Денсаулық

Жеңуге болады!

Жаман ауруды ерте анықтау адам өмірін 10 жылға ұзартады

Қатерлі ісік, обыр. Бұл сөздердің қорқынышты естілетіні рас. Адамды білдірмей «жейтін» бұл дертпен бүкіл Жер шары болып күресіп келеміз. Аты да, заты да жаман аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Қатерлі ісікті қайтсек жеңеміз? Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың дәрігер онкологі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің онкология кафедрасының ассистенті Азамат Жарылғаповпен осы тақырыпта әңгімелестік.

Статистиканы «сөйлетсек»

Елімізде үш жыл бұрын 185 мыңнан астам адамнан онкологиялық ауру табылған.  Оның 34585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Ресми деректерге жүгінсек, біздің өңірде онкологиялық дертке шалдығу 100 мың тұрғынға шаққанда 182,1 жағдайдан келеді екен. Бұл жыл сайын облысымызда 1600-ден аса тұрғыннан қатерлі ісік анықталатынын көрсетіп отыр.

— Былтыр өңірде 1671 тұрғыннан онкологиялық дерт анықталды. Мұнда ерлер арасында негізінен қуықасты безі, өкпе, бронх және трахея аурулары, ал әйелдер арасында сүт безі мен жатырдың қатерлі ісігі жиі кездеседі. Ал тері обыры бәрінде бірдей кездесе береді.Обыр — бұл дененің кез келген бөлігінде өсіп шығуы мүмкін аурулардың үлкен тобының жалпы белгісі. Кейде қатерлі ісік, жаңаөспе деген терминдер қолданылады. Қатерлі ісікке тән белгі — қалыпты шекарасынан тыс өсетін және дененің жақын бөліктеріне еніп, басқа мүшелерге тарала алатын қалыптан тыс жасушалардың тез түзілуі. Бұл процесс метастаз деп аталады.Өкініштісі, метастазға ұласқанқатерлі ісіктің соңықайғылы аяқталады, — дейді №1 қалалық емхананың дәрігер онкологі Азамат Жарылғапов.

Қазіргі таң­да республикамызда қатерлі ісікке қатысты өлім жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр. Қайғылы жағдай көбінекелесі қатерлі ісіктерден болады: өкпе, тоқ және тік ішек, асқазан, бауыр, сүтбезі обыры.

Былтыр өңірде әдеттегідей сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау мақсатында жоспарлы онкоскрининг жүргізілді. 88 әйелден — сүт безі, 21 әйелден — жатыр мойны, 35 пациенттен тоқ ішек қатерлі ісігі анықталды. Осы онкоскрининг қорытындысына сүйенсек, бүгінгі таңда біздің облыста ең жиі кездесетіні — сүт безінің қатерлі ісігі болып тұр.

Қауіп тудыратын факторлар

Онкологиялық аурулар қайдан шығады, оның пайда болуына не себеп? Әдетте «ауру — астан» деп жатамыз. Оған экология мәселесін қосамыз. Бұл сұрағымызға жауап берген Азамат Байжанұлы:

— Қатерлі ісік бір жасушадан дамиды. Қалыпты жасушаның ісік жасушасына айналуы көпсатылы процесс арқылы жүреді. Бұл өзгерістер адамның генетикалық факторлары мен сыртқы факторлардың үш санаты арасындағы өзара әрекеттесу салдарынан пайда болады. Аталған факторларға физикалық канцерогендер, яғни ультракүлгін және иондаушы сәулелер, химиялық канцерогендер, асбест, афлатоксиндер, яғни тағамды ластаушы заттар және ауызсуды ластайтын мышьяк сияқты заттар, биологиялық канцерогендер, кейбір вирустар, бактериялар немесе паразиттер тудыратын инфекциялар жатады, — дейді.Сондай-ақ оның айтуынша,онкологиялық ауруға себепші негізгі фактордың бірі — қартаю, яғни жас ұлғайған сайын қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупі күрт артады.

Сонымен қатар дәрігер онкологиялық аурудың пайда болуына әлеуметтік жағдайдың да әсер ететінін айтып отыр. Яғни кейбіреулер тиісті дәрумендерге бай жеміс-жидектер мен көкөністерді жеткілікті мөлшерде жемейді. Содан иммунитет әлсірейді.

Оған қоса темекі, түтінсіз темекі шегу, артық салмақ немесе семіздік, физикалық белсенділіктің болмауы, алкоголь тұтыну, хеликобактер пилори бактериясы, адам папилломавирусы (HPV) секілді канцерогенді инфекциялар, В және С гепатиті вирустары, Эпштейн-Барр вирусы, қаладағы ауаның ластануы, қатты отынды пайдаланатын үй-жайлардың көк түтін болуы — бәрі де қатерлі ісіктің пайда болуына «жағдай жасайтын» факторлар. Қазіргі уақытта қауіп факторларын болдырмау және тиісті алдын алу шараларын жүзеге асыру арқылы қатерлі ісік ауруларының 30-50 пайызының алдын алуға болады.

Дәрігерге дер кезінде көріну — дертті ерте анықтау кепілі

Ауруды ерте анықтап, емдеу арқылы өлімді азайтуға болады. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңдерінде анықтаған кезде тиімді емдеумен оң нәтиже алу ықтималдығы жоғары болмақ. Яғни науқастың өмір сүру ұзақтығы артады, емдеу құны төмендейді.

Онкологтердің мәліметі бойынша, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде емдеуде науқастың өмірі 10 жылға ұзарады, кейде одан да көп болуы мүмкін.

