Жат ағымның жетегінде кеткендер оларды дәстүрлі жолға қайтару қалай жүріп жатыр?


«Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші, тура жолды таңдадым деп теріс ағымдағылардың қатарын толықтырғандар арамызда аз емес… Бұл ең әуелі діни сауаттың жоқтығынан екені рас.
Осы орайда біз облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Шынтас Қазиханмен жат ағымның жетегінде кеткендердің ортақ мәселесі, ұқсас белгілері, адасқандармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сұхбаттасқан едік.
— Дін маманы ретінде қарапайым жұртшылықтың жат пиғылдылардың соңынан еруі неліктен деп ойлайсыз?
— Мәселенің бастауын «қарапайым халықтың рухани тұрғыда әлсіреуі» деген үлкен факторға әкеліп тіресек болады. Бұл мәселелердің шығуына бірден бір себеп — халықтың білімге деген құлшынысының азаюы. Аталған себепке қатысты маңызды факторлар бар. Әуелгі кезекте — халықтың материалдық жағдайы. Күн көріп, тіршілік етуге тырмысқан бұқара рухани дамуға емес, ақша табуға көбірек ұмтылуда. Әдебиет, мәдениет деген салаларға қызығушылық жоқтың қасы. Білімнің ішіне діни білім де кіреді. Өйткені рухани жаңғырамыз деген ұстанымды ту еткен халықтың өз руханиятын дұрыстаудағы ең басты жолы — рухани білім, діни сауаттылқ.
Діни негізгі білімнің бастапқы түсініктерінен бейхабар жандар бар. Ал діни тұрғыдан сауатсыз халықты иландыру өте оңай. Теріс пиғылдылар бұны тиімді пайдаланады.
Қаржылай қиындық, саясатқа деген кереғар түсініктің болуынан және психологиялық әлсіздіктен жат ағымның арбауына түскендер де бар.
— Сол теріс діни ағымдарға кіргендердің әдетте жас айырмашылығы, ортасы, ұқсас белгілері қандай?
— Басым бөлігі — жастар. Арасында орта буындағы азаматтар да кездеседі.
Дінімізде адамның ортасы дұрыс, салиқалы болуы керектігі туралы айтылады.
Адам баласының өмірінде жан-дүниесіндегі текетірес, өз іс-әрекеттеріне налу, қоршаған ортаға ренжу, жаңа ортадан жанына демеу іздеу сынды рухани құбылыстар, жаңа бастамаларға ұмтылу болып тұрады. Мұндай сәттерде адамдар күнәларына өкініп, дұрыс жолды іздегісі келеді. Сондай кезеңде діндегі көптеген мәселенің ақ-қарасын ажырата алмайтындар теріс ағым өкілдерінің ортасына оңай кіріп, солардың құрығына ілініп қалады. Яғни күйзеліс, білместік, жастық албырттық — аталған топтағы азаматтарға тән белгілер.
— Бәлкім, бұның бәрі заңның солқылдақтығынан шығар?
— Ата заңымыз — Конституция еліміздегі азаматтардың құқықтарын шектемейді. Бұл еркіндік дін тұрғысынан да берілген. Сол себепті осы елдің адамы өзін қандай дінге, сол діндердің ішіндегі қандай топқа жатқызса да өзінің еркінде. Ал енді өздерін шынайы мұсылман санайтын псевдо-сәләфилік ағымның елімізде үгіт-насихат жүргізуі жайындағы заңнамаларға тоқталсақ. «Сәләфи» деген заманына қатысты адамға берілетін атау. Бұл атаудың иегерлері сонау ислам дінінің бастау алған кезеңінен бастап, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңынан еріп, бар ғұмырын осы ақиқат діннің таралуына арнаған сахабалар және сахабалардың ізбасарлары саналатын табиғиндер, кейін табиғиндердің ізін жалғаушы атбағут-табиғиндер болып саналады. Алла елшісі осылар өмір сүрген берекелі үш ғасырдан тұратын замандарды «алтын ғасырлар» деп атаған. Ал қазіргі псевдо-сәләфиттер өздерін осы замандардың «мол мұрасын жаңғыртушылармыз» деп жариялап, асыл дінімізді шынайы сәләфилердің ұстанымдары мен түсініктеріне тіпті үш қайнаса да сорпасы қосылмас керағар нұсқада ұсынып жүр.
Енді осы псевдо-сәләфизм ағымының белді ұстаздарының уағыздарын, дәрістерін, ол аудиоформатта немесе видеоформатта болсын, жалпы әлеуметтік желілерде сақтау, таратуға жол бергендер заң жүзінде жауапкершілікке тартылады. Яғни заң тұрғысында бұл жағынан шектеулер бар. Бұл — еліміздің қауіпсіздігі, бейбітшілігіміздің тұрақтылығы үшін жасалып жатқан әрекеттер.
Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Осы аталы сөзіміз аталған мәселеге дәл келеді. Өйткені теріс діни ағымдар — қоғамымыздағы рухани дерт. Біз осы дерттің алдын алуымыз керек. Айталық, қазақ халқының бай тарихы, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті және ата-бабаларымыздың мұсылманшылықтың дәстүрлі ұстанымдарын дәріптеу керек. Бұл жұмыстарды дін мамандарына артып қоймай, әр ата-ана күн сайын баланың рухани кемелденуіне мән беруі қажет. Баланы өмірге алып келумен қатар, оны дұрыстап тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу, саналы азамат етіп шығару — әке-шешінің жауапкершілігі екенін ұмытпайық.

— Адасқандардың арасында хақ жолға түскендердің есебі жүргізіле ме?
— Бұл — құпия мәлімет. Бір айтарым, адамдардың санасымен, оның психологиясымен жұмыс жасау өте қиын. Түсіндіру жұмыстарынан соң бірден қателігін түсініп, қабылдай қоятындар соншалықты көп емес. Дей тұрғанмен, ұзақ уақытқа созылатын іс-шаралар нәтижесін беріп, бұрынғы тіршілігіне оралып, халқымыздың әдет-ғұрыптарын мойындап, тура жолды тауып жатқан азаматтарымыздың саны едәуір. Мысалы, теолог маман ретінде ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі болғанда теріс ағымдағы азаматтардың қоғам құндылықтары мен дәстүрлі діни бағытымызға бейімделуіне қатысты оқиғаларға көп куә болдым. Бірде мектеп оқушысының псевдо-сәләфилік бағыттағылардың ықпалына ұшырап, оқуы нашарлап, тіпті көңілі қалап қатысып жүрген үйірмелерінен бас тартып, оны «харам» дегені бар. Теолог маманмен сөйлескен соң ғана ол райынан қайтты. Қазір сол жеткіншек — Ақтөбедегі жастардың арасында танымал өнерпаз. Осындай мысалдар көп.
— Жалпы дін мәселесі елімізде, соның ішінде Ақтөбеде күрделі деуге болады. Жоғары діни білімі жоқ, орта арнаулы оқу орнын бітірген, бірақ ұстаздық етіп, мешіттерде имам болып отырғандар бар ма? Ақтөбедегі кадр мәселесі, теологтардың кәсіби деңгейі туралы пікіріңізді бісек?
— Кеңес Одағы мен еліміз Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда, қазір діни кадрлардың сауаты анағұрлым жақсарды. Үкімет осы мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Атап айтсақ, еліміздің өңірлерінде 9 бірдей медресенің және оңтүстік астанамызда үлкен ислами университеттің жұмыс істеуі дін саласындағы мамандардың білімін артыруға бағытталған жұмыстардың елеулісі. Одан бөлек жоғары оқу орындарында дінтану, теология мамандықтарының енгізілуі де үлкен қолдау. Қазіргі таңда бұның игілігі сезіліп, жас діни мамандар арамызға көптеп қосылып жатыр.
— Өңірдегі медресе, діни сауат ашу курстарының жұмысына тоқталсаңыз.
— Медресе де, сауат ашу курстары да ата дәстүріміз бен дәстүрлі діни бағытымызға сай, құрылған жоспарға сәйкес тиімді жұмыс атқарып жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Бір қынжылтатыны, халықтың арасында осындай діни оқу орындары тек өмірде жолы болмай қалған немесе болашағынан көп үміт күттіре қоймайтындардың баратын жері деген түсінік қалыптасқан. Егер бұдан арылмасақ, онда қолда бар алтынды қадірлемегеннің күйін кешетініміз анық. Осы салаға мейлінше алғыр да озат ұл-қыздарымызды бұрсақ, еліміздің руханиятына елеулі үлес қосар едік…
— Сұхбат соңында Ақтөбеде қанша діни топтардың тіркелгені, оған мүше ақтөбеліктердің қайда жиналатыны туралы бірер ауыз сөз…
— Бүгінгі таңда облыста 10 конфессияны қамтитын 93 діни бірлестік пен оның филиалдары тіркелген. Соның ішінде 68-і мұсылман қауымның мінәжат ететін орны — мешіт болса, 9 провославиелік, 2 католиктік және басқа бағыттардың шіркеулері мен храмдары бар. Облыстық дін істері басқармасы жұмыс істеп тұрған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, талдауға күш салады.
Сондай-ақ облыста дін мәселелері жөніндегі 14 ақпараттық түсіндіру тобы бар. Оның 1-і — облыстық, 1-і қалалық болса, қалғандары — аудандық ақпараттық түсіндіру топтары. Бұлардың барлығына жалпы саны 276 адам мүше. Арасында 41 имам және 30-ға жуық теолог, психолог мамандар бар.
«Аңсар» орталығы да тұрақты түрде интернет ресурстарға мониторинг жасап, күмәнді діни топтар мен парақшаларды анықтау, бұғаттау бойынша жұмыстар атқарады. Айталық, былтыр облыс бойынша әлеуметтік желілердегі күмәнді діни топтарға тіркелген 21018 қолданушы анықталды. Жұмыс нәтижесінде күмәнді топтардан 13787 пайдаланушы шығарылды. Қалған 7231 қолданушыны күмәнді діни топтардан шығару мақсатында орталық мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



