Әдебиет

Жаным-ау, неге бездің зарықтырып?

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы қызметкері, бүгінде Астана қаласында тұратын Сырым Бақтыгерейұлы ертеректе жазылып, бұдан елу бес жыл бұрын Ойыл халық театры сахналаған, кезінде жергілікті басылымдарда оң пікір айтылған «Келдің бе, құлыным?» атты драматургиялық туындысын таяуда жаңғыртып, қайта қарап шықты. Бүгін сол жаңарған шығармадан үзінді ұсынып отырмыз. 

Болған оқиғаның ізімен

ҚАТЫСУШЫЛАР:

АЙДАР

ҒАЛИЯ

АҚЫН-ЕЛЕС

ӘСКЕРИ КОРРЕСПОНДЕНТ

Қайыршы әйел бейнесі, медбике, көрші кемпір, милиционер.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

(Сахнада Ғалия. Жалғыз)

         ҒАЛИЯ: (Қолында бір топ пошта түбіртегі) Ай сайын келеді де тұрады. Бір жыл емес, екі жыл емес, міне, бесінші жыл… Қарылғаш қанат хабаршым… түн ортасында шырт ұйқымнан оятар үкілі үмітім… Айдарымның аты бар онда, Айдарымның үнін естігендей боламын… Егіліп құшағыма басамын. Егіліп отырып, есімді жиямын. Ес дейтін ес те емес, күзгі жапырақтың діріліндей есалаң бір күй. Зыңетіпандадасоғылады, зыңетіпмындадасоғылады… сосынтағыдасолбаяғыбірсарын… «Ғафу етіңіз, Ғалия! Мен Айдардың майдандас досы едім. Артымда ұлым қалды, алдағы тағдырдың қалай боларын кім біледі, елге аман-есен оралсаң, ұлымды есіңе алғайсың, адресі мынау…» деп жиі айтып отырушы еді. Айдарды кеше түсімде көріп, бәрі көз алдыма келді. Менің мына сыйлығымды досымды сағынғаным деп қабылдағайсыз. Петров». «Саламатсыз ба, Ғалия! Айдармен госпитальда бірге жатып едік. Мен ертерек жазылып шықтым, қоштасарда Айдар «соғысқа аттанарда Ғалиямның аяғы ауыр еді, ұлымды көріп те үлгере алмадым… ажал айтып келе ме?.. анау-мынау болып кетсем, ұлым саған аманат» деп еді. Досымның сол аманатын орындап отырмын. Менің атымнан ұлымның бетінен сүйіңіз. Магарян…». Бір үн, бір леп… бірде Еділ бойынан, бірде Кавказдан, енді бірде Балтық жағалауынан жеткен сағынышты бір сарын… жүрегің кең еді, достық ықыласқа күмән келтіріп қайтейін, бірақ қаншама ай, қаншама жыл… қаншама дос… тап осындай ыстық күйінен айнымауы мүмкін бе?..(Сол кезде жоғарыдан, қараңғылық  қойнауынан бір дауыс естіледі. АҚЫН-ЕЛЕСТІҢ даусы).

ДАУЫС: Айнымайды, айнымайды, Ғалия! (Ғалия селк етіп жоғарыға қарайды).

ҒАЛИЯ: Кім, кім бұл! (Бөлмеде алас ұрып, жаңағы дауысты іздейді, ешкім көрінбейді).

ДАУЫС: Есіңе  алшы Айдарды соғысқа шығарып салған сәтіңді. Не деп еді?..

ҒАЛИЯ: Не деп еді деймісің?.. не деп еді?.. ( АҚЫН-ЕЛЕС көрінбей кетеді. Айдарды шығарып салған сәт Ғалияның көз алдына келеді).