— Бүгінгі таңда дәрігерлер арсеналында онкологиялық ауруларды емдеуге арналған барлық заманауи технология бар. Бірақ емдеуде жетістікке жету үшін пациент дәрігерге нық сеніп, өзінің сауығатынына иланып, ем алуы керек. «Мен емделемін, мен сауығып кетемін!» деп өзіне талап қойып, ем алудан қашпау керек. Жаман ауру мен созылмалы аурулардың алдын алу үшін қаламыздағы емханаларда профилактикалық скринингтер мен «Ашық есік күндері» өтіп тұрады. Тұрғындар осындай шараларға белсене қатысса деймін. Сондай-ақ жыл бойы бірінші рет дәрігерге көрініп тұрған пациент әуелі қарау кабинеттеріне кіріп шыққандары жөн. Скринингтен өту де қауіпті диагноздың алдын алады. Сол себепті 40-70 жас аралығындағы әйелдер жылына екі рет маммографиядан өтуге тиіс. Ол сүт безі қатерлі ісігін дер кезін­де анықтауға мүмкіндік береді. Ал жатыр мойны қатерлі ісігінің ск­ри­­нингі төрт жылда бір рет, 30 жас­­тан бастап жүргізіледі. Одан бө­­лек, 50-70 жас аралығындағы бар­­лық ер-әйел екі жылда бір рет ко­­лоректальді обыр тексерісінен өтуге міндетті, — дейді Азамат Жарылғапов.

Оның айтуынша, барлық қатерлі ісіктің 30-50 пайызының алдын алуға болады. Яғни салауатты өмір салты, тұрақты тексерілу және ерте анықтау, обыралды ауруларды уақытылы емдеу арқылы онкологиялық аурулардың қаупін азайтуға болатынын айтты.

Барлығы қамқорлыққа лайық!

4 ақпан —  дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні (World Cancer Day). Ал 2022-2024 жылдардағы бұл күн«Барлығы қамқорлыққа лайық»тақырыбымен аталып өтті.

Ақпанның басында №1 қалалық емханада және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Медицина орталығында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орайластырылған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Қала бойынша онколог мамандар тұрғындар арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді.

Өкінішке қарай, қатерлі ісікті анықтау мен емдеуде инновациялық технологиялар қолданылатын кезде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, әлемнің біршама елінде онкологиялық дерт кезінде науқасқа негізгі көмек мүлде берілмейді. Бұл елдерде онкологиялық көмекке жүгінетін адамдар әр қадамында кедергілерге тап болады. Табыс, білім, географиялық орналасу және этникалық, нәсілдік, жыныстық ерекшеліктері, жасы, мүгедектік және өмір салты — медициналық көмек көрсету кезінде теріс әсер ететін факторлар. Осындай кедергілерді жою мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022-2024 жылдар аралығындағы дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні тақырыбын «Барлығы қамқорлыққа лайық» деп белгіледі.

Ал біздің мемлекетімізде адамды жасы мен ұлтына, дініне қарап құқықтарын шектеген емес. Соның ішінде тиесілі медициналық көмек алуда ешкімніңқұқығы тапталмайды.Обыр ауруына шалдыққандарға негізгі көмек тегін беріледі. Мәселен, мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан онкологиялық дерттерді алдын алуға бағытталған тегін скрининг бағдарламалар — соның дәлелі. Осы ретте тұрғындардан жергілікті емханаларындағы қарау кабинеттеріне уақтылы барып, скринингтерден өтуін сұраймын, — дейді дәрігер онкологі Азамат Жарылғапов.

Елімізде қатерлі ісікке қарсы күрес шаралары мықтап қолға алынып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап елімізде онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды. Оның шеңберінде диагностикалық жабдықты жаңғырту, ядролық медицина орталықтарын ұйымдастыру, молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, балалар стационарларын компьютерлік томография және магнитті-резонансты томографиямен қосымша жарақтандыру, шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру, арнайы мекемелердің төсек-орын қорын көбейту, 17 желілік үдеткіш сатып алу және тағы басқажұмыстар көзделген.

Сіз білесіз бе?

  • Қатерлі ісіктердің 10 пайызы генетикалық мутациямен байланысты.
  • Онкологиялық аурулардан болатын қайғылы жағдайдың 27 пайызы темекі мен алкогольді тұтынудың кесірінен болады.
  • 2020 жылы әлемде 10 миллион адам қатерлі ісіктен қайтыс болды.

 Бәрі өз қолыңда!

Тұрғындардың кейбірі денсаулығына салғырт қарайтыны рас. Онысын өздері сан сылтау айтып ақтап алады. Кейде өзіміз де дәрігерге көрінуді кейінге ысырып жатамыз. Енді біреулер ауырып қалса, әуелі тәуіпке немесе бақсы-балгерге барып, тиімді ем ала алмай, уақытын жоғалтып жатады. Әбден ауруы асқынған кезде ғана медицина қызметіне, ақ халатты абзал жандарға жүгінеді. Ал бұл кезде қатерлі ісік жасушалары күш алып кетіп жатса, науқасқа көмектесу өте қиынға соғады.

Онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтау үшін тұрғы­лық­ты мекенжайыңыз бойынша емха­на­ңызға барыптексерілуге болады. 2020 жылы елімізде ерте кезден қатерлі ісікті анықтау үлесі 25,5 пайыз бо­лыпты. Ерте анықталса, емделу де тиімді болмақ. Осы ретте мемлекет тарапынан қажет шаралар жасалып жатыр, мәселен, скринингтен тегін өтеді, емделеді. Мұндай бағдарлама Еуропа елдерінде қарастырылмаған. Азамат Жарылғапов «Азаматтардан сұралатыны — жауапкершілік», — деп отыр. Өзін сыйлайтын, денсаулығына бейжай қарамайтын адам медициналық тексерістен жылына кемі бір рет өтіп, дәрігердің бақылауында болуға тиіс. Дәрігердің айтуынша, жаман ауруды сонда ғана жеңуге болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button