Кәсіп

Ашытқысыз нан пісіруші

    • Кәсіп

Ақтөбе дүкендерінде ашытқысыз, глютенсіз нан пайда болды. «BioNan» сауда белгісімен таралатын шағын көлемдегі нан ақтөбеліктер арасында тез танылды.

Осы ретте біз тыңнан түрен салып, пайдалы нан пісірумен айналысып жүрген Ақтөбе қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Арсен Лепеспен әңгімелестік.

— Коронавирустың өршіген тұсында жарнамаға қатысты бизнесім тұралап қалды. Әлемді әбігерге салған ковид індеті адамзатқа денсаулықтың қадірін ұғындырған кезде мен де дұрыс тамақтануға мән беріп, ананы-мынаны оқып, ізденіп жүргенмін. Бірде интернеттен көрген рецептім бойынша үйде пайдалы нан пісіріп көрдім, тандыр нан секілді болғанымен, қатты болып шықты. Содан оны түрлендіріп, ашытқысыз, глютенсіз нан пісірдім. Үйімдегілер, достарым ауыз тиді, бәріне ұнап қалды. Сөйтіп, үйге жақын дүкендерге аз-аздан тапсыра бастадым. Кейін пайдалы нанның жасалу технологиясына патент алдым. Әуелі таза бидайды суға бөктіріп, одан шығып келе жатқан өсіндіні ақ түрінде қиып алып, еттартқыштан өткіземін. Негізгі қамырым — осы. Оған бал, су, тұз, күнбағыс дәндерін қосып, нан дайындадым. Әрине, бөктірілген бидайдың өсіп-өнуі үшін де бап қажет, яғни мұнда белгілі бір температура, уақыт — бәрі есептеледі. Өсінді қатты өсіп кетсе де, қамыр дұрыс шықпайды. Бәріне бап керек, — дейді Арсен Аманбекұлы.

Босқа қарап отыра алмайтын тынымсыз Арсен бұған дейін де такси қызметін ұйымдастырып, көліктің қосалқы бөлшектерін сатып та көріпті. Отбасымен бірге азық-түлік дүкенін де ашқан. Алайда «BioNan» өнімі —  Арсеннің жеке туындысы тәрізді жанына жақын. Десек те ол өзі қазіргі таңда Ақтөбедегі дайын бизнесін, яғни франшизаны сатып жіберіпті. Сондай-ақ Орал, Атырау, Ақтау қалаларынан жеке кәсіпкерлер Арсенге хабарласып, франшиза сатып алып, кәсіптерін дамытып отыр. Бүгінде жас кәсіпкер дәл осы бизнесті досымен бірге Астана қаласында ашып, пайдалы нан сатып-таратумен айналысып жүр.

Біз кейіпкеріміздің дайын бизнесін сатып алып, ақтөбеліктер үшін пайдалы нан пісіріп, күн сайын таңертең қаладағы сауда орындарына тарататын Гүлнар Хасановаға да хабарластық.

— Негізі, өзіміздің шағын азық-түлік дүкеніміз бар. Содан жолдасым екеуміз бизнесті кеңейтуді ойлап жүргенбіз. Былтыр мамыр айында хабарландырудан көріп қалып, осы «BioNan» кәсібінің франшизасын сатып алдық. Қазір біздің наубайханада 8 адам жұмыс істейді. Өнімдеріміз қаладағы «Анвар» сауда желісінде және шағын дүкендерде сатылады, — дейді жеке кәсіпкер Гүлнар Әділханқызы.

Бағасына келсек, бөктірілген бидайдың өсіндісінен пісірілген нан бағасы — 350 теңге, ал жасыл қарақұмықтан дайындалғаны — 660 теңге. Бағасына қарап, мұндай қымбат нанды кім жейді деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Алайда нарықта осындай нан өніміне сұраныс жоғары. Себебі артық салмақтан арылғысы келетін, жалпы, денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануға  ниеттенгендер ең әуелі өздерін ашытқысы, глютені бар наннан тыйып жатады. Ал глютен  — бидай, қарабидай және арпада кездесетін жоғары молекулалық ақуыз. Арсен көрсеткен бейнематериалдардан ұққанымыз, бөктірілген бидай өсіндісінен жасалған нанның денсаулыққа пайдасы мол екен. Ол табиғи дәрумендерге бай.

— Біздің нанның құрамында бидай немесе жасыл қарақұмық, бал, су, тұз және күнбағыс дәні болады. «BioNan» ұннан жасалған нанға қарағанда әлдеқайда пайдалы және құнарлы. Бұл өнім артық салмақтан арылуға көмектеседі, гемоглобинді көбейтеді, ағзадағы артық токсиндерді шығарады. Құрамында микроэлементтер, В, Е, РР дәрумендері бар, — дейді Арсен Лепес.

Тұтынып жүрген тағамның кейбірі зиянды деп жүргенімізде елімізде пайдалы нан пісіру кәсібін қолға алған жас кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button