Денсаулық

Ішіңізге құрт түспесін

Паразитология — адамның, жануарлар мен өсімдіктердің паразиттік ауруларын зерттейтін кешенді ғылым. Ағзада паразиттің бар-жоғын диагностика ғана анықтай алады. Тіпті, дәрігердің айтуынша, ағзадағы жай ғана паразиттен туындайтын аурулар уақтылы емделмесе, қатерлі ісік тудыруы да мүмкін екен. Осы ретте ағзадағы түрлі құрттардың қауіптілігі мен одан қорғану жолдары туралы «Сенім-Clinic» емдеу және диагностика орталығының гастроэнтеролог, гепатолог, паразитолог маманы Айнұр Наурызовамен әңгімелескен едік…

Паразитті анықтау жолы мен белгілері қандай?

Қазіргі таңда ағзадағы түрлі құрттардың салдарынан болатын аурулар жиі кездеседі деседі мамандар. Алайда оның қандай да бір құрт тудырған ауру екендігін нақты айту қиындау екен. Себебі ағзада паразиттің болуының айқын клиникалық белгілері байқалмайды.

— Ағзада паразиттің бар-жоғын бір тексерістен анықтау мүмкін емес. Ол үшін бірнеше талдау жүргізу қажет. Ерекшелігі сол — құрттар адам ағзасында «үнсіз» жатады және оның бар-жоғын мүлде байқамауыңыз мүмкін. Ол денеге қан, ауа, ішек құрттары және жануарлар арқылы жұғады. Сөйтіп, асқазан-ішек, тыныс жолы аурулары бар науқастың ауруын ушықтыра түседі.

Ағзада құрттардың бар-жоғын иммундық фермент пен нәжіс талдауы арқылы анықтауға болады. Егер қан талдауында эозинофил көп болса, паразиттердің бірнеше түріне талдау жасалады. Зертханалық диагностика ағзадағы паразиттердің көрсеткішін нақты көрсете алмауы мүмкін. Бірақ нақты диагнозды қойып, зертханалық тексерулер мен аспаптық зерттеулердің нәтижесінде  ғана дәрігер-паразитолог құрттардың  бар-жоғын анықтай алады. Паразиттердің әр түріне сараптама жасаудың бағасы арзан емес, сондықтан дәрігерден қандай сараптама жасату жөнінде алдын ала кеңес алу керек, — дейді Айнұр Наурызова.

Ауру белгілері әр адамда әртүрлі болады. Құрт көптігінің (глисттік инвазияның) жанама белгілеріне шаштың құрғауы, түсуі, қайызғақтың көбеюі, тырнақтарда ақ дақтардың болуы, аллергиялық бөртпелер, көрудің нашарлауы жатады. Ал жиі кездесетін белгілері — үнемі шаршау сезімі, әлсіздік, көңіл күйдің болмауы.

Паразитологтің айтуынша, ағзасында құрты бар адамның иммунитеті төмендеп, дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығы байқалады.

25 жылдық тәжірибесі бар инфекционист паразиттен зардап шегетіндердің дені  балалар екендігін айтады. Ойын баласының жеке бас гигиенасын сақтай бермейтіні анық. Әрі балалар тәттіге құмар келеді. Соның салдарынан балалар арасында аскаридоз, лямблия сияқты паразит түрлері жиі кездеседі екен.

Осы жылдың басында бізге қаралуға келген кішкентай баланың ағзасынан паразиттің төрт түрін анықтадық. Негізі, баланың құлағы ауырып, ота жасатқан екен. Отадан соң науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Содан соң науқас қосымша анализ тапсырған кезде ағзада паразиттер бар екендігі анықталған. Соның салдарынан баланың ауруы асқынып, құлағындағы лимфа түйіндері қайтадан бітеліп қалған. Сол себепті науқасқа паразиттерге қарсы дәрілер тағайындалып, жасалуға тиіс екінші ота кейінге қалдырылды, — дейді дәрігер.

Паразитологтің айтуынша, науқастар емханаға басқа ауруларға шағымданып келеді. Тек диагностикадан кейін ғана бұл аурулардың паразиттердің әсерінен болғаны анықталып жатады.

