Діни мерекелерді дұрыс тойлап жүрміз бе?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған биылғы күнтізбеге сәйкес бүгін, яғни ақпан айының 17-сінен 18-і күніне қарағанда күллі мұсылман жұрты Миғраж түнін қарсы алады. Ал келесі айда Наурыз мерекесінен соң қасиетті Рамазан айы басталғалы отыр. Басқа да атаулы күндер өз кезегімен (арнайы кестені ұсындық) тойланбақ. Осы орайда біз діни мерекелерді өз деңгейінде атап өтіп жүрміз бе, шариғатта бұл туралы не деген, сондай-ақ биыл ақтөбеліктерге бұл күндері не ұсынылатыны жөнінде облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлымен сұхбаттасқан едік…
— Жылдағыдай елімізде мемлекеттік мерекелермен бірге, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы діни күндер кестесін бекітетіні белгілі. Бұйыртса, діни атаулы күндердің тізімін Миғраж түні ашқалы тұр. Ең алдымен осы мерекенің мән-маңызын, жалпы шығу тарихын айтып өтсеңіз және бұл биыл бізде қалай тойланады?
— Миғраж — Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің қиын кезеңінде болған оқиға. Немере ағасы Әбу Талиб, зайыбы Хадиша анамыздың қайтыс болған жылында еңсесі түсіп, Қағбаның жанында бүк түсіп жатқан кезі. Сонда Алла тағала періштені жіберіп, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) құзырына алады. Яғни Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Мекке қаласынан Ақса мешітіне апарып, сол жерден миғражға көтереді. Мұнда бірнеше маңызды оқиғалар болады. Мәселен, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) 5 уақыт намаздың парыз болуы, о дүниедегі өмірдің көрсетілуі, басқа да жағдайлар. Бұған қатысты Құранда «Исра» деген сүре бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл — Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алла тағаланың алдына барып келген күні.
Бұдан ұғатынымыз, Алла тағаланың өз пендесінің көңілін көтеріп, құлдырап бара жатқаннан қияға алып шығуы әп-сәтте, яғни Жаратқан көтере алатын ғана сынақты береді.
Бұл атаулы күнге белгіленген арнайы құлшылықтар жоқ. Тек нәпіл намаздар оқып, дұға-истиғфар етсе, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.). салауат айтса, сондай-ақ мешіттерде айтылатын уағыздар мен кітаптардан Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен жақынырақ танысуға ұмтылса жеткілікті. Біздегі облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде осыған сәйкес насихат жұмыстары жүргізіледі.
— Іле-шала, Наурыз мерекесінен соң күллі мұсылман жұрты қасиетті Рамазан айын қарсы алғалы тұр… Оразаның биылғы ерекшеліктері және тәртібі туралы айтсаңыз.
— Жыл сайын он күнге ілгерілеп отыратын қасиетті айдың биылғы басты ерекшелігі — күннің салқын мезгіліне тұспа-тұс келіп тұр, яғни адамдарға ораза ұстау біраз жеңілдейді. Тиісінше күн қысқарып, түн ұзарады. Әрине, осы айда Құран оқуды үйрететін курстар, уағыз-сабақтар көбейеді. Жұртшылыққа Алла тағала кейбіреулерді байлықпен, енді біреулерді кедейлікпен сынайтынын, басқаларға қамқор болу керектігін жете түсіндіреміз. Басқа уақытпен салыстырғанда қайырымдылық шараларының саны артады. Рамазан айының негізгі мақсаты да сол — адамдар арасында жанашырлық қасиетті ояту, бұл өмірде ештеңе де мәңгі еместігін ұғындыру… Бұл адамдар ауыз бекітіп, ашыққанда анық сезіледі. Қысқасы, Рамазан — бір айға жалғасатын рухани тәрбие мектебі.
Жылма-жыл облыстық орталық мешіт Рамазан айындағы игі акцияларды көбейтіп келеді. Айталық, былтыр біздің бастамамызбен облыс бойынша 7 мұқтаж адамға баспана сыйланса, оның 2-еуі қасиетті айда берілді. Алыстан қатынайтын имамдарға да халықтың қолдауымен көлік мінгіздік. Сондай-ақ 167 мың адамға ауызашар мен сәресі ұсынылып, азық-түлік, заттай және ақшалай көмек үлестірілді. Осы орайда пәтерден бастап басқалай қолдаудың барлығына біздің тек «алтын көпір» екенімізді, бұл атымтай жомарттар мен демеушілер, түрлі қорлардың мұрындық болуымен іске асатынын айта кеткім келеді.
