Ардагерлерге құрмет

-
- Алға
Ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне Алғада «Жас өрен» әскери спорттық-патриоттық ойыны өтті. Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Ержанов, «Ақтөбе облысы Ауған соғысы ардагерлері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев және аудандағы Ауған соғысының ардагерлері қатысты.
Спорттық сайысқа аудандағы мектептерден келген барлығы 7 команда қатысты. Саптық дайындық, сапта жүріп ән айту, палатка құрып, ас дайындау, алғашқы медициналық көмек көрсету, кедергілерден өту, граната лақтыру секілді сайыстарда қатысушылар бағын сынап, бабын көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша №4 Алға орта мектебінің командасы жүлделі І орынға, Қарақұдық орта мектебінің командасы — екінші, №3 Алға қазақ орта мектебі командасы үшінші орынға ие болды. №4 Алға орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Серік Ермағанбетовке аудан әкімі Н.Ержановтың Алғыс хаты табысталды.
М.ТӘЖІБЕКОВА,
Алға ауданы.