Денсаулық

Туберкулезден сақтаныңыз!

2023 жылдың қаңтар айында Ақтөбе қаласында туберкулез аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3,0-ді құрап, 2022 жылдың сәйкес уақытымен (2022ж. 1 айы-4,1) салыстырғанда 1,4 есеге төмендеген.

Туберкулез – ол инфекциялық ауру. Инфекция көзі науқас адам болып табылады.         Сонымен қатар, туберкулез ауруына шалдыққан малға күтім көрсету кезінде де адамға жұғуы мүмкін.  Көбінесе  инфекция ауру адаммен жанасу болған кезде одан сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінетін туберкулез бактерияларының ауа тамшылары арқылы сау адамға жұғу арқылы тарайды.

Туберкулез ауруы салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, жөтел, қан түкіру, жалпы әлсіздік, тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі сияқты шағымдардан басталады.

Аурудың алғашқы кезеңінде сырқатты анықтаудың ең сенімді жолы  флюорографиялық (немесе рентгенографиялық) тексеру болып табылады.  Жыл сайынғы флюорографиялық тексеру – өкпе туберкулезі мен басқа да кеуде қуысының ағзаларының ауруларын анықтайтын сенімді және қауіпсіз әдіс.

Жүйелі түрде дәрігердің жолдамасымен флюорографиялық тексеруден өту арқылы дертті уақытылы анықтап, айналадағы адамдардың ауруға шалдығуының алдын алуға болады.

Балалар арасында  туберкулез ауруын ерте анықтау Манту сынамасын қою арқылы қолданылады.

Босану үйлерінде барлық дені сау жаңа туған нәрестелерге алғашқы 2-4 күн ішінде егу кабинетінде вакцинациялау жүргізіледі. Одан әрі 6 жастағы (1 сынып) балаларды Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда БЦЖ екпесімен қайта егіледі.

БЦЖ екпесін алмаған бала, туберкулезге шалдыққан науқаспен байланысқан кезде туберкулезді тез жұқтыру қаупі жоғары болады.

Туберкулезбен ауырған адам, өздігімен емделмей, дер кезінде дәрігерге қаралып, дәрігер тағайындаған емді бұлжытпай қабылдаған жағдайда толық айығады. Емін бұзған жағдайда аурудың қайталану жағдайы  және  туберкулездің көп дәріге төзімді түрлерінің пайда болу қаупі туындайды.

Туберкулездің алдын алу шаралары:

  • салауатты өмір салтын ұстануды;
  • тиімді тамақтануды(тамаққа етті, сүт өнімдерін, балықты, дәнді дақылдарды, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде қолдану);
  • дене шынықтыру белсенділігін арттыруды;
  • темекі, ішімдік, есірткіден аулақ болуды;
  • жеке және қоғамдық тазалық ережесін сақтауды (қолыңызды тазалап жууды және тұратын жеріңізді таза ұстауды, таза ауада жиі серуендеуді);
  • жыл сайын емханадан флюорографиялық тексеруден өтуді;
  • балаларды Манту сынамасымен тексеруді;
  • жаңа туылған нәрестеге туберкулезге қарсы екпе жасатуды;
  • балаларды санаторлық типтегі балалар мекемесінде сауықтыруды.

Ақтөбе қалалық  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау басқармасының бас маманы Ж.А.Ақұбай                                                                                                    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button