Басты жаңалықтарДін

ҚАДІР ТҮНГІ ТІЛЕКТЕР  

Биылғы рамазан айының аяқталуына да аз күн қалды. Бүгінгі, яғни сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түн — Қадір түні.

Қадір түнінің бір мағынасы «үкім түні» дегенді білдіреді. Мұсылмандар бұл түнді адам тағдыры үкім етілетін түн ретінде айрықша амалдармен, жақсы тілектермен атап өтеді.

Қадір түні

Рамазанда ораза ұстау — парыз амал. Оразаның мән-мағынасы тереңде екені хадисте: «Егер адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес»,  деп жеткізілген.

Сол секілді Қадір түнінің де орны айрықша. Қадір түні қасиетті Құран кітабының түсірілуімен байланыстырылады. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан — адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» — деп көрсетілген.

Рамазан айының ішіндегі Қадір түнінің нақты қай түнге сәйкес келетіндігі жасырын болғанымен, ислам ғалымдары Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйене отырып, оны үшінші онкүндіктің тақ түндерінен іздеу, соның ішінде 27-түннен іздеу керектігін айтады.

Бұл түнгі амалдар — тәубе етіп, Алладан кешірім сұрау; Құран оқу; дұға-тілекпен өткізу.

Пайғамбар хадисі бойынша, Қадір түні төрт түрлі адамның құлшылығы қабыл болмайды: олар — ата-анасын ренжіткен адам; туған-туыстарымен байланысын үзген адам; арақ ішкен адам және кешірімді білмейтін ызақор, кекшіл адам.

Пітір садақасын бердіңіз бе?

Пітір садақасы — рамазан айына ғана тән амалдардың бірі. Пітір садақасын рамазан аяқталғанға, яғни Ораза айт мерекесіне дейін беріп үлгеру керек.

Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» атты еңбегінде бұл жөнінде: «Оразаның ішінде қай уақытта болса да, һәм айт намазының алдында, әрбір ораза ұстаған, ұстамаған адамдарға, хатта сәбиге де, бір-ақ хисабқа толатын малы болса, пітір есімді садақа бермек уәжіп. Пітірдің бұйрықты шамасы адам басына бес қадақ бидайдың өзі, не болмаса ұны, яки он қадақ арпа немесе қара ұн, я болмаса солардың бағасы берілсе де болар. Садақа пақыр міскінге беріледі», — деп жазылған.

Биылғы пітір садақасының мөлшері жан басына 640 теңге болып бекітілген.

Тұрмысы өте нашар болса, күнделікті қажеттіліктен артылатын мал-мүлкі мен жинағы нисаб мөлшеріне жетпесе, ондай адамдарға пітір садақасын беру міндет болып саналмайды. Алайда мүмкіндігіне қарай, пітір садақасын беруге ниет етсе, оны өз еркі біледі. Ал тұрмысы жақсы, бай адамдардың, керісінше, пітір садақасын басқалардан көбірек беруіне болады. Олар пітір садақасының мөлшерін 2 келі мейіз немесе 4 келі құрманың құнымен бере алады. Бұл үшін нарықтағы орташа баға есепке алынады.

Пітір садақасын мұқтаж жандарға немесе мешіттерге бере аласыз. Өз кезегінде мешіттер бұдан түскен қаржыны немесе заттай садақаларды мұқтаж отбасыларға таратады. Сондай-ақ пітір садақасы мен басқа да қайырымдылық қаржысын мешіттерге Каспи, Халық, өзге де банктердің мобильді қосымшалары мен Қазпошта арқылы аударуға да болады.

Підия садақасы

Рамазанда ораза ұстау парыз амал болғанымен, денсаулығына және басқа жағдайларға байланысты бұл парыздан босатылатын адамдар да бар.

Мысалы, жолаушы, науқас жандар, сондай-ақ аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар аналар оразадан босатылады. Алайда бұл — уақытша босату. Олар оразаның қарызын кейін өтей алады. Ал айықпас дертке шалдыққан немесе қарттығына байланысты денсаулығы қатты әлсіреген адамдар оразадан біржола босатылады.

Оразадан біржола босатылған адамдар мүмкіндігіне қарай оны підиямен өтей алады. Підия мөлшері еліміз бойынша әр күнге 3,4 мың теңге болып бекітілген. Биыл рамазан 30 күнге созылады, сондықтан осы мөлшерді 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға немесе мешітке садақа етіп беруге болады.

Айт намазы

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, биыл мешіттерде Ораза айт мерекесі кең көлемде атап өтілмейді. Жалпы, қазіргі күні облыстағы мешіттердің имамдары гуманитарлық көмек тарату, басқа да қолдау шараларымен су тасқыны болған ауылдарда жүр.

Халқымыз табиғат апатынан зардап шегіп отыр. Сондықтан Ораза айт мерекесін кең көлемде атап өту жоспарланбаған, — деді бас имам.

Ал жылда халық бұл күні мешіттер жанындағы киіз үйлерде жайылған Айт дастарқанынан дәм татып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысатын. Биыл мешіттер Айт намазымен шектелуді жөн көріп отырған секілді. Ақтөбе мешіттерінде Айт намазы 10 сәуір күні сағат таңғы 7.30-да басталады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button