РАМАЗАН — РАҚЫМ АЙЫ

Жаратушы иеміз адамзат игілігі үшін шексіз нығметтерді үйіп-төгіп берген.
Солардың ішінде пенденің дүниесі мен денсаулығына, ақыреті мен Алла алдындағы абыройы үшін берілетін сауапты қамтитын ең үлкен сыйдың бірі — рамазан айы.
Мың айдан да қайырлы болған берекелі айда барша мұсылман баласына ораза ұстау парыз болды. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар!». Сондай-ақ Алла Елшісі хадисінде: «Рамазанның басы — рақмет, ортасы — кешірім, соңы — тозақ отынан құтылу», — деген.
Рамазан — ізгіліктің, қайырымдылықтың, сабырлылықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сондай-ақ бойымыздағы жаман әдеттермен күресіп, жақсы қасиеттерімізді күшейтетін әрі рухани кемелденуге ұмтылдыратын мүмкіндік айы. Бұл ұлы мүмкіндіктің әр жыл сайын бізге берілуінің өзі соңғы үмметке жасалған Жаратушының шексіз рахымы. Себебі аз уақыт амал жасап, мол сауап алу алдыңғы пайғамбарлардың қауымдарына берілмеген. Тіпті қасиетті айда арықтау немесе өзгелерге еру мақсатында емес, шынайы ниет етіп, ораза ұстауымыздың өзі бізді Алла тағаланың үлкен кешіріміне себеп етпек. Ол туралы Пайғамбарымыз хадисінде былай деп сүйіншілейді: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі». Әрі бұл айда нәпсіні тізгіндеп, барынша жамандықтан тыйылу өзге айлардан қарағанда барынша жеңіл болмақ. Тіпті осыған сәйкес түрлі сала мамандары да рамазан айында қоғамда қылмыстың азаятындығын да дәлелдеп отыр.
Екіншіден, ораза адамның уақытын жүйелеуді үйретіп, біздің сабырымызды шыңдайды. Ауыз бекіткен пенде жүйелілік пен тәртіпті қатаң ұстанады. Сәресін уақытында ішу, уақытында ауыз ашу, уақыты келгенде намаз оқу, т.б. құлшылықтарды атқаруда реттілікті ұстанып, өзін қалыпқа салады. Және де осы бір реттілікті сақтау үшін адам баласына тұрақтылық пен сабыр қажет. Алла Елшісі: «Ораза — сабырдың жартысы» деген. Расында, ораза шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Күн ыстықта ораза ұстаған адамды шөл қысады, оған қоса аштық та қинайтыны рас. Сонымен қатар рамазанда көп құлшылық жасап, көп Құран оқыған абзал. Оған да сабыр қажет. Тіпті күнә жасамау да сабырлылықты қажет етеді.
Үшіншіден, ораза пенденің ағзасын артық және улы нәрселерден тазартып, жаңартып, асқазан мен өзге де ішкі құрылыс мүшелеріне демалыс береді. Аштық адам миын дамытады, сондай-ақ физикалық жаттығу бұлшық етті жаттықтырады. Басқаша айтқанда, күніне калорияны аз қолдану нәтижесіндегі аштық адамды ақылдырақ етеді. Ораза — ешқандай дәрісіз аз ғана жеу арқылы өз денсаулығын жақсартудың ұтымды тәсілі. Одан өзге ораза альцгеймер ауруының (қартайған кезде жадының жоғалуы) алдын алады. Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздың: «Ораза ұстаңдар — сау боласыңдар» дегенінен көп дүниені ұғынуға болады.
Төртіншіден, рамазан — адамның ақыретіне жинайтын таусылмас қоры. Өйткені, қадірлі айда амалдардың мың есеге дейін көбейеді. Жалғыз ғана ауыз бекітіп, ораза ұстаудың шексіз сауабын Жаратушыдан өзге ешкім біле алмайтындығын Алла Елшісі: «Ұлылығы шексіз Алла тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да оның қарымын (сауабын) Өзім беремін деген», — деп жеткізеді.
Алла тағала рамазан айында баршамызға есепсіз сауаптар жазып, барлық қате-кемшілігі кешірілген хәлде шығуымызды нәсіп етсін! Қадірлі айда қамсыз қалмай, Алла тағаланың шексіз рақымы мен сансыз сауаптарға қауыштыратын амалдарға ұмтылайық!
Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы.