ҒАЛИЯ: Құрысын паркің, алып кет Айдар, алып кет. Әйтпесе өзім сұранам…

АЙДАР: Олай деме, Ғалиаш. Жастық сән-салтанатымыздың алтын бесігі еді ғой ол. Неге езілдің? Әсіресе мынадай кезде еңсеңді түсіре көрмеші тіпті. Кеспеші амандықпен қауышайық деген  әдемі үмітті. Бірімізді сау, екіншімізді мүгедек етіп кездестіре көрме, өмірімізді жартыкеш ете көрме,Жасаған деп тілейікші. Бекем болшы осыған, айым… (елес жоғалады).

ҒАЛИЯ: Не үн… не деп кетті арбағандай бір сиқыр… нені ұқтым… тоқта, тоқта… шынында солай деп еді-ау. Айдаржан… сонда тірі болғаны ма?.. қара қағаз-ше?.. онда тұрған не бар?.. дүниенің өзі төңкеріліп жатқанда… кімнің тірі, кімнің сау екенін кім дәл айырып жатыр… иә, иә, тірі Айдарым, тірі, тірі… Тірі болса, Құдайым-ау, қайда жүр… жүрегі соғып тұрғанда менен безгені ме?.. қайттім, енді қайттім… қайткені несі, табамын, табамын… (Шам сөнеді. Қайта жанады. Бөлмеде Ғалия жалғыз).

ҒАЛИЯ: «… бірімізді сау, екіншімізді мүгедек етіп кездестіре көрме, өмірімізді жартыкеш ете көрме жасаған деп тілейікші…»… кім салды, кім салды мұндай сөздерді аузыңа?.. тағдырды билеймін дедің бе? Ол бір мыңқ етпес қара тас… қара түннің де артында арайлы таңы боларын мойындағың келмеді ме, шынымен. Қайдасың? Қай түкпірдің топырағын басып жүрсің? Мына қағаздардың ізімен (Пошта түбіртіктерін уыстап алған, қолы дір-дір етеді) бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады… үміттендірген бір әлсіз сәуле… ол да сөніп барады… қайдасың, бармысың, тірімісің (Сол кезде АҚЫН-ЕЛЕСТІҢ үні естіледі).

АҚЫН-ЕЛЕС: …өмірге құштарлығың серігің болсыншы ылайым. Жебеп-желеушің болсыншы сол. Салауат күнмен қайта қауысқанша демеп пе еді Айдар!

ҒАЛИЯ: (Аңтарыла басын көтереді, жан-жағына алақтай қарайды. Ешкім көрінбейді) …иә, иә, солай дегені рас… апырмай, тәніме сыңар, жаныма сырлас… бұлыңғыр, бұлдыр елес емес, өткен күннің жаңғырығындай бұл не сиқыр… осыдан бес жыл бұрын да… қазір де… (Тағы да АҚЫН-ЕЛЕСТІҢ даусы)

АҚЫН-ЕЛЕС: Босама, Ғалия, босама… армандысағатсоғар… текүмітіңненайныма…

ҒАЛИЯ: Айнымаспын, босамаспын-ау… қайда, қайдасолармандысәт… құрүмітпентөртжыларпалыстым… жәнемұңдықжалғызменбе, әкесізөскенұлымдаміне-мінеонғатолады… Папалағандажүрегімезіледі… «Келедіпапаң, папаңтірі» дегенаналыққайырсызжұбанышымнанмәнкеткенінсезбейдідеймісің…

