Білім

Біздің мақтаныштарымыз

Былтыр жыл аяғында ақтөбелік төрт ұстаз «Үздік педагог — 2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Облыс абыройын асқақтатқан ұстаздар —М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Жолаева, Ақтөбе орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Әли Жұбанышев, Ақтөбе қаласы 31 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гульзифа Құспанова және Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Салтанат Есқалиева. Конкурс қорытындысында олардың әрқайсысына 3 миллион теңге көлеміндегі (1000 АЕК) сыйақы табыс етілді. «Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 48 ұстаз үздік атанды.

10 жыл және 48 жеңімпаз

Педагогтердің мәртебесін арттыру, үздік педаогтердің іс-тәжірибесін кеңінен таратуды мақсат еткен «Үздік педаог» байқауының ұйымдастырылып жатқанына 10 жыл болды. Осы 10 жылда біздің облыстың 48 педагогі жеңімпаз атанды.

Мектептер арасында Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты көш бастап тұр. Аталған білім шаңырағында 4 педагог — Мейрамгүл Нұрбаева (2013 жыл), Гүлназ Мыңжасарова (2018 жыл), Балия Жолаева (2020 жыл) және Гүлзат Жолаева (2022 жыл) үздік атанды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы мектептерден — 24, Хромтау ауданынан 2 мұғалім жеңімпаз атанған. Темір, Алға, Қарғалы, Қобда, Байғанин аудандарында бір-бірден үздік бар. Ал Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында байқау жеңімпаздары мүлде жоқ.

Колледждер арасында үздігі көп оқу ордасы — Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі. Бұл оқуорнында 6 оқытушы үздік атанды. Жалпы колледждердегі үздіктердің үлесі — 10 педагог.

Байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында ел бойынша жарысқа 5,5 мыңнан астам мұғалім бақ сынады. Өтініш берген сәттен бастап үміткерлер байқаудың динамикасын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды. Біздің өңірде облыстық кезеңде 36 мұғалім іріктеуден өтіп, оның бесеуі жеңімпаз атанған болатын. Республикалық конкурстың қорытындысында төртеуі үздік атанды,— дейді Нұргүл Бертілеуова.

Жалпы облыстағы 404 мектепте 19 136 педагог қызмет етеді.

Жаңа талаптарға сәйкес 2018-2021 жылдар аралығында 12 673 адам аттестациядан өтті. Нәтижесінде 105 педагог-шебер, 3972 педагог-зерттеуші, 4399 педагог-сарапшы, 4197 педагог-модератор бар. Өңір педагогтерінің сапалық көрсеткіші — 66,2 пайыз.

Облыс мектептерінде 529 мұғалімнің магистр дәрежесі бар, төртеуі — ғылым кандидаты, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Ақтөбе қаласында 13 жекеменшік мектеп бар. Онда 482 мұғалім еңбек етеді. Оның екеуі — педагог-шебер, 66-сы — педагог-зерттеуші, 42-сі — педагог-сарапшы, педагог-модератардың үлесі — 70 мұғалім.

Үздіктер

Республикалық байқауда облыс мерейін үстем еткен ұстаздың бірі — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Жолаева.

— Байқаудаүшінші рет бақ сынадым. Бұл жолы бағым жанып, жеңімпаз атандым. Байқау жылдағыдан өзгеше форматта өткізілді. Республикалық кезеңге жолдама алған педагогтерге соңғы3 жылдағы жетістіктері қатталған портфолио ұсынумен қатар, Астана қаласындағы мектептерде ашық дәріс берді. Соған сәйкес Елордадағы №71 мектеп-лицейінде сабақ бердім, — дейді Гүлзат Мырзағалиқызы.

2007 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен тәмамдаған Гүлзат сол кезден бері М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейде еңбек етіп келеді. Біліктілік санаты — педагог-шебер.

Үздік ұстаздың шәкірттері түрлі білім додаларында жеңімпаз атанып жүр. Мысалы, Гүлнафис Тыныштыққызы жалпы білім беретін пәндік олимпиаданың облыстық, республикалық кезеңінде де бас бәйгеніиеленді. 2019-2020 оқу жылында Алтынай Нәбиева облыстық пәндік олимпиадада —  1-орын, республикалық додада 3-орын алды. Аталған оқу жылында 9-сынып оқушылары Илдирим Жамаева мен Гүлназ Сегізбаева жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 1-орын иеленіп, Алматы қаласында өткен республикалық кезеңде мақтау қағазымен марапатталды.  Ал 10-сынып оқушысы Бауыржан Жақсылықов Абай оқуларының облыстық және республикалық кезеңінде де жеңіс тұғырынан көрінді.

