Әдебиет

Кәрім АЙНАБЕКОВ

Кәрім Айнабеков 1940 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Новосібір электротехникалық институтын және Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Шымкент облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасында, Ақтөбе қалалық поштасында, «Қазақтелеком» АҚ-ның Ақтөбе облыстық дирекциясында басшылық қызметте болды.
1977 жылы «Тұңғыш кітап» сериясымен «Таң шапағы», 1991 жылы «Махаббат моншақтары», 1994 жылы «Сені іздеймін», 1998 жылы «Күнім, күніңмін», 2002 жылы «Жанарымда жалғыз сен» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Жұлдызым жоғары» атты хикая, әңгімелер, очерктер, эсселер, аудармалар жинағы шыққан. К.Айнабековтің аудармалары қатарында қырғыз жазушысы Таш Мияшевтің «Қоштасу» повесі, Александр Гельманның «Ар-ождан алдында» пьесасы, т.б. туындылар бар. Облыстық «Алақай» қуыршақ театрында оның аудармасы бойынша Х.Исламов пен А.Қадыровтың «Малшылар патшасы» пьесасы сахналанған.
Оқырманға ақынның бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

«ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІМ — ЖЫР МЕКЕНІ»

Қас қағым

Білгенге…
Парасатты басқа міндет,
Қашанда биік болғай асқарым тек.
Қас қағым аралығын көру үшін
Тірлікке қырғи көзді тастадым көп.

Қас қағым екен таудың сел тасқыны,
Қас қағым — нар жігіттің сал жас күні.
Қиянға қыран жетіп соғылатын —
Қас қағым — ерліктердің саф дәстүрі.

Қас қағым — өлі болу…
Тірі болу…
Қас қағым — сорлы болу…
Ірі болу…
Қас қағым — алды-артыңа қарамасаң,
Көңілдің батпан елі кірі болу.

Сондықтан ойланамын далаң қақпай,
Шаңдатпай,
Әр күнімді борандатпай.
Табысуға зер сөзбен еңбектенем —
Жесір қалған анамды алаңдатпай.

***
Жасыл шәлі бүркенгенде қырау бақ,
Тізбек тырна көз арбайды тыраулап.
Мауыты түк бал құрақты еншілеп,
Қара жер де реңденді бір аунап.

Әуездеткен аспан жүзін сан аптап,
Тырналардың көшпенді елі сән аппақ.
Көк сеңгірден таныттырып парасат,
Қалықтайды саз керуенін сабақтап.

Сенім барда, үміт, арман жалғасар,
Сенім болса, жағаласқан жау қашар.
Өшірмекке өзгені…
Өсірмекке өз басын,
Арамзалар күліп жүріп дауласар.

Міскін пенде сәл қатеңді мың етер,
Қарапиғыл қорқау сынды күнелтер.
Нағыз достар ізгіліктен жаралып,
Мейірімдері шығандағы күнді ерітер.

Дейтіндейін тырналардың тізбегі,
Сәуірменен астасты кеп мұз лебі…
…Дүние жатты шалқып шатты әуенмен,
Сан құбылыс байқаттырып түз көгі.

***
Тінім — қазақ, өрем биік десем де,
Ділім қайда?..
Тілім қайда, ағайын?..
Талай жерде кетіп жатыр есем де,
Таңдайыма бастым сордың талайын.

Сенің, менің межелерім іске аспай,
Күн күйдіген үлдіректей іріді.
Мықтыларым тиянақты тіс ашпай,
Айтқандары көбең тартты, шіріді.

Қайран есіл, ақ айбарлы Ар-тілім,
Қыран сынды самғамадың көгімде.
Қан жосамын, қалмас, сірә, тамтығым,
Шұбар тілді мырзаларым, бегім де.

Абзал уақыт, мынау бағыт ерге сын,
Ұстай алмай жүрміз Тілдің делбесін!..

***
Сағыныш

Ақын Мұхтар Құрманалинді аңсап

Айтатыным,
Жазатыным —
Тек шыным,
Сіз үнісіз Болашақтың,
Тектінің…
Мектебімсіз өлең деген өлкеде,
Ойыңызбен кіл сапарлас бек күнім.