АҚЫН-ЕЛЕС: Сезім –дұшпаналбастыкүйлесеегер,

Және опасыз бойыңды билесе егер. Ақын сорлы қайтеді… егер пендесі қамалаған қараңғы ойдың құрсауында қалып, одан құтылар саңлау таппай қиналса… Тырналап су қараңғы қайғы көрін,Ақын сорлы тұншыға созар шерін… созар шерін… шер емес ол, ол – тас жатырын тас-талқан етіп, өмірге ұмтылған бәйшешек сияқты ақынның толғағы жетіп, тарс жарылған ашу-ызасы, қайрат-қаһары… Пәни дүниеде өзімен-өзі арпалысқан қос дем. Бірі алқымды тас шеңгелдей қысып, көрге сүйрейді, бірі сол шеңгелді сиқырдай иітіп төрге сүйрейді. Алғашқысы – лағнет атқыр соғыстың лаңы, соңғысы – шыбын жанын шырқыратқан ақындық лаж. Пенде біткен ақынның перзенті, сен де менің сәбиімсің, Ғалия! Сенің түнек түбінен шыққандай өксігің менің де өзегімді өртеп барады. Ғашық сезім сөнбес, ақын жаны өлмес. Маңырап жүріп жетілген жетім қозыдай сен де бір күн жазиралы өрісіңе шығарсың. Түңілме. Сенің сол күніңді аңсайтын ақ ниетті адамдар да бар мына дүниеде. Ізде, соны тап. Іздесең табасың, Ғалия! (Ғалия басын көтеріп алады)

ҒАЛИЯ: (Даусы дірілдеп сөйлейді) Із-дей-ін, із-дей-ін… тек соның бағытын сілтеші кім де болсаң…

АҚЫН-ЕЛЕС: Ол Мәскеуде. Генерал. Кеңес Одағының Батыры… әскери корреспондент. Ізде соны… ізде… (Дауыс бәсеңдеп барып үзіледі. Шам сөнеді де, қайта жанады.Шағын бөлме. Кереует. Жалғыз үстел. Жалғыз орындық. Қабырғада Ғалияның жас кезіндегі суреті. Бөлмеде Айдар. Қолында кітап. Бөлмедегі жарық әлсіз. Есік қағылады. Айдар елеңдейді). 

АЙДАР: Кім бұл? (Есік тағы қағылады. Ешкім жауап бермейді).

АЙДАР: Кім бұл түн ортасында мені іздеген? (Сырттағы адам үнсіз. Есік тағы қағылады)

АЙДАР: Неге үндемейді? Адам ба… жын ба… мен кімге керек болып қалдым екен… (Күйбеңдеп жүріп есікті ашады. Есік алдында генерал шеніндегі әскери адам. Омырауында Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдызы». Айдар аң-таң тұрып қалады да, сәлден кейін «кіріңіз» деп ысырылып, жол береді. Қонағына бөлмедегі жалғыз орындықты ұсынады. Қонақтың көзі қабырғадағы Ғалияның суретіне түседі).

ӘСКЕРИ КОРРЕСПОНДЕНТ: Әйеліңіз бе?

АЙДАР: (Кібіртіктеп) Иә, әйелім еді …

Ә.К:  Неге өткен шақта сөйлейсіз… есімі Ғалия болар… (Айдар селк етіп, жалт қарайды).

АЙДАР: Сіз оны қайдан білесіз?

Ә.К. Айдар Тайманович… сіз соғыстың да, жалпы күнделікті өмірдің де ауыртпалығын көрердей көрген адамсыз. Сондықтан сізбен батыл да ашық сөйлесуге болатын шығар деп ойлаймын. Мен де сол өртке… басынан аяғына дейін… шарпылған адаммын. Мына Жұлдызды бедел, атақ үшін армандап алғам жоқ, тағдыр болашақ өмір үшін менің басымды да талай рет идірді… Талай рет күйініп, амалсыз отқа түстік бәріміз де… Жеңіс, атақ тәтті болғанмен, оның жаңғырығы айығуы ауыр дерттей әлі күнге жүрегімізді сыздатумен келеді… сұрапыл соғысты еске алмайын деп мына «Алтын жұлдызды» омырауыма көп тақпайтын едім, осы жолы…

АЙДАР: Түсінбедім… мұның бәрін маған несіне айтып отырсыз?

Ә.К: Сіз үшін мен, әрине, бейтаныс жанмын, бірақ мен сізді сырттай білемін… және ғафу етіңіз, мүмкін, жасандылау көрінер… бірақ шыным сол – сізбен түсініскім келеді… әскери корреспондент ретінде де, қарапайым қарулас жолдас ретінде де…

АЙДАР: Нақтырақ айтсаңыз… мен сізден Ғалияны қайдан білетініңізді сұрадым емес пе?

