төрағасы қызметтерін атқарған. Бәкеңнің жерлесі, қазалылық болатын. Қалай қабылдайды деп, қауіптеніп те отырғанмын. Бірінші хатшы менің пікірімді дұрыс түсінді. Көп кешікпей шаруашылыққа бас зоотехник болып тәжірибелі маман Ақмырза Мұхтаров тағайындалды. «Қыс ішінде ауданнан комиссия барып, жемшөптің қорына тексеру жүргізді, есеп дұрыс болып шықты…», — деп бір қайырды ол кезекті сөз желісін.
Ауыл шаруашылығының ардагері Елекеңмен әңгімелесіп отырғанда менің бір байқағаным, ол кездегі бірінші басшылардың кадрлардың жұмыс қабілетін тексеруі, тәрбиелеуі де ерекше екен.
— 1971 жылдың қысы да мал баққан ел үшін жайсыз болды, — деп жалғастырды тағы бір әңгімесін ол. — Даланы ақбаспай қар қымтап, апталап боран соғып, арасында аяз көтеріліп, аз күнде мал баққан ауылдарды қысып тастады. Алыс мал қыстақтарына жол жабылып, қатынау қиындады. Сондай бір боранды күндерде бірінші хатшы телефон соқты. «Елубай, ат-шанаң бар ма?» — деді салғаннан. Бірінші хатшы өзінің ықыласы құлаған адамдарды ғана есімімен атайтын. Соны білетін мен абдырағам жоқ. «Ат-шана жоқ. Бұрын екі совхозда қызмет істегенімде болды. Ауылшаруашылық басқармасы ат ұстамайды», — дедім. «Олай болса, аудандық партия комитетінің ат көлігімен шығып, мал қыстақтарын аралаймыз», — деді.
Айтқан уақытында әкімшілік үйіне келсем, аупарткомның атшысы көлікті дайын ұстап отыр екен. Қабылдап алып, атшының меңзеуімен бірінші хатшының үйіне келдім. Бәкең өзі шығып, «Ішке кір, түстік ішіп жүреміз» деді. Иманды болсын, ағамыздың өмірден өткеніне көп болды ғой. Зайыбы Қаракөз жеңгеміз бар, өткен жылы тоқсанға шықты. «Саптыаяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген, қазірде де тіп-тік, келісті. Ол кезде тіпті ажарлы келіншек, шай құйып, қолынан түстік іштік. Хатшы ағамыз кәдімгі асқан етті үлкен фарфор кесеге құйдыртып, лапшалап ішеді екен. Жеңгей маған да солай әкелді.
Жақсы ауқаттанып, далаға шықсақ, боран соғып тұр. Ызғырық желмен аяздың да күші сезіледі. Бәкеңнің үстінде қайырма жағалы қасқыр ішік, басында түлкі тымақ, аяғында ішіне тері ысырып тіккен, қонышына дейін келетін саптама етік. Мен де тоңбайын деп барынша жылы киінгенмін: аяғымда байпақ, үстімде тон, басымда жақсы құлақшыным бар. Атқа жеңіл кәшаба шананың төріне хатшы жайғасты да, делбе ұстаған мен ат айдаушының орынтағына бір аяғымды астыма басып, екінші аяғымды сыртқа жіберіп отырдым. Бала күнімнен ауылда арба, шана жегіп, ат айдап өскенмін ғой, малдың жағдайын жақсы білемін.
Ол кезде елді мекендердің арасын жалғастыратын көтерме жолдар әлі салынбаған. «Сегізсайдан шыға алсақ, әр жағын амалдауға болар еді» деп ішімнен ойлап келемін. Айтқандай, Сегізсайдың шығар қабағын қар басып тастапты. Жайшылықта да, атпа тік жолдың қабақтағы енді жапқан күртік қарына тірелгенде, шанадан түсіп, атты жетектеп ілгері тартып едім, қос аяқтап орғып, қасат қарды жарып, қырға ытқып шықты. Аттың әлді екенін бұрыннан білетінмін. Берсиев атындағы совхозда бас зоотехник болып жүргенімде осы ат қолымда болған еді. Кейін аупарткомге алған. Ат бұрынғы бабында тұрғандай көрінді.