Биыл да сол игі істі жалғастыру жоспарда бар. Бір жағынан, бұл халыққа тікелей байланысты. Жұртшылықтың қолдауына қарай мүмкіндігінше тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге тырысамыз. Ондай санаттағы жерлестеріміз көп. Бір айда 300-400 адамға дейін мешітке әртүрлі өтінішін айтып келеді…
— Биылғы кестеге сәйкес сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түн — Қадір түні. Бұл түннің маңызын әлі күнге түсінбейтіндер бар…
— Мың айдан да қайырлы Қадір түнінің маңызы бөлек. Кейбіреулер «сол түнде ұйықтамасақ болды» деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Негізгі шарт бойынша адамдар ізгі амал-әрекеттер жасаса, кешірім сұраса, бір-бірін қуантса, Қадір түнінде оның сауабы молынан болады. Яғни ең бірінші кезекте ниет дұрыс болуы керек.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
ҚМДБ-ның Ақтөбедегі өкілдігінің мәліметінше, облыс бойынша 67 мешіт бар.
— Ораза айт мерекесіне айрықша тоқталмасақ дұрыс болмас… Ақтөбеде және әлемде бұл діни мейрамның тойлануы жөнінде пікіріңіз қандай?
— Біздің мақсат — Ораза айт мерекесін барынша ұлттық мейрам ретінде тойлау, қай жағынан да оның ауқымын кеңейту. Сол үшін жыл сайын түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, дастарқан жаямыз. Айтта сыйлық таратуды да дәстүрге айналдырғымыз келеді. Балалардан бастап әр адам сол күнді асыға күтсе жақсы емес пе?.. Мысалы, былтыр біз мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарды ойын алаңдарына апарып, есте қалатындай мереке ұйымдастыруға тырыстық. Айт намазынан соң өзіміз де имамдар болып әріптестеріміздің үйіне қонаққа барып, солардың балаларына сый-сияпат жасадық. Бір сөзбен айтқанда, отыз күн ораза ұстаған жамағат соның қарымтасын осы мерекеде қайтарып, серпіліп қалуы керек қой.
Бір қынжылтатыны, бізде діни мерекелер басқа мемлекеттердегідей кең көлемде аталып өтілмейді. Мысалы, Құрбан айтта бір апта демалыс жарияланатын елдер бар. Бұл — алыстағы ата-ана, бауырларыңа қыдырып, құттықтап қайтуға, айналаңдағы адамдарға сыйлық жасауға, жалпы тойлауға жасалған жақсы жағдай. Осы жағы алдағы уақытта ескерілер деген ойдамын.
— Өзіңіз айтқан Құрбан айттың бірінші күні биыл 28 маусымға келіп тұр. Құрбандық шалудың жөн-жобасы, шариғатта бұл туралы не делінген, сол туралы әңгімелесеңіз.
— Бұл күні қазақстандықтарға бір күн демалыс берілетіні мәлім. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мешітке келетіндер, құрбандық шалатындар көп. «Менің атымнан шаларсыз…» деп онлайн режимде бір малдың ақысын аударатындар да бірталай.
Бұл мерекенің мақсаты — Алла разылығы үшін құрбандық шалу, сол арқылы Аллаға жақындау. Сондай-ақ адамдардың сыналатын та мезгілі. Әсіресе жағдайы бар кісіге бұл — міндет. Оның сауабы орасан.
Өз тарапымыздан сол күні мешіт маңында спорттық жарыстар, ұлттық ойындар ұйымдастырып, жастарды ізгілікке, имандылыққа баулығымыз келеді. Осы тұста биылғы мерекеде жасөспірімдер арасында садақ атуды кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар әр мерекенің «иісін» сезіну үшін міндетті түрде жомарт жандардан жиналған азық-түлік, соның ішінде ет таратылады. Жоқ-жітік, жетім балаларды, жалпы көмекке мұқтаж адамдарды қуанту — кез келген мерекенің жазылмаған заңы екенін ұмытпаған ләзім.