Ә.К: Ол Қазақстаннан Москваға мені іздеп келді, менен сізді іздеп табуымды өтінді.

АЙДАР: Сіз не дедіңіз?

Ә.К: Қолымнан келгенінше көмектесейін дедім.

АЙДАР: Кім туралы, не туралы жазу, әрине, сіздің өз еркіңізде. Бірақ сіздің еркіңізге көнбейтін де тақырып, тағдыр болатыны жайлы ойландыңыз ба?

Ә.К: Корреспондент – адам жанының қалауының құлы. Мен адамның еркінен тыс тағдыр болады дегенге сенбеймін.

АЙДАР: Тағдыр — адамның билігінде емес, Алланың билігінде.

Ә.К: Алла пендесіне жамандық ойламайды. Егер тағдыр адамның өз қолымен тұйыққа тіреліп, қайғы-қасіретке ұласса, оған Алла кінәлі емес, адамның өзі кінәлі.

АЙДАР: Сіз сонда мені кінәламақсыз ғой… өз тағдырын өзі талақ қылған адам демексіз ғой, шамасы…

Ә.К: Сіз өз тағдырыңызды ғана емес, өз жарыңыздың, яғни өз әйеліңіздің де тағдырын талақ қылған адамсыз.

АЙДАР: Сіз талақ қылуды қалай түсінесіз. Өмірдің мәні тек талақ қылуда немесе талақ қылмауда ма екен?! Жер басып жүргеннің бәрі, жар құшқанның бәрі бақытты деп ойлайсыз ба? Бақыттың өзі сол талақ қылудың немесе талақ қылмаудың көрінісі емес пе? Соның қайсысының басқа бақ болып қонатынына сіздің көзіңіз жете ме?

Ә.К: Адам баласының басындағы бақтың бәрін түгендей алмаймын. Мен өзіме түсінікті нақты тағдырдың ғана жоғын жоқтаған адаммын.

АЙДАР: Сіз ол жоқты таба алмайсыз. Өйткені сіз жоқтың өзін емес, оның сыртқы елесін, алдап-арбаған көлеңкесін ғана іздеп жүрсіз.

Ә.К: Қателесесіз, Айдар Тайманович! Сізді ол сүйеді, сізсіз өмір сүре алмайды. Мені жер түбінен іздеп келгені де сондықтан. Өтінішін қалай егіліп айтқанын сөзбен жеткізіп айту қиын.

АЙДАР: Тоқтатыңыз, жолдас генерал. Адамның сезімімен ойнамаңыз. Салмаңыз отқа. Мен ол отқа талай күйіп, көніккен адаммын. Шоғын қаққылап, күлін көсей бермеңіз. Бәріміз де ет пен теріден жаратылған жандармыз.

Ә.К: Сезім — өте нәзік құбылыс. Ал мен әскери адаммын. Адам жанының ішкі нәзік арпалыстарын көп байқай бермеймін. Бірақ маған бір нәрсе анық. Тағдыр сізге де, сіздің әйеліңізге де екінің бірі көтере алмас жүк артты. Әйеліңіз ол сынға, майысса да сынбай, төтеп берді, ал сіз морт кеттіңіз.  Сіз әйеліңіздің алдында борыштысыз.