Гүлзат Жолаеваның шәкірттері — «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының, «Достық» олимпиадасының, «Зерде» ғылыми жоба сайысының, «Ақберен» байқауының және Абай, Мағжан оқуларының да бірнеше мәрте жүлдегерлері.

Оның оқушылары «Ұшқыр ой алаңы» дебат қозғалысы бойынша өткен дебат турнирлерінің де бірнеше мәрте жеңімпазы болды. Мысалы, «Креатив» фракциясының спикері Құралай Сұңғатова республикалық дебат турнирінде үздік ондыққа еніп, «Үздік ойыншы» атанды.

Гүлзат Мырзағалиқызы — түрлі кәсіби байқауларда жоғары жетістікке жетіп жүрген ұстаз. Республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар жөніндегі фестивальдің, «Дарынды балаларға талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының жеңімпазы. «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсына бірнеше рет қатысып, жүлдегер атанды.

Әли Жұбанышев Ақтөбе орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді.  Педагогикалық шеберлік орталығының тренері. Біліктілік санаты— педагог-шебер. Ол — облыстың үздік педагогі (2021 жыл), «Қазақстан тарихы» пәні мұғалімдеріне арналған республикалық «Пед Старт» олимпиадасының жүлдегері, тарих пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиаданың І орын  иегері (2021 жыл). Әли Жұбанышевтің авторлық жұмыстары, бірнеше әдістемелік еңбегі жарық көрді. Түрлі шараларда, аймақтық форумда, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми конференцияларда үздік ұстаздың тарих пәніне байланысты іс-тәжірибелері педагогтерге үлгі ретінде ұсынылды.

— Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласына ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Әсіресе мұғалімнің мәртебесін көтеру бағытында жүзеге асырылып жатқан жоба көп. Соның бірегейі — республикалық «Үздік педагог» конкурсының ұйымдастырылуы. Мұндай конкурстар педагогтерге қанат бітіреді, — дейді Әли Жұбанышев.

Гүльзифа Кұспанова еңбек жолын 1991 жылы Мұғалжар ауданынағы Орқаш мектебінен бастады. Қазір Ақтөбе қаласындағы №31 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның оқушылары — қалалық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Мысалы, республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафонында Гүльзифа Кұспанованың шәкірті Әлімжан Зарлықов пен Ернар Ертаев2-орыниеленсе, Айзада Тұрмағанбет пен  Көркем Сүйіндікова 3-орын алды. Ал АйғанымСерікқалиқызы «Золотое Руно» халықаралық байқауында 3-орынға қол жеткізді.

2021 жылы өткен облыстық пәндік олимпиадада10-сынып оқушысы Аида Нағашыбаева жеңімпаз атанып,республикалық білім бәйгесінде ІІ орынға ие болды.

Салтанат Есқалиева Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінде 1995 жылдан қызмет етеді.Оның авторлық жұмыстары республикалық және халықаралық деңгейде көп таралыммен жарық көрді.  Атап айтсақ, «Тәрбие жұмысының теориясы және ұйымдастыру әдістемесі» (2014жыл), Автокөлік қозғалтқыштарының теориясы мен құрылысы» (2018 жыл), «Қарым-қатынас психологиясының негізі  және іскерлік қатынастар этикасы» (2019 жыл) оқулықтарының авторы. Педагогтің бұл еңбектері Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу процесіне енгізілді. Сондай-ақоның әдістемелік құралы 2020жылы Sciencia Scripts еуропалық кітап маркеті (Германия,Мельбурн) арқылы ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, нидерланд, поляк, португал тілдерінде жарық көрді.

2019 жылы «100 жаңа кітап» жобасы аясында шетел тілінен «IT мамандықтарына арналған С++» (Дирк Харди), «Компьютерлік желілер» (Бернхорд Хаузер), «Автомобильдерді сырлау маманы» (Зиртль Хельмут, Штайле Бернхард) оқулықтарын мемлекеттік тілге аударды. Аталған оқулықтардың аудармалары сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің мақұлдауынан өтіп,техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу процесіне ұсынылды.

Бүгінде Салтанат Бақытқызын ұстаздардың ұстазы десек те артық емес. Ол Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕАҚ педагогикалық шеберлік орталығының штаттан тыс тренері ретінде мемлекеттік тапсырыс бойынша колледж педагогтеріне біліктілік арттыру курстарын өткізіп жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға артып, 2022 жылғы қаңтарда тағы 25 пайызға өскен болатын. Биыл 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымындағы мамандардың жалақысы тағы да 25 пайызға өседі.  Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл — біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30 пайыздан 50 пайызға дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақты ағылшын тілінде жүргізгені, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button