Мәдениет

Сазды мәдениет үйі үздік атанды

Кеше қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алқа жиыны өтті. Оған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова, Мәдениет үйі басшылары мен әдіскерлері, қаламыздағы кітапханалардың меңгерушілері қатысты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алда тұрғанміндеттер туралы айтты.

— Қаламызда біздің бөлімге қарасты 7 Мәдениет үйі және 14 кітапхананы біріктірген орталықтандырылған кітапхана жүйесі жұмыс істейді. Аталған мекемелер жыл бойы мемлекеттік және ұлттық мерекелерде ақтөбеліктер мен қала қонақтарына көпшілік-мәдени шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ тіл саясатын да жүргіземіз. Халықтық ұжымдар мен балаларға арналған үйірмелеріміз де бар. Алдағы 2023 жылда да жоспарымыз бойынша жұмыс істейтін боламыз, — дейді Әсел Бөлекова.Одан соң «Геолог» мәдениет үйінің директоры Сағынтай Қалиев тұрғындардың мәдени демалыстарын ұйымдастырудағы жаңашылдықтар туралы әңгімелесе, қаламыздағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлнар Салиева электронды кітапхана жүйесін пайдаланудың түйткілді мәселелерін айтты. Ал қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің директоры Гүлвира Біржанова мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін шыңдау бағытындағы жұмыстардың ерекшеліктерін баяндады.

Шара барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін бағалау және үздіктерді анықтау жөніндегі комиссияның шешімімен есепті жылы нәтижелі әрі жемісті жұмыстар атқарған қызметкерлер мен ұжымдар марапатталды. «Үздік мәдениет үйі-2022» кубогынаСазды мәдениет үйі ие болды. Сондай-ақ қаламыздағы мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып, демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкерлерге Алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында «Академия Ақтөбе» футбол клубының директоры Досхан Мақсұтұлы, «Транс-Караван» ЖШС директоры Алмаз Қуанышұлы, жеке кәсіпкерлер Әйгерім Рамазанқызы, Асылзат Кенжалықызы, Абзал Шотановтар бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button