Денсаулық

Ералы Тоғжанов өңірдегі қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға көмек көрсетуді жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен онкологиялық науқастарға көмек көрсетуді жетілдіру мәселелері бойынша жиын өтті.

Қатерлі ісік – әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда өлім-жітім мен сырқаттанушылықтың негізгі себептерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай онконауқастар саны жылына 30 миллионға дейін артады.

💭 «ДДҰ мәліметтері бойынша, қауіп факторларын болдырмау, зиянды әдеттерден сақтану арқылы барлық онкологиялық ауруларды жартысына дейін алдын алуға болады. Атап айтқанда, қатерлі ісік ауруының қауіп факторларына ең алдымен темекі шегу, артық салмақ, физикалық белсенділіктің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, алкогольді теріс пайдалану, тіршілік ету ортасының қолайсыз жағдайлары және т.б. жатады»,  – деп атап өтті өз баяндамасында М.Оспанов атындағы БҚМУ ректоры Әсет Қалиев.

Облыс әкімі тәуекел факторларының көпшілігін түзетуге болатынын және қажет екенін, осыған байланысты халық арасында ағарту жұмыстарын күшейту қажеттігін алға тартты. Ералы Тоғжанов онкопатологияны ерте анықтау бойынша жұмысты күшейтуді міндеттеді. Ерте сатыда анықталған онкологиялық ауруларды емдеуге болатыны белгілі.

💭 «Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша бірінші кезеңде анықталған онкологиялық аурулары бар пациенттердің үлесі 17,4%-ды құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Мұнда халықты скринингтермен қамтуды ұлғайту және олардың сапасын арттыру қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.

Тиімділігі жоғары ерте диагностиканы дамыту мақсатында Ақтөбеде Батыс өңіріндегі алғашқы позитронды-эмиссиялық томография орталығы салынады. Бұдан өзге, қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде онкология орталығының қолданыстағы ғимаратын қайта жаңартудың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл орталықтың қуаттылығын арттыруға және науқастарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында Ақтөбе облысындағы онкологиялық қызметтің жай-күйі, онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде медицина қызметкерлерінің онкологиялық қырағылық деңгейін арттыру мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.

Облыс әкімі онкология орталығының жұмысына шағымдар жиі түсетінін, қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға тағайындалатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы байқалатынын атап өтті. Аталған мәселелерді жан-жақты қарау Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, СҚ «Фармацияның» өңірлік өкіліне тапсырылды. Сондай-ақ, онкологиялық аурулары бар пациенттердің кезеңділігін және бағытталуын жетілдіру үшін «жасыл дәлізді» енгізу міндеті қойылды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button