ПікірСайлау

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

Матай НҰҒЫМАНОВ,
Шұбарқұдық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесі шыққаны белгілі. Меніңше, бұл — дұрыс бастама.

Өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында да ел Президенті осы мәселеге тоқталып, алда сайлаудың өтетінін хабарлаған еді. Енді, міне, соған қатысты нақты мәлімдемесі де шықты. Онда Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойғаны айтылды. Соған сәйкес Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 19 наурызда, ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мерзімде өтетін болды.

Ең бастысы, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатын болды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Яғни депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Бұл Жаңа Қазақстандағы басты жаңашылдық деп білемін. Әсіресе халық арасынан шыққан, өз замандастарына шынымен жаны ашитын, сол жұртшылықтың қолдауына ие болған адамдар енді саясат сахнасына шыға алатынына разымын. Егер бұл сәтімен іске асса, билік басында, басқару жүйесінде үлкен өзгерістер болатынына сенемін.

Қарапайым халық кез келген сайлаудан әлеуметтік жағдайдың жақсаруын, ел тұрмысының оңды өзгеруін күтеді. Сол қатарда мен де бармын. Сондықтан ашық һәм әділ сайлауды, билікке қарапайым еңбек адамдарының келуін құптаймын.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button