Жаман ауру көбейіп тұр қарау кабинетінен қашпаңыз!

-
- Денсаулық
Өткен жылы облыстың 1671 тұрғыны қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Ең жиі кездесетіні — сүт безі қатерлі ісігі. Одан кейінгі орындарда асқазан, сосын қолқа, өкпе рагы тұр.
Бұл туралы облыстың бас онкологы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті медицина орталығының жетекшісі Ерболат Ізтілеуов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
— Емханаға жыл бойы бірінші рет барған тұрғынға терапевт әуелі қарау кабинетіне кіріп-шығуға кеңес береді. Яғни қарау кабинеті — созылмалы немесе онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, алдын алуға көмектеседі. Әсіресе әйелдерге арналған қарау кабинетіне барлық әйелдің баруы міндетті. Былтыр облыс бойынша емхана қызметіне 494 098 әйел жүгінген. Оның ішінде жыл бойы емханаға бірінші рет барған 175 942 әйелдің тек 144 120-сы ғана қарау кабинетіне кіріп шыққан. Аталған кабинетте 74272 әйелден цитологиялық зерттеуге жұғынды алынып, 69 әйелден қатерлі ісік, 3281-інен ракалды ауруы анықталып отыр. Ал 12 мыңнан аса әйелден басқа аурулар табылды, — дейді Ерболат Ізтілеуов.
Сондай-ақ оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде ерлерге арналған 30 қарау кабинеті бар. Өткен жылы облыс бойынша 275 670 ер адам емханаларға көрінген. Оның 88474-і он екі ай ішінде емханаға бірінші рет барған. Ал қарау кабинетіне кіріп шыққан 71394 ер адамның 12-сінен қатерлі ісік, 543-інен ракалды ауруы, 2493 адамнан басқа аурулар табылыпты. Осындай деректерді келтірген онколог Ерболат Ізтілеуов өзін сыйлайтын, денсаулығына алаңдайтын әр тұрғын қарау кабинетінен қашпай, керісінше, мақсатты түрде кіріп шыққаны жөн болатынын ескертті.
Былтыр да өңірде әдеттегідей сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау мақсатында жоспарлы онкоскрининг жүргізілді. 88 әйелден — сүт безі, 21 әйелден — жатыр мойны, 35 пациенттен тоқ ішек қатерлі ісігі анықталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