Айыра алар солым менен оңымды,
Жыр жолында көзге іліксем болымды.
Әзілі саз…
Қарапайым…
Ақ жарқын…
Өзіңізді мақтан етем орынды.

«Әткеншекті» тептірдіңіз өркенге,
«Ашық сабақ» өткіздіңіз өлкемде.
«Қағаз қайық» кәдемізге жарады,
Нық сеніммен қарай алдық ертеңге.

«Көңілімде бір күй бар» деп ақтарып,
«Аспан» атты жыр жинаққа бар дарып.
Ескерусіз сөрелерде жатпады,
«Мөлдір моншақтарың» да даттанып.

«Домбыра сазы» маужыратып алапты,
«Шалқар теңіз» айдынында таң атты.
«Алыстағы найзағайдың» жарқылы
Алматыңды Ақтөбеге қаратты.

«Көңілдегі күнделікті» тербетіп,
Туған жермен сабақтастың ержетіп.
Өткелдерін бүгінгі күнмен жалғадың,
Арман жолда кезіксе де кем-кетік…

Тіршіліктің кеше жүріп батпағын,
Көтердіңіз тағдыр-тауқымет батпанын…
«Мынау ісім қалай болар екен» деп,
Мықтылардың қас-қабағын бақпадың.

Бұл күндері заман жаңа…
Ай жаңа…
Мақсатыңыз бұзылмады қайда да.
Сіздің жүрек тербеп өткен әр өлең,
Дарып жетті оқырманға…
Пайдама…

Өзің жоқсың,
Жырың мәңгі жан Аға,
Ой орамың серпін берер санаға.
Сағындырдың…
Осы өлкеден таппаспын,
Тең келетін Сіздей жанға балама!

***
Болмаса да өңімде сыр тартымды,
Ұға білдің жан дүниемді, ардағым.
Сондықтан да алдыма сап талқымды,
Көтермекпін тіршіліктің салмағын.

Мен өзіңе сыр шерткелі өтті айлар,
Қаңтары мен мамыры да аралас.
Болғаннан соң босағаңа ат байлар,
Сенсіз арым, мақсаттарға бара алмас.

Сенсіз менің мәнді емес ақ таңым,
Ашық күнім қара бұлтпен бүркенер.
Сенсіз солғын гүлзар толы бақтарым,
Қуанышым үсік шалған түрге енер.

Бұл фәниде, жанның емі — керегім,
Бола алсаң, бақыттымын дер едім.

***
Іші күйіп…
Күлгенсіп көзі ғана,
Жиын-тойда көрінер сөзі дана.
Арызданар қара бас қамы үшін,
Суырылып тағатсыз төзімі алға.

Ісіп-кеуіп…
Кісілік ұят қалып,
Мардымдықты ұқтырар мияттанып.
Мықтыменен жанасса атын байлар,
Дәл соның көлеңкесі сияқтанып.

Демеушіден келсе егер күпі киіп,
Ызбар себер қабақтан түкті түйіп.
Ал лауазым иесін хан көтеріп,
Дастарқанын жүреді сүртіп-жиып.

Қол жеткізсе мақсатына…
Елді емген,
Сақта, Тәңірім…
Ожданы жоқ пендеңнен.

Сары қамыс… Сары дала…

Сары қамыс…
Сары дала…
Сабан дала…
Жарасқан ба жалғыздық саған ғана?
Тұмшаландым…
Ақмұнар алды-артым,
Намағлұм күн туды маған да…

Гөй-гөйі көп керуенді дархан Дала,
Күйің зарлы…
Базарың тарқаған ба?
Нәркесімнің жанарына батқан дерттің,
Батпаны бар дәл менің арқамда да.

Ойыл семіп, Мұғалжар шөккен Дала,
Абатты аңсап…
Төсінен төккен нала.
Мұң жайлаған жаныма жер таппаймын,
Іздеймін бе мен енді көктен пана?