Құрманов атындағы совхоздың Аманкелді аталатын фермасының мал қыстақтарын аралап келеміз. Бір-екі қыстақтан өтіп, үшіншіге жақын қалғанда, аудан басшысының малды ауылда жүргенін енді естіген совхоздың мал мамандары да ентігіп жетті. Шанадан, аттан түсе қалып аман-саулық сұрасқан кезде, совхоздың бас мал дәрігері айналып, хатшының ық жағына шыға берді. Мұны аңдаған хатшы: «Сен неге бір орында тұрмайсың?» — дегені. Сонда барып маман «Түстік кезінде барған үйіміз қонақсыңдар деп ұсынғасын бір-екі стақан ішімдік ішіп қойып едім», — деп мойындап, кешірім сұрады. Ат құлағы көрінбейтін боранда ауданның бірінші басшысы сап етіп түкпірдегі малды мекенге келе қалар деп ойламаған болу керек. Бұдан құтылғанмен, малға жауапты мамандар отар басында ойламаған жерден ұсталды. Аулада шөптегі саулық қой отарының жай-күйін көріп тұрғанбыз. Шопан да, совхоздың, ферманың мал мамандары да жанымызда. Бәрі жақсы, шаруа да тиянақты баяндалған сияқты еді. Бір кезде саулық қой отарының ішінен тайыншадай қошқар бөлініп шығып, құдды сәлемдесе келгендей, хатшының алдына жақын келіп тұра қалғаны. Қошқар күйлі болсын деп, қолдан жем беріп, соған үйренген ғой. Екі адамның төбесі көрінсе, жем беретіндей дәметіп, жүгіріп келеді екен. Қыс ішінде саулық қой отарының ішінде қошқардың қосылып жүруі ол заманда қылмыс. Бұл келеңсіздікті тұқыртып айтып, хатшы маған мәселені алдағы аупартком бюросына дайындауға сол жерде тәртіп берді.
Берсиев атындағы шаруашылықтың аумағына енгесін тынысым кеңейіп сала берді. Себебі бұрын қызмет істеген өңірім, малды мекені түгіл, әр төбесін, шоқысын жатқа білемін. Біз аралаған ферманың меңгерушісі Омар Нұрғазин тәжірибелі, өз ісіне мығым адам еді. Бірінші басшы шаруаның ұйымдастырылуына көңілі толғандай болды. Бірақ ферма басшысының үйіне түспей, өзіне жақындығы бар мал маманы Күмісқалидың үйіне тоқтады. Мұнысы тыныш демалуды көздегені екен.
Ертесіне де екеуміз күні бойы малды ауылды аралаумен болдық. Ауа райы бір ашылып, бір бұзылып тұрды. Малды ауылға апаратын сүрлеу жолдардың көп бөлігін қар басқан, бірақ жақсы бапталған көлігіміз қайтарда совхоз орталығы Қараталға болдырмай жеткізді. Кешкі шайды әзіл-қалжыңы жарасқан қатары Ережептің үйінен ішкен хатшы: «Елубай, өзінің қызмет істеген ауылы, бүгін осында болсын, ертең қайтар!» — деп, әзілдегендей болып қош айтысты. Ойылдан шақыртқан машинасы дайын тұр екен.

Көкжар кірпішінің оралуы

Мен Елекеңді Ойыл ауданында ұзақ жыл қызмет істегенде біршама білдім деп ойлаймын. Әр кез өзін сырбаз, сыпайы ұстайтын. Алқалы жиындарда шаруаның жағдайын жақсы біліп, сөзін шегелеп айтатын. Ол барлық кезде салиқалы басшыларға тән қалыпты ұстанды. Ортада орынсыз жайдақтанып, ашыла бермейтін. Өзінен жоғары басшының ығына жығылудан, сүйенетін, сиынатын тамыр-таныс іздеуден аулақ болды. Тек өзінің күшіне ғана сенетін, әділдік жолынан таймайтын.
