Басты жаңалықтарСаясат

Екіжақты ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Ресми сапары аясында Н.Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамп­пен кездесті. Кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ Президент­тері екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін тал­қылады.

Елбасы ресми сапармен келуге шақырғаны үшін АҚШ Президенті Д.Трамп­қа алғысын білдірді. Қазақ­стан­ның АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріп­тес санайтынын жеткізген Н.Назар­баев алдағы уақытта екіжақты қарым-қа­ты­­нас­ты нығайтудың маңыздылы­ғын атап көрсетті. «Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым — соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселелерді талқылайтынымызға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», — деді Елбасы. Өз кезегінде Д.Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. «Сіздің осында келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау зор мәртебе. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында да, тамаша», —деді АҚШ Президенті.

Бұдан кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Жиын аяқталған соң Н.Назарбаев пен Д.Трамп журналистерге арналған брифинг өткізіп, кездесудегі тал­қыланған мәселелермен таныстырды.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ АҚШ: XXI ҒАСЫРДАҒЫ КЕҢЕЙТІЛГЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК

Президент Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті талқылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үйде қабылдады. Н.Назар­баев Д.Трампқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді және оны келешекте Қазақ­станға сапармен келуге шақырды. Екі көш­басшы Қазақстанның тәуелсізді­гін, аумақтық тұтастығын және егемен­дігін, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өркендеу ісін ілгерілетудегі рөлін құптады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын мойындай отырып, көшбасшылар саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыстарды Кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайтуға шешім қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құптады. Олар Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге және өңірдің саяси және экономикалық байланыстарының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге қол жеткіземіз деп шешті. Екі ел көшбасшылары заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді. Халықаралық көшбасшылық мұрасы Президент Д.Трамп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің 2017-2018 жылдарға сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбас­шылы­ғын атап өтті. Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тарт­қаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халық­аралық көшбасшы ретіндегі Қазақ­стан­ның мұрасын және ядролық қауіп­сіздік жөніндегі қазіргі міндетте­мелерін күшейтуін, сондай-ақ хи­миялық қарудың таратылуы мен қол­да­нылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады.

Н.НАЗАРБАЕВ: АҚШ-ПЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев АҚШ Президенті Д.Трамппен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызына тоқталды. «Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 миллиард доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», —  деді Мемлекет басшысы.

Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Елімізге келетін АҚШ азаматтарына визасыз режим енгізілген. Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП: ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕУЕТТІ ӘРІПТЕС

Д.Трамптың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. «АҚШ тарапы ширек ғасырдан бері Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде есептеп келеді. Біз Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз. Содан бері көп уақыт өтті. Алайда бұл мерзім Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеуінен ұзақ емес. Қазақстан өздеріндегі ядролық қарудан бас тарту арқылы өз ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырды», — деді Д.Трамп.

Бұдан кейін Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі екеніне тоқталды.

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АҚШ-ТЫҢ ІСКЕР ТОПТАР ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.

— Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, — деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы екіжақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

АҚШ-қа жасаған сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен кездесті. Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты. АҚШ-тың энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады.

АҚШ-қа жасаған ресми сапары кезінде Н.Назарбаев «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті.  «Біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Көрме инфрақұрылымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оған қатысушылардың бәріне айрықша жеңілдіктер қарастырылған», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Р.Уошберн «ЭКСПО-2017» көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.

АҚШ-ТА ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы 2016 жылдан бастап шетелдердің Ұлттық кітапханаларында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу халықаралық жобасын іске асыруда. Қазіргі кезде Қытай Халық Республикасының Ұлттық кітапханаларында, Кореяда, Жапония мен Италия, Македония, Финляндия, Түркия, Венгрия сияқты әлемнің 17 елінде орталық жұмыс істейді. 19-23 қаңтар аралығында АҚШ Конгресс Кітапханасы мен Нью-Йорк қаласындағы көпшілік кітапханасына Қазақстан жайында кітап тапсыру және Қазақстан әдебиеті мен мәдениет орталығының салтанатты түрде ашылуы өтеді. Осы іс-шара мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына (АҚШ) ресми сапары аясында жүргізіледі.

Материалдар akorda.kz, egemen.kz

сайттарынан ықшамдалып әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button