Денсаулық

Дені сау ұрпақпен дамимыз


Өткен аптада облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының ақпараттық технологиялар бөлімінде салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлерімен «Ұлт болашағы – ұрпақ саулығында» атты сұхбаттасу кеші өтті.

Жастық шақ – адам өмірінің ең бір белсенді, ең бір өнімді кезеңі. «Болашақ бүгіннен басталады» десек, ертеңгі біздің келешегімізді жалғастырушы жас ұрпақтың қоғамға ойы таза, санасы сергек, заманымыздың қазіргі талабына сай дені сау, салауатты болуы шарт. Кештің басты мақсаты да – осы.

Әуелі салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас маманы Жанна Сатқұлова және осы орталықтың маманы Рысты Сұлтанова, одан соң №1 қалалық кеңес беру-диагностикалық емхананың терапевт дәрігері Гүлжанат Лепесова, облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Сағира Санжанова есірткінің, темекінің, ішімдіктің адам ағзасына, қоғамға зияны туралы әңгімелеп, жас ұрпақтың зиянды әдеттерден аулақ болуы керектігін айтты.

Кешке №1 кәсіптік-техникалық лицейдің оқушылары мен №36 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Қатысушылар сұрақтар қойып, мамандар жауап берді.

Кітапхананың оқу залында тақырыпқа орай «Салауатты өмір – денсаулық кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге библиографиялық шолу жасалды.

Зиянды әдеттерге қарсы жазылған плакаттар ілініп, бейнефильмдер көрсетілді.

Салауатты өмірді насихаттаған кешті кітапхана директорының орынбасары Ұржан Кудасова жүргізді.

Бағдагүл МАХАМБЕТАЛИЕВА,

С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы

ақпараттық технология бөлімінің бас кітапханашысы.

Тоқсан соңындағы тексеріс

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының  қорытындысы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу барысында 4277 тамақ өнімдерінің сынамасы зерттелді.

Зерттелген тамақ өнімдерінің сынамалары қоғамдық тамақтану орындары мен тамақ өнеркәсібінен, базардан, сауда орындары мен  басқа да ағымдағы бақылауда тұрған нысандардан алынды.

Былтырғы жылмен салыстырғанда сәйкес келмейтін тамақ өнімдері сынамаларының үлес салмағы биыл бір деңгейде қалып тұр. Микробиологиялық көрсеткіш 1,9  пайыз болса, санитарлық-химиялық көрсеткіш – 0,2 пайыз.

Санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін сынамалар тамақ дайындаудың технологиялық процесінің бұзылуы мен дайын тағамдардың дұрыс және жеткіліксіз термиялық өңдеуден өтпеуінен әрі тасымалдау, сақтау ережелерінің дұрыс сақталмауынан туындап отыр. Мәселен, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін сынамалар алынған тағам түрлерінің ішінде салаттар – 30 пайыз, кремді кондитерлік өнімдер – 25,0 пайыз, дайын тағамдар – 18,0 пайыз, ет өнімдері – 15,0 пайыз, шикізат өнімдері – 5,0 пайыз, басқа тамақ өнімдері 5,0 пайызды құрайды.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеген тамақ өнімдерін  сатқан нысандардың басшыларына 509 айыппұл  салынды. Бұл – 5 044 561 теңге. Тамақ өндіру, дайындау нысандарында жұмысшылардың уақтылы медициналық тексерістен өтпеуінің салдарынан 85 адам уақытша жұмыстарынан босатылды. Анықталған санитарлық заң бұзушылықтар бойынша 11 тамақ нысанының жұмысы тоқтатылды. Осы кезең ішінде сәйкестілігін растайтын ілеспе құжаттардың жоқтығынан 178 келі тамақ өнімдері сатылудан алынып тасталды.

Сапасы нашар тамақ өнімдерінен пайда болатын жұқпалы ішек аурулары мен жаппай тамақтан  уланудың алдын алу мақсатында  осы жылдың 20 сәуірінен

20 мамырына дейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі қоғамдық тамақтану орындары мен тамақ өнеркәсібі нысандарының, базарлардың көктемгі-жазғы жұмысқа дайындығы бойынша байқау ұйымдастыратынын хабарлаймыз.