АЙДАР: Борыш деймісіз … Кеудеңізден жалын атқандай сөйлейсіз. Қабырғаңыз қирап, омыртқаңыз опырылып жатса көрер едім борыш туралы қалай сайрағаныңызды.  Борыш қарыз бергендегі немесе қарыз қайтарғандағы жеңіл сергітер жан дәрменесі емес. Соғыстың соңғы күні жаудың баласы қарама-қарсы жауған оқтың астында қалғанда менің де борыштан басқаны ойлауға мұршам болған жоқ. Өйткені сорлы сәбидің өмірі менің қолымда тұрды. Түсінемісіз, оның бақыты да, қайғысы да менің уысымда… жаудың баласы… пенделікпен бас сауғаласам, ешкім мені ар алдына тарта қоймас еді… бірақ адами борыш әне, әне сондай сәтте маған ештеңені ойлантпады… бүкіл мүшем сау, бойда қуат барда… соның бәрі көзден  бұл-бұл ұшып, уысымнан шығып кеткеннен кейінгі енесін алдартқан бұзаудың тұлыбындай құр сүлдемнен қандай борышты дәметесіз…

Ә.К: Қатты кетсем кешіріңіз, Айдар Тайманович, бірақ соғыс ешкімді де тайраңдатқан жоқ қой. Мүгедек қылғаны жалғыз сіз емес. Менің бір көршім болды. Екі көзінен бірдей айырылған, он саусағынан жалғыз шынашағы ғана қалған. Сол жалғыз шынашақпен шайды сораптап отырушы еді жарықтық. Әйелі үйректің балапанындай шүпірлетіп жеті-сегіз бала туды. Көзі суқараңғы, сонда да «папа, қарамаған жерім жоқ, сиырлар көрінбейді» деген баласына: «Әй, Тапай, немене соқырмысың, ана төбенің етегінде жүрген жоқ па?» дейтін. Шынында да, сиырлар сол сілтеген жақта жайылып жүретін. Тағдырға мойымай, өмірден бәрібір өз орнын тапты деген сол емес пе?!

АЙДАР: Затты көз ғана көре ме екен? Сана-шы… Көз алдыңда өткізген әр сағатың, басқан әр қадамың өз қолыңда,  яғни өз билігіңде сияқты. Бірақ өзің билей алмайсың. Сыртқы күш билетпейді (Сәл үнсіздік) …Жақсы, жүрекке үкім жүрмей үздігіп жетерсің… Ыстық құшаққа енерсің. Жалын боп жанып, өз деміңе өзің тұншығарсың. Бірақ, бірақ келе-келе ентігің басылып, денең суып, қалыпты қалпына түспей ме… сосын тәни теңсіздік денеңді шым-шымдап улап, табиғатына тартпай ма… қанды қасаптың рухани қасиетіңе қалай балта шапқанын өзгенің емес, өз жүрегіңмен сезінудің азабынан қашып құтыла алар ма екенсің сонда… жоқ, құтыла алмайсың, шыдау, көну, мойындау, бейімделу дегендеріңнің жұбату мен мүсіркеу екеніне көзің жетеді. Қалай десеңіз, олай деңіз, келмеске кеткен өмірі баяғы сол төрт құбыласын аңсап, зәрезап болған санасын сарнатады да отырады. Теңсіздік теңдікті аңсаған адамды тамұқтың отынан бетер азаптайды. Бірде жарқ етеді, бірде жылт етеді. Жарқ еткені де, жылт еткені де жүрекке қанжардай қадалады. Тілгіленген жүрекпен ұзақ өмір сүре алмайсың. Оған енді басқа кеңістік, басқа өмір салты керек… өзінің әлеуметтік жағдайына сай орта керек…

Ә.К: Сіз сол ортаны таптым деп ойлайсыз ба?

АЙДАР: Иә, таптым… қиналдым, төздім… қиналған, төзген адам таппай қоймайды.

Ә.К: Жо-оқ, бекер айтасыз. Сіз төздіңіз, бірақ қиналған жоқсыз… керісінше, өзіңіздің төзімділігіңізбен басқа адамды қинадыңыз.

