Білім

Министр Жұбанов университетінде дәріс оқыды

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы Жұбанов университетінде жоғары білімді дамытуға арналған дәріс оқыды. Дәрісті университет ұжымы және студенттер тыңдады.

Ведомство басшысы еліміздің аймақтарын аралап, жоғары оқу орындарының ұжымдарымен кездесудегі негізгі мақсат – өңірлердегі университеттердің потенциалын кеңейту екенін атап өтті.
– Өткен жылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай қоғамдық лекцияларды өткізе бастады. Яғни, әр өңірге өзім арнайы барып, ұжыммен, студенттермен кездесіп, университеттердегі проблемаларды өз көзіммен көріп, оның шешілуіне атсалысатын боламын, -деді Саясат Нұрбек.
Министр өз сөзінде алдағы уақытта өңірлік университеттерді қолдау аясы кеңейіп, ғылыми мүмкіндіктерді дамыту мәселесін де қозғады.

– Біздің басым бағытымыз өңірлік университеттерге көшеді. Мен өткен үш айдың ішінде барлығын зерттеп білдім, орталықтардағы үлкен университеттердің инфроқұрылымы жақсы. Ал, өңірлердегі жоғары оқу орындары министрліктің назарынан тыс қалып отыр. Сондықтан, осы олқылықтың орнын толтыру керек, – деді министр.
Сондай-ақ, Саясат Нұрбекұлы жоғары оқу орындарында маман даярлау ерекшеліктерімен бөлісіп, жаңа мамандықтарды оқыту сапасына да тоқталды.

Ведомство басшысының дәрісінде сонымен бірге шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу, қазіргі заманда сұранысқа ие мамандықтар мен технологиялар, заманауи студенттерге қажет дағдылар, университеттерде цифрландыру жүйесін дамыту, ғылымды ынталандыру, жаңа мамандықтар атласын құру, Қазақстанды өңір үшін білім беру хабына айналдыру секілді жоғары білім саласындағы мәселелерге басымдық берілді.
Айта кетейік, Министрдің дәрісін тыңдауға Жұбанов университетінің студенттерінен бөлек Ақтөбе қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарының білім алушылары қатысты. Жиында министрге оқытушылар мен студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button