Л.РШАУОВА,

мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық

қадағалау басқармасы Ақтөбе облыстық департаментінің бас маманы.

Тұрғын денсаулығы тұтылмасын

– Қазір көктемгі егіс жұмыстарына байланысты дақылдарды химиялық өңдеу, пестицидтерді дұрыс қолдану, жою, тасымалдау және сақтау істері жүргізіліп жатыр. Бұл іс санитарлық қызметтің қатаң бақылауын талап етеді.

Өткен жылы облыстың 6 ауданының 47 шаруашылығында егіндік тұқымдар 18 препарат түрлерімен өңделді. Сондай-ақ, 161 000 гектар жер өңделіп, оның 47 000 гектарына авиахимиялық өңдеу жасалды.

Өткен жылы пестицидтердің, өсімдіктердің химиялық, биологиялық қорғау препараттарын сақтау, тасымалдау және қолдану жағдайларының дұрыс жүргізілмегеніне байланысты шаруашылық қожайындарына 13 айыппұл салынды. Мұндай заң бұзушылықтардың бірі Қарғалы ауданында тіркелді. Мұндағы шаруа қожайыны егіндік және картоп егу алқаптарына авиахимиялық жұмыстар жүргізу ісінде алдын ала санитарлық қызметпен келіспеген. Бұл жұмыстар алаң маңайына 50 метр қашықтықта су қоймаларының орналасуына қарамастан жүргізілген.

Біз көктемгі егін жұмыстарына байланысты тұрғындар денсаулығына химиялық заттардың зиянды әсерін болдыртпау мақсатында меншік түріне тәуелсіз барлық мекемелерге санитарлық қызметтен өсімдіктерге арналған қорғаныш химиялық заттарын алуға, оны сақтауға арнайы рұқсаттың болуын, қолданылатын улы заттардың (пестицидтердің) алдын ала тексеруден және тіркелуден өтуін, сәйкестік лицензияларының болуын ескертеміз. Ол үшін пестицидтер қойманың сыйымдылығына сәйкес алынуы керек. Әрбір шаруа қожалығының препараттармен жұмыс істеуге алынған рұқсат қағазы болуы қажет. Сондай-ақ, шаруашылық қожайындары авиахимиялық жұмыстарды (картограмма) жүргізу үшін әуелі санитарлық қызметпен келісуі тиіс.

А.КЕНЖАЛИНА,

мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық

қадағалау комитеті облыстық

департаментінің бөлім бастығы.

Ауырғыңыз келмесе…

Туберкулез – жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауа арқылы жұғатын жұқпалы ауру. Ал микроб таратушы – негізінен туберкулездің ашық түрімен ауыратын адам.

1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох науқастың қақырығын микроскоппен зерттеу арқылы тапқан туберкулез таяқшасы физикалық және химиялық әрекеттерге өте төзімді. Әсіресе, салқын жерде, кепкен жағдайда, шаң-тозаңда 2 айға дейін, кітаптардың беттерінде 3 айға дейін және қараңғы ылғалды жерлерде жақсы сақталады. Бірақ сода ерітіндісін қосып қайнатқанда және күн сәулесінде тез өледі. Туберкулез таяқшасын өлтіру үшін арнайы дезинфекциялық ерітінділер пайдаланылады. Науқаспен қарым-қатынас тек отбасында ғана емес, жұмыс орнында, қонақта және күтпеген жағдайда да болуы мүмкін.

Туберкулез ауруы адам ағзасының әр түрлі органдарын зақымдайды. Яғни өкпе, қолқа, сүйе-буын, бүйрек және жыныс органдарының туберкулезі бар. Сондай-ақ, лимфа жолдарына, көз, май қабығына да зиян келтіруі мүмкін. Ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі.