 Гастроэнтеролог маман ретінде асқазан-ішек жолдарындағы паразиттердің әсерінен пайда болған түрлі ауруларды емдедім. Алдыма келген науқастардың дені паразиттерге қарсы кешенді ем алған соң әуелгі шағымданып келген ауруларынан айықты. Сол секілді экзема, нейродермит, псориаз, бронхит сияқты аурулардан зардап шегетін балалардың бойындағы паразиттерге қарсы ем басталғанда науқастың бойынан бөртпелер мен түйіршіктер өздігінен кете бастады. Жай ғана паразит деп қарайтын құрттардың өзі он екі мүшеңді зақымдауға қауқарлы екендігіне осы мысал дәлел, — дейді Айнұр Шамитқызы.

Дәрігердің айтуынша, паразиттерге қарсы ем жүргізгенде белсенді биологиялық қоспаларды пайдалануға болмайды. Тек дәрігердің тағайындауымен арнайы препараттарды ішкен дұрыс. Өздігінен дәрумендер ішу ағзадағы дәрумендерді шамадан тыс көбейтіп жіберуі мүмкін. Ол да зиян. Сондықтан паразиттерден сақтанудың ең дұрыс жолы —  жеке бас гигиенасын сақтап, жылына бір рет паразитологқа қаралу.

Паразиттердің пайда болуының негізгі себебі — жеке бас гигиенасын сақтамау, дұрыс тамақтанбау. Әсіресе ет және балық тағамдарын пісіргенде аса мұқият болу керек. Шикі етте эхинокок құрты көп болады екен. Жылдам тамақтанатын орындардан фаст-фуд өнімдерін сатып алмас бұрын тағамның жарамдылық мерзіміне баса назар аударған дұрыс. Газдалған сусындардан гөрі қайнатылған немесе сүзгіден өткен суды көбірек ішу керек. Тәттілер мен газдалған сусындардан және фаст-фут өнімдерінен мейлінше бас тартқан жөн. Дәрігерлер осылай дейді.

Сонымен қатар балаға қолын аузына салмау, тырнақтарын тістемеу, жуылмаған жеміс-жидектерді жемеу туралы түсіндіру керек. Тез дайындалатын тағамдарды жиі тұтынатын баланың иммунитеті нашарлап, тәбеті төмендейді. Әсіресе майлы тамақтар, фаст-фуд тағамдары өте зиян. Ал ондағы майонез, түрлі соустар, ащы заттар асқазан-ішек жолдарына кері әсер етіп, қышқыл заттардың бөлінуіне әкеледі.

 

Эхинококк құрты өлімге әкелуі мүмкін

Ұзындығы 3−7 мм болатын эхинококк құрты аңшы иттердің, қойлардың, үй жануарларының ағзасында тіршілік етеді екен. Тазалық сақтамаған адамға бұл құрт үй жануарлары арқылы жұғуы мүмкін. Бұл паразиттің ерекшелігі — төменгі температурада да өлмейтіндігі. Өңірімізге белгілі тәжірибелі нейрохирург, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің нейрохирургия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Кенжебаевтың айтуынша, қазір паразиттен пайда болатын ауру түрі көп.

Мен нейрохирург ретінде көптеген ота жасадым. Соның ішінде эхинококк паразитінің адам ағзасының кез келген бөлігінде шоғырлана алатынына көзім жетті. Мәселен, жақында 14 жастағы науқас облыстық ауруханаға ауыр қалде түсті. Компьютерлік томографияның қорытындысына сәйкес баланың миынан жұмыртқа тәріздес құрт, яғни эхинококк паразиті анықталды. Ағзасында мұндай құрт бар адамдар бастапқыда оны сезбейді, кейін құрт денені жайлаған кезде жиі есінен танып қала беретін болады. Мидағы құртты алғаннан кейін ғана науқастың жағдайы жақсарды. Ота жасатпай жүре берген жағдайда мидағы құрттар көбейіп, науқас есінен айырылып қалуы мүмкін еді. 

Тіпті жұлыннан да эхинококк паразитін алған кезіміз болды. Аз ғана құрттың өзі жұлын омыртқа тұсын кеміріп жеп, адамды мүгедек етуі мүмкін. Науқасқа дер кезінде ота жасалып, өмірін сақтап қалдық. Отадан соң науқасқа хирургтің тағайындауы бойынша паразиттің алдын алатын дәрілер беріледі. Паразиттердің ағзада бар екені қан талдауларынан анықталмауы мүмкін. Жоғарыда айтылған науқастардың қан талдауынан паразит анықталған жоқ. Алайда компьютерлік томография науқастың бойынан паразиттен пайда болған эхинококк жұқпасын анықтады, — дейді нейрохирург Владимир Кенжебаев.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button