Денсаулық

Халықтық медицина: ақиқат пен аңыз

Медицинаның бастауы — халық емі. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса дәрігерге барамыз. Кейде дамыған медицинаның да тұйыққа тірелетін кездері болып жатады. Сондайда көбіне емшілерге жүгінеміз. Емшінің де, емнің де түрі көбейді. Қазір елімізде шығыс медицинасының дәурені жүріп тұр. Инемен емдейді, араға шақтырады, қан алады, т.б. Біз осылардың бірқатарына барып,  тілдесіп көрген едік. Оқып көріңіз.

Ерекше жаттығу

Табиғи жолмен емдеуді ұран еткенқытай, корей медицинасы елімізде соңғы уақытта жанданып келеді. Бұл елдер өзінің медициналық туризмін қалыптастырып үлгерген.Қандастарымыздың арасында да өзге халықтың ұлттық медицинасымен ем алуға тырысатындар көп. Үнділердің йогасы мен қытайлардың цигун гимнастикасын әлем халқы жақсы біледі. Сол сияқты бізде де емдік-сауықтыру жаттығулары болған деседі.

Ертеден келе жатқан ерекше жаттығу түрін жаңғыртып, насихаттап жүрген — әскери сынықшы Абай Баймағамбетов. Біз осы кісі ашқан орталықтың Ақтөбедегі филиалында болып, нұсқаушысы Қаракөз Маденовамен әңгімелестік.

2018 жылы қайынсіңлім Тайландқа саяхатқа барғанда оқыс оқиғаға тап болып, аяғынсындырып алады. Аяққа тұру мұң болып, шетелде де, өз елімізде де жасаған ота ешқандай нәтиже бере қоймады. Сөйтіп, әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, «Айкуне» туралы ақпараттыкөзі шалады. Кейін өзі гимнастиканың авторы Абай Баймағамбетовпен танысып, қабылдауында болады. Бір қарағанда еш қиындығы жоқ, қарапайым жасалатын жаттығу түрі. Соның көмегімен жақыным аяғына нық тұрды. Бұл — омыртқа емдеудің ертеден келе жатқан ерекше түрі, баламасы жоқ қазақ гимнастикасы екенін түсіндім,— дейді Қаракөз.

Кейіннен ол сынықшы Абай Баймағамбетовтің арнайы курсын оқып, франшизасын сатып алады. Бүгінде Қаракөз Маденова сауықтыру орталығын ашып, шаһардағы мұқтаж жандарға осы тәсілмен емделуге көмектесіп келеді. Үш жылдан бері мыңдағанадам осы жаттығудың көмегімен дертінен айыққан көрінеді.

Байырғы сынықшылық өнерімізді жаңғыртуға негізделген емдік тәсіл тек омыртқаның емес, бастың ауруы, ішкі органдардың төмен түсуі, буын ауруларына да көмектеседі деседі.

Жалпы, аурудың көпшілігі остеохондроздан басталады. Себебі жүйке қан тамырларының барлығы омыртқа арқылы өтеді. Омыртқа арасындағы бұлшықеттер мен тамырларды «оятып», оларды созу арқылы қан айналымын күшейту қажет. Жаттығулардың көмегімен қысылып тұрған жүйке жүйелері босатылып, дененің құрысқаны кетеді. Омыртқаны қалпына келтіру арқылы ішкі құрылыс та қалпына келеді. Өт жолдары тазарып, бауыр, бүйрек, жүрек аурулары да сауыға бастайды. Жаттығуды бастасаңыз, бірінші күннен-ақ әсері сезіледі, — дейді орталық директоры.

Оныңайтуынша, жаттығу барысында жан мен тән бірге жұмыс жасап, адам өзін-өзі емдеп алады. Әрі емдеудің бұл түрі жас талғамайды. 5-6 жастан бастап кез келген жасқа дейінгі адамдардың емделуіне болады. Ал емнің ұзақтығы әр адамның жасына, денсаулығына, бұлшық етіне байланысты. Ем кем дегенде 15 күннен бастап 2-3 айға дейін созылады.

Басымыз көбіне қан айналым дұрыс болмай, оттегі жетіспегеннен ауырады. Ол мойыннан басқа қарай баратын қан тамырларының қысылғанынан. Қан тамырлары бүкірліктің, мойын остеохондрозының әсерінен қысылады. Жаттығу барысында қанайналым толық күшейіп, басқа қан барғаннан кейін ми демалады. Бас ауруынан осылай құтыла аласыз.  

Бастапқыда денсаулыққа күш көп түсетіндіктен жаттығуды отырған күйде жасайсыз. Алғашқы 4-5 күн ішінде ағза жаттығуларға үйренгеннен кейін тұрып та, жатып та жасай беруге болады. Жаттығуды жасағанда өз ағзаңызды бақылауда ұстап, сезіне отырып жасау керек. Шын мәнінде бұған көп адам шыдай бермейді. Омыртқаңыздың тік болуын қаласаңыз, орталықта жасайтын жаттығулармен ғана шектелмеңіз. Үй жағдайында қайталап, бойыңызды тік ұстап жүрсеңіз, сымбаттылықты арттыруға септігі тиеді, — дейді ол.

Абай Баймағамбетовке «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің халықтық және дәстүрлі емес медицина тәсілімен сауықтыруға құқық беретін арнайы сертификаты берілген.Мұндай сауықтыру орталықтары елімізбен қатар, Ресей, Араб Әмірлігі, Ұлыбритания, Польша, Украинамемлекеттерінде бар.

