Мәдениет

Әзірбайжанда Ақтөбе облысының туристік әлеуеті таныстырылды

Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы және Visit Aktobe туристік орталығы отандық туризмді дамыту, аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында шетелдерде роуд-шоу өткізді. Сондай мәдени-танымдық шараның бірі – Әзірбайжан астанасы Бакуде ұйымдастырылды.

«Ақтөбе облысы Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігі және әлемнің екі бөлігі – Еуропа мен Азияда орналасқан. Бірегей географиялық орналасуы мен табиғи-климаттық жағдайларының арқасында өңір Қазақстанның алдыңғы қатарлы орталықтарының бірі саналады. Облыс құрамында 12 аудан бар, олардың әрқайсысы өзінше әдемі және бірегей. Ақтөбе өңіріне  саяхаттай отырып, сіз шынымен де Жердің әр түкпірінде болғандай әсер аласыз»,—  деп атап өтті Visit Aktobe туристік орталығының директоры Жәнібек Алтынбекұлы.

Алдымен іс-шара өңірдің туристік мүмкіндіктері қамтылған таныстырылымнан басталды. Ақтөбелік делегациятарихи ескерткіштер, қызықты туристік бағыттар, экстремалды турлар және ерекше демалыс орындары туралы баяндады. Олардың қатарында «Ақтолағай» борлы тау кешені,  «Аққайын» орман алқабы, Қарғалы су қоймасы, «Орқаш орманы», «Ақбота-Сәңкібай» шоқысы, «Барқын орманы», «Ырғыз Торғай резерваты», «Аққұм» шөлі, «Абат-Байтақ» мемриалдық кешені бар.

«Ақтөбе облысында 72-ден астам тарихи-мәдени нысан бар, оның 27-сі – Ұлттық қорға енген. Туристерге біз тарихи және табиғи жерлерге жеке және топтық экскурсияларды да ұсынып келеміз.  Мысалы, жыл сайын жиһанкездерді«Қасқыр сарқырамасын» көруге апарамыз. Бір ерекшелігі — сарқырамадағы әдемі көріністі көктемде, Бадамша-Әлімбет үстіртінің шыңдарындағы мұздықтар еріген кезде ғана көруге болады. Биыл ол жергебарған адамдар саны көп болды. Біз 2023 жылы келушілер саны артады деп жоспарлап отырмыз»,—  деп атап өтті Жәнібек Алтынбекұлы.

Ақтөбе өңірінің інжу-маржаны – «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік қорығы. Оның аумағында ірі өзендер мен көлдер бар, жануарлардың 29 түрі, құстардың 170 түрі мекендейді, олардың 30-ы «Қызыл кітапқа» енгізілген. Мұнда туристер жабайы бұландарды, еліктерді, ақбөкендерді және қабандарды кездестіре алады.

«Табиғаттан басқа,адамдар бізге аңшылық және балық аулау туризміне келеді. Біз сондай-ақ гастрономиялық туризмді дамытамыз. Мәселен, жақында қазақ халқының асханасын кеңінен қамтыған «Сарқыт» мұражай-мейрамханасы салынды. Бір сөзбен айтқанда, аймақта қыста да, жазда да әрқашан көрсететін нәрсе бар. Дегенмен, өңірге келудің кез-келген уақытықолайлы. Ал «Ақтолағай» борлы тау кешеніне қыркүйек және қазан айларында барған жөн. Бұл кезде Қазақстанға келу билеттердің бағасы өте қолайлы болады. Бір бағытта ұшақпен ұшу шамамен — 3 мың рубль», —  деді туроператор Еркебұлан Аймұратұлы.

Іс-шара ақтөбелік дизайнер Малика Дүйсенбаеваның түрлі-түсті ұлттық элементтері бар заманауи костюмдерінің жаңа топтамасын таныстырумен жалғасты. Сәнгердің сөзінше, бұрын адамның бүкіл жағдайы оның костюмі арқылы көрсетілген екен. Мәселен, күйеу жігіттің туыстары оның қалыңдығының сәукелесіне қарап баға берген. Бас киімде асыл тастар неғұрлым көп болса, қалыңдық соғұрлым бай болады.

«Қазақтар, әзірбайжандықтар, жалпы түркітілдес халықтар ұлттық киімдерінде әрқашан бірегей философияны бейнелейтін өрнектерді қолданған. Мен түркі өрнектерінің өзіндік трендке айналғанын байқаймын. Тіпті соңғы коллекцияларында итальяндық Gucci және Prada компаниялары әртүрлі ұлттық мотивтерді қолданған. Алайда, уақыт тенденцияларына сүйене отырып, біз дәстүрлер мен генетикалық кодты есте ұстауымыз керек екенін ұмытпау керек»,—  деп атап өтті дизайнер.

Әзірбайжандықтарға сүт өнімдері, құрт, жент,дәрумендер мен минералдарға бай «Зәру» шаруашылығының өнімдері ұсынылды. Қазақтың ұлттық тағамдары қонақтарға қатты ұнады.

Бакудің туроператорлары Ақтөбедегі сауықтыру және емдеу турларына, авторлық және экскурсиялық бағыттарға қызығушылық білдірді, болашақ серіктестік орнату жайын егжей-тегжей талқылады.

А.РАЙС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button