Бұл аурумен ауырған науқас ең алдымен балаларға өте қауіпті. Балаларды аман сақтап калу үшін алдын ала туберкулезге қарсы ектіру қажет. Алғаш рет нәрестені туберкулезге қарсы (БЦЖ) вакцинамен әйелдер босанатын үйде егеді, одан кейін 7 жаста қайталап егеді. Осындай алдын алу сақтық шараларының нәтижесінде балалар туберкулезбен сирек ауырады, ал ауыра қалса, сырқаттары жеңіл өтеді.

Вакцинаны қайталап егетін балаларды арнаулы ревакцинация туберкулиндік сынамасы (одан әрі Манту сынамасы) көмегімен іріктеп алады. Манту сынамасы күмәнді немесе теріс болған балалар туберкулезге қарсы қайта егіледі. Ал манту сынамасы «оң» болған балалар жан-жақты тексеруден өтеді, оларға жыл бойы ерекше бақылау қойылып, алдын алу шұғыл емдеу шаралары жүргізіледі (2 немесе 3 ай бойы).

Балалар арасында, әсіресе, «қауіпті» топтағы балаларға манту сынамасы жылына 1 рет қойылады. Қауіпті топқа әлеуметтік жағдайы нашар отбасындағы, яғни әке-шешесі ішімдік ішетін, нашақор және тұрақты мекен-жайы жоқ балалар, жиі ауыратын немесе суыққа қарсы ем алса да 3 апта бойы жөтел кетпейтін балалар; шекті лимфа түйіндерінің 4 топтан жоғары үлкен балалар, сондай-ақ гормондық препарат қабылдайтын балалар мен нәресте кезінде туберкулезге қарсы егілмеген (БЦЖ) балалар жатады. Бұл қауіпті топтағы балаларға манту сынамасы қойылғанан кейін, қорытындысына байланысты қажетті шаралар жүргізіледі.

Еденге және жерге түскен қақырық, түкірік кепкеннен кейін шаңмен араласып, ауаға көтеріледі. Осындай ауаны жұтқан адам туберкулезбен ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан туберкулезбен ауырып қалмау үшін жалпы тазалықты сақтаған жөн. Бөлмені жиі-жиі желдетіп алу, тамақ ішер алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу, ыдыс-аяқтың, киім-кешектің тазалығын сақтаған жөн.

Туберкулез таяқшасы ағзаға онайлықпен ене алмайды. Бұған себеп мұрын қуысы кілегей қабықтан тұрады. Осы қабықтан үнемі кілегей бөлініп, шаң-тозаңды ұстап қалады. Ал осы мұрын қуысында орналасқан талшықтар сырттан кірген шаң-тозаңды кері итеріп шығарады. Алайда туберкулез таяқшасының бір бөлігі ағзаға өтіп кетеді, сөйтіп қан және лимфа арқылы ағзаға таралып, басқа органдарға қонады.

Осы кезде ағзада қорғаныс жүйесі (иммунитет) жұмыс істей бастайды, яғни арнайы клетка – фагоциттер микробтарды жұтып, бөлшектер бөліп жібереді. Қан мен лимфада да антитела бөлініп, микробтарды әлсіретеді.

Туберкулез таяқшасы енген жерде түйін пайда болады, түйіннің айналасында тканьнің жасушалары қоршап тұрады. Көп жағдайда адам ағзасы жеңіп шығады, яғни туберкулез таяқшасы түйіннің ішінде қалып, әлсірейді, сөйтіп бірте-бірте тыртыққа (айналып) ауысып, кейде қатып қалады.

Инфекция жұқтырған адамның бәрі туберкулезбен ауыра бермейді. 5-10 пайызы ғана ауырып қалуы мүмкін. Үнемі жартылай аш жүретін адамдар, темекі шегетін, ішімдік, есірткі пайдаланатын адамдар басқаларға қарағанда туберкулезді жиі де, жылдам жұқтырып алады, яғни ол адамдардың туберкулезге қарсы күші аз.

Ауру малдың сүтін, етін пайдаланған кезде де туберкулез жұқтыруға болады. Қайнатылмаған сүт-ет, жұмыртқа тағамдарын, әсіресе, тексерілуден өтпеген малдың етін, сүтін пайдалануға болмайды.