АЙДАР: (Ғалияның суретіне ұзақ қарайды) Өмірде мен үшін одан қымбат жан болған емес, қазір де солай… Оның бақытты болуын Алладан тілемеген күнім де жоқ менің. Пенделік пен кісіліктің сырт көзге беймәлім, күнәлі де күнәсіз арбасқан мәңгілік күресін көрер, ұғар жан бар ма? Ғалияны қинап жүр ме екем мен? Қайта оны қызуы ішінде емес, сыртында қайнаған алдамшы, мүләйімсіген сезімнен қорғап жүрген жоқпын ба? Алыстан-ақ рухын асқақтатып жүрмін десем, есінен адасқан жандай көрерсіз. Бірақ еш пендеге тәуелсіз, өз арына ғана табынған ақиқат солай…

Ә.К: Сіз табынған ақиқат Ғалия үшін мазақ пен азаптың ақиқаты болса қайтесіз. Сонда да сіз өз қауашағыңыздан шыға алмай, өзіңіз айтқан қымбат жаныңызды аяусыз жерлей бересіз бе?

АЙДАР: Өмірден өзін, күнделікті тіршіліктің бақытын көру, сезіну үшін оған тек сырттай тура қарау жеткіліксіз. Мен де пендемін… мен де босағанмын, мен де Ғалияны іздеп барғанмын.

Ә.К: Қайда?

АЙДАР: Елге… бар қызығым қалған өз үйіме.

Ә.К: (Елең етеді) Оны Ғалия неге білмейді?

АЙДАР: Ол — тағдырдың ісі.

Ә.К: Сонда сіз ұрланып барып, ұрланып кеттіңіз бе?

АЙДАР: Сырт қарағанда солай… басқаша жасай алмадым… мүмкін… басқаша болар ма еді… егер… менің бойымда өзімдікі дейтіндей  бір белгі қалса…

Ә.К: Дегенмен, сіз…

АЙДАР: (өзімен-өзі) Өз пәтерім… өз аулам… келіп тұрмын… өзім келіп тұрмын… сағыныш шексіз, бірақ жатсынудың ызғары жүректі одан бетер қарып барады… туысымыздай боп кеткен кемпір жайып жүрген кірін тастай салып, қадала қарады, бірақ танымады. «Мына үйде кім тұрады?» деп сұрадым. Дауысымды ажыратпады… ең болмаса сезігі оянса, қарсы сұрақ қояр еді ғой, олай етпеді… «Жігіттің төресі еді иесі, сұм соғыс жұтты ғой. Қара қағаз келгелі қашан. Бірақ Ғалияжан соған сенбей-ақ қойды… ал уақыт шіркін өтіп барады… өлер адам өлді, тірі адам тіршілігін жасайды… бетіңнің қызылы барда тұрмысқа шығып ал деп қақсаймыз кеп, қақсаймыз, тыңдамайды» дейді аузы тыным таппай. «Бір өзі тұра ма?» деймін қолымнан келгенше даусымды қатайтып… мүмкін, таныс үн құлағына жетер… жоқ, жетпеді. «Ұлымен екеуі ғана… іште қалған сәби, сорлы әкесін көре де алмады. Өзің сияқты қол-аяқсыз, томардай болып келсе де, шүкір, мүмкін… тірі әке ғой, әйтеуір, үйренісіп кетпес пе еді» деді. «Тірі әке ғой, әйтеуір…» (Айдардың даусы дірілдейді) Ондай тұлып әке кімге керек, кімге жұбаныш…

Ә.К: Ғалиямен кездестіңіз бе?

АЙДАР: Кездестім.  Көшеде… жол жиегінде… қасындағысы ұлым болар… қол ұстасып келе жатты. Ғалияшым… менің сүйікті Ғалияшым… (Төмен қарап, үнсіз отырып қалады) Қылышпен кескілегеннің орны тыртықтанып бітеді деуші еді, үнсіз тілгілегеннің емі болмайды екен… қанша тырыссам да, көпке дейін еңсемді көтере алмадым. Жаныммен адам емес, бүкіл үмітім, әбден сарғайтып, өртене-өртене шоқтай қызарған сағынышым сол алаулаған күйі сыпайы ғана жол беріп, үнсіз өте шыққанда бір кезде өзіміз жаққан махаббат отының мәңгілікке сөнгенін ұқтым.

