«Кедейден» — кемелді шаққа!

«Ақтөбе» — 100!
Алдағы 2024 жылы облыстық «Ақтөбе» газеті өзінің ғасырлық биігіне көтеріледі. Республикадағы танымал басылымдардың біріне айналған бұл газеттің өзіндік тарихы, жүріп өткен жолдары, игерген белестері бар.
Газетіміздің бүгінгі санынан бастап жаңадан ашылатын «Ақтөбе» — 100 жыл» айдары арқылы біз сол кезеңдерді оқырман жадында қайтадан жаңғыртқымыз келеді.
Сонымен, газет өмірге қалай келді? Әңгіме әлқиссасын содан бастайық.
Алғашқы қадам
Қай қоғамда да баспасөздің алатын орны ерекше болса керек. Өйткені, Алашымыздың айбыны болған Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қалпы сақталмаған кезі болған емес.
Сонымен, 1924 жылдың 7 маусымында бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газетінің алғашқы саны оқырманына жол тартты. Газеттің атауынан байқалып тұрғандай, ол бұқараның мұңын жоқтады, ұлттық қажетін іздеді.
Бұл газет бастапқыда аптасына бір рет, екі бет көлемде жарық көріп тұрды. «Кедей» газетінің атауы астында «Ақтөбе губерниялық советі һәм партия комитеттерінің тілі» деген жазу тұрды.
Газеттің алғашқы сандарынан бастап «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар», сондай-ақ «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» айдарлары тұрақты көрініс табады. Бұдан басылымның жұртшылықты ақпараттандыру бағытын ұстанғанын аңғару қиын емес.
«Кедей» газеті редакциясының тұңғыш жауапты хатшысы болған Қ.Назаралин кейінгі бір естелігінде былай деп жазыпты: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік. Бір сөзбен айтқанда, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік».
Қазақтың көрнекті журналисі Әбдуәли Қарағұловтың 1967 жылы жазылған естелігі былай өріледі: «…Қазақстанда облыстар құрылды. Осыған байланысты «Алға» газеті 1932 жылы наурыз айының орта кезінде «Социалдық жол» деген жаңа атпен облыстық газет болып қайта құрылды. Бұл — бұрынғы округтік «Кедей» газетінің «Алға» болғаннан кейінгі үшінші аты. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің саны едәуір өсті. Менің үлесіме ауыл шаруашылығы секторының меңгерушілігі тиді. Редактор бастаған оннан астам адам екі бөлмеде орналастық.
1934 жылы армия қатарынан оралып, газеттің жауапты хатшысы болып істедім де, 1936 жылдың тамыз айында Алматыға кеттім. Ол кезде газеттің редакторы Меңетай Жақсылықов еді. Мен хатшылық жұмысты Ержанов Кәрімге тапсырдым».
Міне, осы жазбалардан-ақ алғашқы талпыныстар мен қиындықтарды анық аңғаруға болады. Сол тұста газеттің басты міндеттері қатарында, яғни көтеруге тиіс тақырыптары аясында — ауылдарды советтендіру, партия мен үкіметтің саясатын қалың бұқараға түсіндіру, ауқаттылардың астыртын жүргізетін күресін қауіпсіздендіру, байлар иемденіп келген шабындықтарды жалшы-батырақтарға бөліп беру, қосшылар одағының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін көбейту мәселелері тұрды.
Газеттің алғашқы сандарынан авторлар тобы қалыптаса бастағаны байқалады. Қазақ оқығандары ішінен белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Кедейдің» штаттан тыс тілшілері қатарынан табылады.
Облыс өңіріндегі өркенді өзгерістер, экономикалық ілгерілеулер, индустриалды даму қадамдары газеттің басты тақырыбына айналды. Мәселен, Ұлы Отан соғысының алдында өңірде бой көтерген өндіріс алыптары — Алға химия комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа құрылысы зауыттарының алғашқы қадамдары туралы оқырманға жүйелі хабарланып тұрды. Газетте қарапайым еңбек адамдарының тұлғасы айшықталып көрінді. Атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің іс-тәжірибесі осы басылымда кеңінен насихатталды.
Елімізге тұтқиылдан келген кесапат — Ұлы Отан соғысы қалам иелеріне де жауапкершілік жүктеді. Бірқатар белсенді журналистер сол кезде қолдарына қару ұстап, майданға аттанды. Олардың қатарында есімдері елге танылып үлгерген Абдолла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сынды журналистер бар еді. Ел қорғау жолында қаза тапқан осы ерлердің есімі газет тарихында мәңгі сақталады.
