Мәдениет

Тик-токта танылған Аяна тарихи киноға түсті

Тик-ток желісі бойынша көпшілікке танымал ақтөбелік Аёка отандық тарихи киноға түсіп қайтты. Кішкентай актрисаның толық аты-жөні — Аяна Бауыржанова.

Ата-анасы Нияз Бауыржанұлы мен Орынгүл Көптілеуқызы өнерлі қыздарын кішкентайынан «Аёка» деп еркелетеді, халық та оны әлеуметтік желілерде осы атпен таныды.

Үш жарым жастан бастап анасының инстапарақшасы арқылы көпшіліктің көзайымына айнала бастаған Аянаның әлеуметтік желідегі көрермені күн санап көбейіп келеді. Бүгінде оның өз парақшасы бар. Аянаның бейнематериалдары әсіресе tik-tok желісінде кеңінен танымал.

— Киноға түсуге аяқ астынан ұсыныс түсті. Драматург, кинорежиссер Данияр Саламат tik-tok желісіндегі Аянаның парақшасын көріп,кастинг директорына «осы қызды шақырыңыздар» депті. Бізге кастинг директоры хабарласып, режиссер түсіргелі жатқан тарихи киносының кастингіне Аянаны шақырғанын айтты. Ұсынысты қабыл алдық. «Талақ» атты тарихи фильм Алматыда түсірілді. Кинода Ұлпа деген кедей қыздың рөлінде ойнады. Сабақтан сұранып, екі аптадай уақыт түсірілімге қатысып келдік,— дейді Аянаның анасыОрынгүл Көбейсінова.

Тик-токта сүйкімді қылықтарымен танылған Аянаның жасы жетіде. Қазір Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназияның 2-сыныбында оқиды.

Анасының айтуынша, актерлік шеберлік, хореография  сынды үйірмелерге қатыспаса да, Аянаға киноға түсу қиынға соқпапты. Тіпті өзіне берілген мәтіндерді де тез жаттап алған.

Аянаның өзіне киноға түсу алаңының ұнағаны соншалық — «өскенде кім боласың?»деген сұрағымызға еш ойланбастан «актриса боламын» деп жауап берді.

Бауырмал, елгезек Аяна қазірдің өзінде сүйкімділігімен көрермен көзайымына айналып үлгерді. «Талақ» фильміне түсуі — оның кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы. Өнерлі балақайдың алар асуы әлі алда.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button