Ақтөбе облысында білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасын бекітті.
Құжатқа Кemel Bilim білім беру орталығымен танысу кезінде қол қойылды, онда өңір басшысы мен министр жоғары нәтиже көрсеткен дарынды балалармен кездесіп, білім бөлімдерінің басшыларымен, өңір мектептерінің директорларымен отырыс өткізді.
💭 «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық өңірлерімен 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол карталарын әзірлеуде. Біздің облыс – Алматы және Астана қалаларынан кейін құжатқа қол қойған үшінші өңір. Онда көзделген барлық іс-шаралар биылғы жылы басталып, келер жылы аяқталады», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жол картасы туралы айта келе, өңір басшысы облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін 35 мектеп салу жоспарланғанын алға тартты, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 20 мектеп салынады. 55 білім беру нысаны кешенді жаңартудан өтеді. Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс 18,3 мың орынға ұлғаяды. 26 мектепке дейінгі ұйымдарда күрделі жөндеу, 285-іне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. 2500-ге жуық мектепке дейінгі тәрбие және білім беру педагогтары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Мектептерде 5500-ден астам, балабақшаларда 1500-ден астам бейнебақылау камералары қосымша орнатылады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын лицензиялық күзет, дабыл түймесі және турникеттермен 100% жабдықтау жоспарлануда.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жол картасы өңірдің білім беру саласын дамытудың барлық мәселелерін қамтитынын атап өтті.
💭 «Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі әр өңірдегі білім берудің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған Жол карталарын әзірлеу және қабылдау жұмыстарын жалғастыруда. Жыл сайын 6 мыңға жуық мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Жалпы білім беретін мектептердің басшылық құрамының 60-тан астам өкілі «менеджмент» бағыты бойынша оқытылады. Бұл педагогикалық қауымдастықтың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді», – деді министр.
Басты басымдық – инклюзивті білім беруді дамыту. Ақтөбе облысында ПМПК және КППК желісі кеңейтіліп, инклюзивті қолдаудың 14 кабинеті ашылады, арнайы психологиялық-педагогикалық көмек алу үшін мемлекеттік тапсырыс 1750 орынға артады. Облыстағы барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жоспарлануда. Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған жаңа екі үлкен нысан ашылады.
Сондай-ақ Жол картасы облыс жастарын тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз етуге, колледждердегі педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуға, кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты түрде даярлауға, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. 1500-ден астам ТжКБ оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасы аясында 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары енгізіледі.
Сонымен қатар, облыста студенттер жатақханасын салу, төрт колледжде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Тараптар Жол картасын сәтті іске асыру, өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.