Ол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигінен басқарманың басшысы лауазымына тағайындалып, ұзақ жыл бір орында тапжылмай қызмет етті. Содан 1980 жылы ғана «Ойыл» совхозының директоры қызметіне келді. Бұл ауданның орталығында орналасқан шаруашылық еді. Жаңа басшы келгенге дейін аудан басында бұл құрылымның аты шыққан жоқ. Дөңгеленген шағын совхоздың сырттағы үш фермасында азды-көпті мал өсірілетін. Шамалап егін салатын.
Шаруашылықтың тізгінін жаңашыл Елубай Қалиев ұстағаннан кейін кеңшар өзгеріп сала берді. Екі саланы жетік білетін айтулы маманның келуімен төрт түлік мал өсіру мен егіншіліктің өркендейтіні болса да белгілі ғой. Мен ол жайлы айтып жатпай, жаңа басшы басқарған шаруашылықтың аудан басында, қала салушы өнеркәсіп сынды, тірек құрылымға айналғанына ғана тоқталсам деймін.
Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығы болған Көкжар жәрмеңкесінің күйдірілген қызыл қыш кірпішінің беріктігі сондай, балталағанда сынбайды. Соның арқасында ғасырлар бойы міні құрымай, әлі тұр. Ал бұл кірпіштердің Ойылдың саз балшығынан иленіп, күйдірілгені тарихтан белгілі. Он сегізінші ғасырда жұмыс істеген кірпіш зауытының орнын үлкендер күні кешеге дейін көрсетіп келді.
Елубай, міне, бұған дейін басқалар тәуекел ете алмаған осы істі қолға алып, жаңғыртты. Аудан орталығынан сапасы жоғары күйдірілген қызыл кірпіш шығаратын зауыт салды. Сол — сол-ақ екен, совхозда құрылыс жұмысы қарқын алып, қарыштай жөнелді. Қашықтағы облыс орталығынан шығынға батып силикат тас тасу кеміді. Оның орнына, тұрғын үйлер берік қызыл кірпіштен салынатын болды. Аз жылда бұған дейінгі кеңшардың кеңсесін ғана төңіректеген шаруашылыққа қарасты үйлер молайып, Қарауылтөбеге қарай шығатын күре жолдың шығыс бетіне өрлеп, Сегізсай бағытына қарай қанат жайды. Енді былайғы жұрт Ойыл селосын екіге бөліп, совхоз жақ деген атау пайда болды. Кірпіш зауытының арқасында кеңшарда, аудан орталығында көптеген адамдар кәсіп тапты. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибелі басшы шаруашылықтың экономикасын еселеп нығайтатын әр келелі істі осылай бастап, осылай нәтижелі аяқтап отырды. Ол басқарған 12 жылда шаруашылық тек биіктен көрінді.
Ертеректе Елекең аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тұрғанда жазушы Құрал Тоқмырзинмен бірге үйінде болғаным бар-ды. Дербес салынған екі қабатты үйде тұрады екен. Шағын аула, айнала ұқыптап қолмен егілген ағаштар, көкөніс танабы сәнді көрінді. Педагогикалық жоғары білімі бар зайыбы Рая Ойыл қазақ орта мектебінде ұстаз. Балалы-шағалы бақытты отбасының қонақжайлығы да сүйсіндірген. Сол отырыста жас жағынан қатар жазушы мен маман ашылып, біраз әңгіме шертіскен. Шыққасын жазушы ағамыз «Мен бұрын білмейді екенмін, тек өз саласы емес, әдебиеттен, мәдениеттен де көп жайды ізденіп, оқып жүретін, жан-жақты, терең азамат екен» дегені есімде қалыпты.
Елекең — «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ойыл ауданының құрметті азаматы. Қазір ол Ақтөбенің іргесіндегі Сазды ауылында тұрады. Зайыбы өмірден ерте өткеннен кейін, балаларына, немерелеріне қарайласуға тура келді, тағдырдың қандай қиындығына да мойымай, өзін емендей биік, тік ұстап келеді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button