Білім

124 білім беру мекемесінің біреуі де аттестаттаудан өткен жоқ

Былтыр облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өңірдегі 124 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізді. Өкінішке қарай, бірдебір мекеме сыннан өткен жоқ. Қадағалау жұмыстары жүргізілген ұйымның 74-і — балабақша, 47-сі — мектеп, 3-еуі — колледж.

Мемлекеттік аттестаттау жүргізу білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Жоспарланған мекеменің біреуі де аттестаттаудан өткен жоқ. Тексеру барысында көп кемшілік анықталды. Мысалы, 11 мектепте химия, 10 мектепте биология, 8 мектепте физика кабинеті жоқ. Сондай-ақ спорт жабдықтарымен қамтылмаған білім шаңырақтары да бар. 24 мектепте сабақ беретін пәніне мамандығы сай келмейтін 46 педагог жұмыс жасап жүр. Мұндай кемшілік әсіресе Алға, Қобда, Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарында көп, — дейді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева.

Оның айтуынша, мемлекеттік аттестация өткізілген 47 мектептің 28-інің бітіруші сыныптарындағы (4,9,11-сынып) оқушылар шекті балды жинай алмапты.

Әрине,бір мектептегі 4, 9, 11-сыныптың бәрі емес, кей мектепте 9-сынып оқушылары, кейбір негізгі мектепте 4 пен 9-сынып оқушылары шектік балды жинай алған жоқ, — дейді департамент директоры.

Жыл аяғында 65 білім беру ұйымы (35 балабақша, 27 мектеп, 3 колледж) қайта аттестаттаудан өткізілген.

Былтыр нұсқама талаптарының орындалуын бақылау мақсатында  56  білім беру мекемесіне (53 мектеп, 3 колледж) жоспардан тыс тексеру өткізілді.

ҚорытындысындаАқтөбе қаласында және Әйтеке би, Шалқар аудандарындакемшіліктер жойылмаған 3 білім беру ұйымы анықталып, іс-құжаттары сотқа жіберілді. Соттың шешімімен бұл мекемелерге 255 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, — дейді Гүлнар Сәрсенғалиева.

Арыз-шағымдар бойынша 24 білім беру мекемесіне жоспардан тыс тексеружүргізілді. Оның 20-сындакемшілік анықталды. Бұл білім беру ұйымдарына барлығы 240 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Гүлнар Ақмырзақызының айтуынша, былтыр педагогтер кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмысқа тартылған. Мұғалжар ауданында әкімшілік тарапынан педагогтерді үй аралатып тізім жасауға мәжбүрлепті. Ал бұл ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңына қайшы әрекет. Соған байланысты лауазымды тұлғаға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 409-бап 7-бөлімі 7-3 тармағының 1-тармақшасы бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.

Айта кету керек, бұдан екі жыл бұрын департамент жанынан педагогтердің құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші орган құрылған болатын. Былтыр аталған консультативтік-кеңесші органның отырысында педагогикалық әдепті бұзған педагогтерге қатысты 9 өтініш қаралыпты. Қорытындысында 9 педагогтің педагогикалық әдепті бұзғаны дәлелденіп, 5-еуіне ескерту, 2-еуіне қатаң сөгіс берілген. Сондай-ақ 2 білім беру мекемесінің басшысы кінәларын мойындап, өз еріктерімен жұмыстан босатылды. Педагогикалық әдепті бұзған 7 педагог туралы мәлімет комитетке жолданды.

Биыл жоспар бойынша 172 білім беру ұйымына (79балабақша, 56мектеп, 37колледж) мемлекеттік аттестаттау жүргізіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button