Соғыстан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру, тың игеру, басқа да күрделі мәселелер облыстық басылымның тұрақты тақырыбына айналды.
Қалыптасу кезеңдері
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында газеттің кадрлар құрамы жаңарып, университет бітірген жас мамандармен толығып, өзгерісті кезеңді бастан өткерді. Бұған бірнеше облыстың бірігіп, өлке құрылуы да әсерін тигізді. Сол кезде өлкелік деген атауымен шыққан «Батыс Қазақстан» газетінің оқырмандары бұрынғыдан көбейе түсті. Газет басшылығы өз орталарына штаттан тыс авторлар құрамын нығайтуға, интеллигенция өкілдерін, еңбек адамдарын көбірек тарта бастады. Өлкелік газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі болуы — осының айғағы. Сондай-ақ аудандарда жергілікті тілшілер посты құрылды. Ақтөбе қаласында ауыл-село тілшілерінің слеті өткізілді.
Облыстық басылым өзінің сол қалыптасу кезеңдерінде Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінің арнаулы дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және басылымның «облыс еңбекшілеріне коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық және мәдени құрылыстың міндеттерін орындауға жұмылдыру жөніндегі жемісті жұмысы үшін» қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қызметі бағаланып, еңбек ұжымына «Құрмет белгісі» ордені берілді.
Мұның барлығы сайып келгенде алғашқы қадамнан басталған ізденістердің, ілгерілеулердің жемісі еді. Осы орайда газеттің алғашқы буын басшылары — Абдолла Жәнібековтің, Кенжеғали Абдуллиннің, Тумыш Сарқожаевтың, Меңетай Жақсылықовтың, Мұқсым Қобдабаевтың, Құбаш Қожамұратовтың, Смағұл Мұқашевтың есімдерін бүгін де құрметпен атап, еске аламыз.
Облыстық газеттен көптеген елге танымал ақын-жазушылар түлеп шықты. Олардың ішінде ұшқан ұяларын ұмытпай, өлең арнап, жылы лебіздерін білдіріп отырғандары да аз емес.
Солардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхтар Құрманалин:
Біраз жыл сөзін сөйлеп «Ақтөбенің»,
Сарбаздай болғаным бар сапта менің.
Жұртымның жөнсіз жағын сынап қойып,
Табысын тіл жеткенше мақтап едім…—деп тебірене жырлады.
Ал кезінде осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбай:
«Ақтөбе» боп тіреп қазір ат басын,
Айқара аштың әрбір үйдің қақпасын.
Бай боп, барша мұратыңа жеткейсің,
Қайта «Кедей» атанудан сақтасын!—деп ақжарма тілегін білдірді.
Алдындағы ағаларының ізін баса өскен, газетке сексенінші жылдардың басында келген Ертай Ашықбаев:
Ұябасар құс секілді газетім,
Тау көтерер күш секілді газетім.
Шаршағанда жырым-жырым тірліктен,
Жұбататын түс секілді газетім,— деп сол ықыласты ойларды одан әрі жалғастырды.
Облыстық газеттің қалыптасу кезеңдерінде басылымда журналистердің қуатты толқыны қызмет атқарды. Олардың проблемалық мақалалары, ойлы очерктері, семсер тілді фельетондары тіпті республикалық газеттерде де жарияланып жатты. Бірқатарының кітаптары жарық көрді сол кезеңдерде.
Бұл енді алдағы уақыттың әңгімесі.
ШЕЖІРЕГЕ ҮҢІЛСЕК:
1924 жылғы 7 маусым — газеттің тұңғыш саны төте жазумен (араб әліпбиі) «Кедей» деген атпен жарыққа шықты. Таралымы — 600 дана.
1930 жылғы тамыз — округтер мен уездердің орнына аудандар ұйымдасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді. Таралымы — 400-500 дана.
1932 жылғы 13 наурыз — облыс құрылып, газеттің аты әуелі «Социалдық жол», сосын «Социалистік жол» болып өзгерді. Таралымы — 6000-10000 аралығында.
1962 жыл — өлке құрылуына байланысты газеттің атауы «Батыс Қазақстан» болды.
1965 жыл — бұдан былай облыстық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты.
1990 жылғы 12 қазан — облыстық газет «Ақтөбе» атауын иеленді.
