Мәдениет

Дәстүр мектебі

Технология қанша дамыса да, қолөнерге деген сұраныс жыл санап артып келеді. Кез келген адам қолдан жасалған, баламасы жоқ бұйымдардың қай жағынан да ерекше екенін әлдеқашан түсінген. Қазақстан Қолөнершілер одағы Ақтөбе филиалының жетекшісі Лаура Бердібекова бұның жарқын мысалы ретінде өзінің шеберлік сабақтарына асығатын жастардың көптігін мысал етеді.. Облыстық өнер музейі жанынан құрылған «Дәстүр мектебі» жобасына қызығушылық танытушылар көп.

Аталған жобаның мақсаты — жас ұрпаққа өнер үйрету арқылы тілімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді бойына сіңіру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілетін дамыту.

«Дәстүр мектебі» жобасына алғашқы күннен-ақ жетекшілік ететін Лаура Бердібекова ай сайын шеберлік сабақтарын өткізіп, игі іске өзге әріптестерін де жұмылдырып жүр. Мұнда кестеші, тігінші, суретші, зергер, ағаш шебері, т.б. өнер иелері тәжірибесімен бөлісіп, келушілердің сұрақтарына жауап береді.

— Авторлық жобамда ақтөбелік оқушылар мен студенттерді, жалпы талапты жастарды қамтуды мақсат етеміз. Жігіттер-қыздарға ой салып, рухани азық алуға талпындырсақ, мәдениеттің қай саласына да бүйрегін бұрсақ, тілегіміздің орындалғаны деп білемін. Өйткені менің түсінігімде өнерге, спортқа жақын бала жаман әдеттерге үйір болмайды. Оған уақыты да болмайды, — дейді ол.

Айталық, сондай кездесу осы қаңтар айында қаламыздағы №56 және №77 орта мектептердің оқушыларымен ұйымдастырылды. Бұл жолы қазақ халқының зергерлік өнері туралы сөз қозғалып, оның бастау алған тарихы мен бүгінгі тынысына дейін қысқаша мәлімет берілді. Артынша күмістен жасалған бұйымдардың қадір-қасиеті, қолдану аясы жөнінде айтылып, ақтөбелік зергер Құрал Аманғалиев шеберлік сабағын өткізді. Шебер — Алматы қаласындағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің түлегі. Ол шығармашылық жолында кездескен қиындықтар, металды балқытудың қыр-сыры, зергерлік бұйымдарды тағудың жөн-жосығы туралы кеңінен мағлұмат берді. Осындай ақысыз негіздегі кездесулер һәм шеберлік сабақтары жоспарлы түрде өткізіліп тұрады.

— Қазақтың өнері бай ғой. Шығармашылықтың сан саласында еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Солардың көрген-білгенімен бөлісетін шеберлік сабағына қатысқыңыз келсе, облыстық өнер музейіне жолықсаңыздар болады. Алдын ала кесте құрылып, әлеуметтік желілер арқылы хабарланатын болады, — дейді облыстық өнер музейінің қызметкері Динара Ибрашева.

Қазақстан қолөнершілер одағының өңірдегі өкілдігі облыстық өнер музейі жанынан 2019 жылы құрылғанын айта кету керек. Әр салада белсенді еңбек етіп жүрген шеберлер — кестеші, тігінші, суретші, зергер, ағаш шебері, саз және терімен жұмыс жасайтын өнер иелерінен тұратын  ұйымның алға қойған мақсаты көп, жоспары айқын.

Жас ұрпаққа тілімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, құндылықтарымызды насихаттап, өнеріміз арқылы олардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін арттырғымыз келеді. Сондай-ақ мемлекеттің «Мәңгілік ел» саяси стратегиялық бағдарламасы аясында ұлттық қолөнерімізді сақтау және дамыту — басты мақсаттарымыздың бірі.

Ұйымның міндетіне ұлттық қолөнер түрлерін өзгелерге үйрету, сол арқылы дәстүрлер сабақтастығын одан әрі жалғау да кіреді.

Қазақстан Қолөнершілер одағы Ақтөбе филиалының құрамында Ерқосай Әбілов, Болат Атыраубаев, Нұрлан Жақыбаев, Орынбасар Төлегенов, Азамат Қошетеров, Жұлдыз Тұралина, Гүлден Аязбаева, Ұлжан Назарова, Роза Бисекенова, Гүлнұр Асқарова бар.

Бәріміз мектеп оқушыларымен, жоғарғы оқу орны студенттерімен, елді мекендегі халықпен кездесулер өткізіп, түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Сол арқылы тәжірибемізбен бөлісеміз. Одақтың осындағы мүшелері болып жер-жедегі байқауларға қатысып, фестивальдерден қалмауға тырысамыз, — дейді Лаура Бердібекова.

Аталған ұйымның Ақтөбедегі филиалының жұмыс кестесі облыстық өнер музейі басшылығының бекітілуімен іске асатынын, соның аясында шеберлер көрмесі, шеберлік сағаттары, түрлі кездесулер өтетінін білдік.

Әңгімелесушіміз сөз арасында жерлес қолөнершілерді толғандыратын мәселені де атап өтті. Бұл —басыбайлы ғимараттың жоқтығы. «Тәуелсіз еліміздің қолөнерінің одан әрі дамуына үлес қосу — біздің азаматтық парызымыз. Жүрек қалауымыз болғандықтан, бұны басқаларға міндет ету ойымызда жоқ. Тек көптен бері көтеріліп келе жатқан шеберхана салу ісі аяқсыз қалмаса екен. Арманымыз сол. Бәріміз жиналатын, жұмыс істейтін ғимаратымыз болса деген тілегіміз бар. Бұл мәселені қанша рет айтып жүрсек те, нәтиже болмай тұр…», деп бұйымтайын білдірді Қазақстан Қолөнершілер одағы Ақтөбе филиалының жетекшісі.

Айта кетейік, Лаура Қуантайқызы — «Шапағат» медалінің иегері, педагогика ғылымдарының магистрі,  өңірімізде «біз кесте» өнерін дамытып, шәкірттер тәрбиелеген шебер.

Айбек ТАСҚАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button