Араның уы

Адамға ота жасамай-ақ ішкі ағзаларын емдеу — шығыс медицинасына тән. Оның денсаулық сақтау саласында алар орны ерекше. Дәстүрлі медицина саласында 23 жыл тәжірибесі бар Аққу Зинелова апитерапияның ерекшелігін, ине мен емдеу, және шөп арқылы қандай дерттен арылуға болатынын айтып берді.

— Біздің орталыққа келетін адамдардың көбі қан қысымы, неврологиялық, буын және асқазан ішек жолы аурулары немесе ер адамдарда кездесетін простатит, бедеулік, әйелдердегі миома мәселелерімен келеді.

Әр адамның денсаулығына байланыстыем түрлерін ұсынамыз. Мысалы, арамен өте қиын ауру түрлерін емдейміз. Паркинсон, инсульт алған адамдарды, балалардағы церебералды паралич (ДЦП), белгілі бір себептермен арбаға таңылғандар емделеді,— дейді ол.

Аққу Зинелова жұбайымен бірге Ресейдің Челябі қаласындағы апитерапия бойынша ғылыми-зерттеу институтында оқып келген. Одан бөлек Ресейдің өзге қалаларында, Алматы қаласына да барып, білімін жетілдіріп отырыпты.

Оның айтуынша, араның уында 50-ден аса биологиялық белсенді зат бар.

Араның уынан бөлекөзінен де дәрілік заттар жасайды. Прополисі бактерия, вирусқа қарсы, ал балы қандай өсімдіктен жинағанына байланысты адам ағзасына пайдалы болып келеді. Ара сүті иммунитетті көтеріп, қартаю процессін тежейді.Өз елімізде де осылай ауқымды түрде апитерапияны дамытуымыз керек.

Ара уы арқылы ем жүргізбес бұрын емделушіге алдымен сынама жасалады. Ол үшін бір араны шақтырып, бір-екі сағаттай күте тұрамыз. Жәндік шаққан жер өзінің белгілі бір мөлшерінен асып, қызарып кетсе ем жүргізілмейді.Бал өнімдеріне аллергиясы барларға да солай. Ара уымен емдеудің бір курсы — 10 күн. Ем жүргізілген уақытта күн сайын шағатын аралар санын көбейтіп отырамыз,— дейді шығыс медицинасының өкілі Аққу Зинелова.

Дәрілік шөптер

Әртүрлі аурулармен күресте дәрілік шөптер көп көмегін тигізеді. Үй жағдайында қарапайым тұмауратып қалсақ, жөтел пайда болып, қызуымыз көтерілсе де, дәрілік препараттарға емес, шөптерге жүгінсек өз ағзамызға әлдеқайда пайдалырақ болар еді деседі мамандар.

Бір күні маған 3-4 жылдан бері балалы бола алмай жүрген келіншек келді. Анализ қорытындылары бойынша ішкі ағзалары да, жатыры да төмен түсіп кеткен. Арнайы шөп қоспаларын беріп, емдік курс алғаннан кейін оның ішкі ағзалары орнына келіп, бала көтерді.

Одан бөлек жасы үлкен аға аяғы ісіп, үнемі мұздап жүретінін айтып шағымданды. Ол кісі бүйректің шөптен жасалған дәрілік қоспасын ішкеннен кейін ауруынан айықты, — дейді ол.

Аққу Зинелова шөппен көп ауруды емдеуге болатынын айтады. Тіпті балаларғасәл суық тие қалса, антибиотикке жүгінетіндердің ісін құп көрмейді. Дәрігер шөптерді Қытайдан алдыртады екен. Ал өз елімізде өсетін киікоты өсімдігімен буын ауруларын емдейтін көрінеді.

 Иненің пайдасы

Дертінен дәрінің көмегінсіз құлантаза айыққандардың бірі —Айдана Нұрланқызы. Ол кішкентай баласы үш айға келгенде, басының сол жақ бөлігі ауырып, невропатологтің көмегіне жүгінгенін айтады. Қолындағы емізулі баласымен дәрілерді де ішуге болмайтынын біліп, ұзақ уақыт емделмей жүріп қалыпты. Дәрігер инемен емдеуге болатынын айтқан соң, ойланбастан келіскен.

Жасы 70-тен асқан дәрігер үш тармақты жүйке жүйесі деген диагноз қойып, бар жағдайымды түсіндірген соң, сөз арасында өзі инемен емдейтінін де айтып қалды. Саусақтың белгілі бір нүктелеріне ине салу арқылы дерттен айықтырады екен. Бұрын-соңды арқаға немесе ауырған жерге ғана ине салады дегенді естіген маған бұл әдіс қызық болып көрінді. Бұл — дәстүрлі корей медицинасы бойынша жүргізіледіекен. 20-40 минутқа созылатын ем артық ештеңені қажет етпейді. Тыныш жерде екі алақаныңызды жайып, саусақтарыңызға қадалған инемен отырасыз да қоясыз. 5 күндік курсты аяқтап, ауруымнан айығып кеттім. Бірақ одан кейін жылы киініп, өзіңізді күтінбесеңіз, ауруыңыз қайталануы мүмкін. Жарты жылдан кейін әлгі дәрігерді тағы іздеп бардым. Екінші рет ем алғаннан кейін бұл ауру мені мазаламады, — дейді өз оқиғасымен бөліскен жас ана.

Емшілер туралы адам сенгісіз небір аңыздарды да естіп жүрміз. Дәрігерлердің  өзі адамға ем қонуы сенімге байланысты екенін айтады. Күн сайын дамыған заманауи медицинамен қатар өмір сүріп келе жатқанына қарағанда халық емінің де пайдасы тиетін сәттер болып тұр ғой. Дегенмен емші атын жамылып, оңай ақша табуды көздейтіндер де аз емес. Солардан сақ болған жөн.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button