Бүгінгі күннің бағамы
Еліміз егемендігін алған, тәуелсіздікке ұмтылған жылдары облыстық газет оқырмандарымен байланысты бұрынғыдан да нығайта түсті. Осы тұста газет атауы «Ақтөбе» болып өзгерді. Нарық талабына сәйкес экономикалық қиындықтар газет редакциясын да айналып өткен жоқ. Баспахана бағасы қымбаттады, тіпті газет шығаратын қағаз табылмай қалған кездер де болды. Журналистер бірнеше айлар бойы айлық алмай жүрді. Соған қарамастан,олар жұмыс орындарында тапжылмай отырып, елге жақсылықты үндеумен болды.
Газетке жазылудың қиындығы қаражат тапшылығына байланысты еді. Сол кезде баламалы әдіс өмірге енгізілді. 1997 жылғы таралым кезінде ол 55 пайызға, 1996-1999 жылдары 65 пайызға дейін жеткізілді.
Облыстық «Ақтөбе» газеті қазіргі уақытта «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында бірнеше басылыммен қатар, жаңа уақыт талабына сай ұмтылыспен қызмет етуде. Бұл ретте оқырмандармен байланысты нығайта түсу, жұртшылық қажет ететін күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді көтеру сияқты міндеттер алға қойылуда.
Газеттерге жазылу барысында аудандағы күндер, түрлі марафондар ұйымдастыру қолға алынды. Кейінгі жылдардың өзінде Ойыл, Байғанин, Шалқар, Мұғалжар, Темір, Ырғыз, Алға, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында «Ақтөбе» газетінің күндері өткізілді.
Осындай игілікті шаралардың бірі — «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттері 2021 жылға баспасөзге жазылу науқанына байланысты «Өз газетіңізге жазылыңыз!» марафонын жариялаған еді. Марафон кезінде газетке жазылған әрбір оқырман лотереяға қатысып, бағалы сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде 15 оқырман жеңімпаз болып, екі газетте тағайындаған бағалы сыйлықтарды «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге салтанатты түрде табыстады. Сол кезде мұғалжарлық оқырмандар аса белсенділік көрсетті.
Екі облыстық газеттің 15 сыйлығының екеуі — Ақтөбе қаласының, екеуі — Ырғыз ауданының, екеуі — Темір ауданының, біреуі Темір ауданының және сегізі Мұғалжар ауданының тұрғындарына бұйырды. Бір қызығы, мұғалжарлық 8 жеңімпаз оқырманның алтауы Жағабұлақ ауылында тұрады екен. Солардың қатарында Жаңажол орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жадыра Боқашева тоңазытқышқа ие болды.
Шалқар ауданында болған кездесуде жиналған жұртшылық алдында «Ақтөбе Медиа» компаниясы атынан дайындалған Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Сүлейменов, қоғам қайраткері, облыстың Байғанин, Темір және Шалқар аудандарын басқарған көрнекті тұлға Сматолла Беркімбаев және Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымының докторы, профессор, Шалқар ауданының құрметті азаматы Серікқали Байменше атындағы сыйлықтар тапсырылды.
Сондай-ақ облыстық газеттердің белсенді оқырмандары марапаттарға ие болды.
Аудандық «Шалқар» газетінің бас редакторы Мұхтар Мырзалин Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымы жариялаған «Тұтас елсің, бөлшектеніп, бөлінбес…» конкурсының жеңімпазы ретінде арнайы диплом мен сыйлық алды.
Байғанин ауданында болған кездесуде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сұлтан Аманғосов, ұлағатты ұстаз Нұрман Қорбин, ғалым-дәрігер Қуандық Дүйсенов, көрнекті қаламгерлер Тобық Жармағанбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев атындағы сыйлықтар белгіленіп, белсенді оқырмандарға тапсырылды.
«Ақтөбе» газеті бүгінгі күні өзінің 100 жылдығы қарсаңындағы жаңа беттерін жазуда. Жаңа жылдан бастап жаңа айдарлар ашылып, тың тақырыптар көтерілуде. Бұрыннан бар «Оқырман» айқара беті тұрақты беріліп тұрады.
Ең бастысы, ғасыр биігіне бет алған газет ұжымы өз шежіресін қайталап бір сүзгіден өткізіп, алдағы кезең баспалдақтарына, қымбатты оқырман, сіздермен бірге қадам баспақшы.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