Туберкулез ауруының негізгі белгілері:  2 апта бойы жөтелдің кетпеуі ( салқынға қарсы ем алса да), кеуде сүйектерінің ауруы, қан-ірің аралас қақырық тастау, тез шаршау, әлсіздене беру, тамаққа тәбеті тартпау, жүдеу, әсіресе, түнге қарай дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, ауа жетпеу.

Туберкулез ауруын дер кезінде анықтап, уақытында ем алған жағдайда,

ДОТС бағдарламасы бойынша 6 ай ішінде жазылады, ал асқынған түріне 9-13 ай уақыт бойы ем жүргізіледі. Ем алу кезінде үзіліс жасауға болмайды, егерде үзіліс жасалса, ауру созылмалы түріне ұласады. Бұл адамның отбасы үшін өте қауіпті, әсіресе, балалар ағзасы тез қабылдайды.

Егер туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір адам емделмесе, ол жылына 10-15 адамға осы ауруды жұқтырады.

Жадыңызда жүрсін! Өкпе туберкулезі ауруын мезгілінде табу үшін 15 жастан бастап жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтіп тұру қажет.

Нұргүл ОРЫНБАСАРОВА.

дәрігер-фтизиатр, облыстық туберкулезге қарсы күрес

диспансерінің аймақтық дәрігері.

Семинар

МАМАНДАР ДӘРІСІ, 25 ЖҰПТЫҢ КУӘЛІГІ

Сейсенбіде Ақтөбе қаласындағы азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) бөлімінде «Отбасы денсаулығы – халық денсаулығы» атты семинар өтті.

Семинар қалалық әділет басқармасының ұжымы мен қоғамдық бірлестіктердің мамандары, №3 кеңес беру-диагностикалық емхананың дәрігерлері өткізді.

Семинарды ашқан қалалық әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің бастығы Валентина Мамбетова:

– Жыл сайын облыс орталығында туу саны өсуде. Өкінішке орай, туу санының өсуімен қатар нәрестелердің қайтыс болу саны да өсіп отыр. Бір бала дүниеге келсе, ұрпақ көбеймейді, екі бала өмірге келсе, ұрпақ өте бәсең өседі. Ал үш бала ұрпақты жалғастырады, бес бала дүниеге келсе, ұрпақ өседі. Біздің мекеме жұптарды некеге отырғызады, туу туралы куәлік береді, сондықтан біз де бұл мәселеге алаңдаймыз.

Қазіргі таңда балалардың денсаулығы мен отбасылардың әл-ауқаты – ең басты мәселе, бұл – мемлекет, қоғам және отбасының алдында да ең басты міндет. Экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттерге үйір болу, жастардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы дені сау ұрпақтың өмірге келуіне кері әсер етеді, – деді.

№3 кеңес беру-диагностикалық емханасы педиатрия қызметі бөлімінің меңгерушісі Роза Тұңғатарова қатысушы жастарға нәресте туған күннен бастап 15 жасқа дейінгі аралықта жасалатын вакцинацияның маңызын, яғни ҚР ұлттық егу күнтізбесін назарда ұстау қажеттігін түсіндірді.

Бұдан соң №3 кеңес беру-диагностикалық емханасының учаскелік акушер дәрігері Айгүл Жәмиева, осы емхананың учаскелік терапевт дәрігері Дариға Шапенова, қала әкімі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Роза Исқазина нәресте күтімі, тамақтануы және гигиеналық шараларға ерекше көңіл бөлу керектігі, қорғану түрлері мен инфекцияның жұғуы, оның ішінде, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу туралы әңгімеледі. Ал «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова 25 жұпты құттықтап, бес жұпты ортаға шақырып, ойын ойнатты. Сондай-ақ, көпшілік арнайы әзірленген слайдты тамашалады.

Одан соң қалалық әділет басқармасы бастығының орынбасары Б.Құрманғазин некесі қиылған 25 жас жұпқа неке куәліктерін тапсырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button