— Қыркүйек айында исі мұсылман жұрты биылғы діни мерекелердің ішінен Мәуліт мерекесін атап өтіп, сонымен түйіндейді. Біз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген күнін өз деңгейінде атап өтіп жүрміз бе?
— Болашақ ұрпақ еліктеп, үлгі алатын бір адам бар болса, ол — Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Біз Мәуліт мерекесінде ұлы тұлғаның өмірбаянымен таныстырып, бойындағы қасиеттерін өзгелерге насихаттаймыз. Өскелең ұрпақтың әнші-актер, футболшыға ғана емес, ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ұқсап-баққанын қалаймыз. Бірақ, қай нәрсені болсын, қабылдау үшін әуелі одан әсер алу керектігін ұмытпасақ игі. Сол үшін былтыр осы мерекеде «Өнер қырандары» театрын шақырып, арнайы концерттік бағдарлама арқылы әлгіндей насихат жүргіздік. Мұнымен шектелмей, сол концерттің билетінен түскен қаржыны науқас балалардың шотына аудардық. Яғни көрермен рухани азық алып әрі қайырымдылық жасады деген сөз. Биыл да осы тектес істерді жалғастырамыз.
— Сөзіңіз аузыңызда, имам, теолог ретінде біздегі діни мерекелер дұрыс тойланып жүр деп ойлайсыз ба? Әлде мемлекеттік, дәстүрлі мерекелердің арасында көмескіленіп, тасада қалып жатқаны кездесе ме?
— Діни мерекелердің тойлану деңгейі жыл өткен сайын көтеріліп келе жатыр. Десек те Ораза айтқа да ресми демалыс күні берілсе деген тілек бар. Бұл барлық адамдарға үлкен жеңілдік болар еді… Бұның бір-бірімізді қуантуға, арадағы байланысты нығайтуға, жалпы уақытты жақсы һәм көңілді өткізуге сеп болатыны хақ. Басшылықтан сұранбай, асығып-аптықпай мешітке келіп, намазыңды оқып, дұға еткеннің өзі жақсы емес пе?!
ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…
— Сұхбат барысында Ораза айт мерекесінде бір-бірімізге мейлінше сыйлық жасап, қуантуымыз керек дедіңіз. Осы атаулы күндегі қай тарту-таралғы есіңізде қалды?
— Жасыратыны жоқ, бұл күнде сыйлық жасау дәстүрі енді ғана қолданысқа еніп келе жатыр ғой. Аса көп бола қойған жоқ. Содан болар, «Ораза айтта осындай сыйлық алдым» дейтіндей ерекше ештеңе есімде қалмапты. Айналамыздағы адамдарға әдетте кітап табыстап жатамыз.
Айтпақшы, былтыр зайыбым иіссу сыйлаған. Сол ұнады.
— Ал өзіңіз мерекелерде алдымен кімді қуантасыз?
— Қай мереке болсын, әуелі балаларды қуанту керек деп есептеймін. Өзім Айт мерекесінде ең бірінші кезекте ұл-қыздарыма киім-кешек, ойыншықтар, тәттілер сатып аламын.
— Соңғы сұрақ: дүниежүзі бойынша, кез келген халықтың белгілі бір мерекесі бары түсінікті. Мысалы, әлем 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде Жаңа жылды қарсы алады, ал қыс мезгілінде әдетте православтар «Крещение Господне» мерекесін атап өтеді. Осы екі атаулы күн бойынша ғана айтсақ, шыршаға «бес жұлдыз» белгісін ілетіндер, оны қоршап алып айналатындар, мұсылман болса да мұздай суға сүңгитіндер арамызда көп… Бұл Аллаға серік қосу, жалпы шариғат шартына қарсы шығу болып саналмай ма?
— Аллаға серік қосу болмаса да, дұрыс емес. Мұсылман баласына басқа діннің сенімін орындауға болмайды. Бұл соларға ұқсау, еліктеу болып есептеледі. Мысалы, «мен денсаулығымды жақсарту үшін ғана суық суға түсемін» десе, неліктен оны басқа уақытта жасамасқа?!
Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