Көпті көрген көнекөз дана Дала,
Кімге айналып барамыз бара-бара?
Түсінбейді мені ешкім…
Армандымын —
Қырық тілінген жүрегім дала-дала…

***
Жандай болып көріндің де адал, ақ,
Көңіл көлін сайрандадың жағалап.
Қас пен қабақ аралығын пайымдап,
Атымды да берердей ең тағалап.

Өз-өзіңнен байқаттырып мәрттікті,
Жүрегіңнен ашып жүрдің әр жікті.
Тәлім-таным, ибалығың марқайтқан,
Болса болар сендей деп ем тәртіпті.

Сен осылай сендіріп ең секемсіз,
Өзгердің тез, сезінді бір шекем сыз.
Монтаны боп көрінгенмен жалт етер,
Ашып айтсам, құбылмалы екенсіз.

Сұр шайтаның бар ма сені түртетін,
Не жазып ем, менен сонша үркетін?..

***
Өзіңдей апталғалы бір есімге,
Күн кешем мазаң, кермек, білесің бе?
Әйтеуір, жүрек жадау, көңіл жамау,
Тек азап тағдыр берген үлесім бе?

Сырым бұл — сенбейсің бе, сенесің бе?
Қалмайды аяқ бассам елесің де.
Қаншама жұмыс басты болсам-дағы,
Тұрғаның қайталанып сен есімде.

Тұлғаңды қызықтырар нұрға малып,
Сәт сайын көз алдымда тұлғаланып.
Сезсең де жан жарасын сезбеген боп,
Сен жүрсің тынышымды ұрлап алып.

Күн кешем мазаң, кермек білесің бе?
Өзіңдей апталғалы бір есімге…

***
Қазақ емен жөн білмейтін, қаймана,
Жымысқы өмір…
Қулық-сұмдық…
Айнала.
Сабыр…
Сабыр…
Өрекпіме, жүрегім,
Ар-санамды, жігерімді жаймала.

Қуатымды өз ырқыма ерікті ет,
Ықтиярын аяулымның беріп кет.
Сұп-сұр аспан…
Жапырақсыз ну тоғай,
Мұңданады, Күнім, менің еріп кеп.

Мынау ағаш күйіп жатқан тұқылы,
Өніп-өспес келер күнмен тұқымы.
Сәмбі талың әлсіз, анау, тамыры —
Ұрпақ үшін күресуге құқылы …

Ұрпақ үшін бәріміз де құмбылмыз,
Біз оларсыз бейшарамыз — тұлдырсыз.

***
Бірде тулап, жуасыр бірде тегі,
Жұдырықтай жүрегім — жыр мекені.
Тереңінде мөлдіреп жатқан шығар,
Маржан-сезім теретін сыр жетеді.

Тіліменен мүбәрак аппақ ардың,
Бәрін-бәрін өзіңе ақтарармын.
Мадақтармын жыр етіп дүниеге
Сені берген пәк сыйын бақ-таланның.

Шаттанарсың сонда сен тасып күлкің,
Сырып тастап қайғы мен ашу бұлтын.
Сол бір шақта жаныңа жаз ұялап,
Ойдан өрге домалар тасың мүмкін.

Нұрға тұнар көңілім өзімнің де,
Ақ сәулемен астасып сезім мүлде.
Солай, жаным, әзірге жүре бер сен,
Құлағыңа сырға ғып сөзімді іл де…

***
Өмірде мынау көтерілдім талай заңғарға,
Түсіп те кеткем аңғалдықпенен аңғарға.
Сүрінген сәтте жебеп те алған қолдар бар,
Жемтік те болғам адами — ұқсас аңдарға.

Қоршаған мені жақсы да бейзат жамандар,
Пендені көргем жандарын жалдап амалдар.
Қиналып қанша жүрсем де арды сатпадым,
Жайсаңдар болған халімді ұғып, бағамдар.

Емендей шөккем жайрап бір қалған дауылдан,
Қашпадым бірақ бейнеттен, келер ауырдан.
Шөлейтте қалған жаныма сусын бола алдың,
Демедің мені, артық боп кейбір бауырдан.

Үдесінен шығып талап пен тілек, талғамның,
Аллаға шүкір…
Ынтымақ, ырыс — бар маңым.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button