Ә.К: Сонда сіз мүлдем өзге өз тұлғаңызды ескермей, танымағаны үшін жарыңызға кінә артқыңыз келе ме?

АЙДАР: Әңгіме түр, тұлғада ғана ма екен… ынтыққан жүректер көзбен ғана табыса ма, түйсік, сезіммен де табыспай ма?! Құдай-ау, көрсетіп, айтып, дәлелдеп табыстырған махаббат махаббат па? Көз жұмулы, тек тұншыға дем жұтқызған  қасиетті сезім сол сәтте сол қасиетінен неге айырылып қалды?

Ә.К: Айып етпеңіз, мен ондай сезімге төреші бола алмаймын. Бірақ…

АЙДАР: Сізге төреші болудың керегі жоқ. Адам жанының қандай жағдайда тапталатынын түсіну ғана керек еді. Сонда сіз тозақ отынан өтіп, пенделік тіршілікке көшкен мені сол тозақ отына қайта итермес едіңіз. Бүйтіп азаптамас едіңіз.

Ә.К: Азап, азап… азаптың ауыры сіздің басыңызда емес, ана елдегі әйеліңіз бен ұлыңыздың басында ғой. Бүкіл адамзатқа қасірет әкелген фашизмді қалай кінәласаңыз солай кінәлаңыз, бірақ сүйген жарын осынша жыл сарыла күткен бейшара әйелдің не жазығы бар? Махаббат отына күйіп, шыр-шыр еткен жанның шырылына шыдамай, осындай беймәлім сапарға шыққан менің не жазығым бар? Отанын сатты ма, әлде тағдырдың басқа бір тәлкегіне ұшырады ма, әйтеуір, құйрығына қоңырау ілінген талай пенденің түптің  түбінде көрден бетер қорқынышты мекенін бәрібір туған жерінің төңірегінен тауып, көртышқандай ін қазып, тіршілік еткенін естіп едім, бірақ тап сіз сияқты ауылдан ауыл, қаладан қала кезіп, ақыр соңында Сібірдің мына қалың орманының арасына келіп тығылған пендені, бар болса бар шығар, бірақ өз басым естіген де, көрген де емеспін. Ылғи да жол үстінде жүріп, талай тағдырға  араласып, сыралғы болған менің өзім мына сөмкем толы түбіртектердің сілтеуімен азар таптым. Ал әйеліңіздің өзінше әрекеттеніп, қалай төрт жыл сергелдеңге түскенін сіздің жаңағы түйсігіңіз түйсінді ме?

АЙДАР: Апыр-ай, құрдымға кеткен құладынды шыңырау түбінен тартқандай, шорт кесіліп, болат сыммен шегенделген тағдырымды тіміскілей сүңгілеген неткен жансыз. Адам менен Пенденің аражігін ажырату азабы мені онсыз да аз қинаған жоқ. Оны сіз түсіне қояр ма екенсіз. Түсіну үшін мен құсап, өлі менен тірінің, мадақ пенен мазақтың арасында аласұруыңыз керек. Ал мен сізге ондай азапты тілемеймін. Сондықтан жан дүниеме тереңірек үңілуіңізді ғана өтінемін. Сіздің алдыңызда құдай салды біз көндік, бетіңді берсең де, сыртыңды берсең де разымын дейтін Пенде емес, қуанса да, қайғырса да өзегін өкінішпен кептемей, сыбағалы үлесімен қуануға не қайғыруға тиіс Адам отыр. Мүмкін, қуанышынан қайғысы басымырақ болған шығар, несі бар, салмақ қашанда Пенденің басына емес, Адамның басына түседі. Соны сезіп, ұғып, шаппа-шап қайшылықтармен қағысып, енді құрыштай қайнап, қатайғанда күйкі тіршілікке сүйрегіңіз келеді. Пендемен пенденің тілі, Адаммен адамның тілі арқылы сөйлесу сізге де, маған да парыз. Мені бұдан әрі қинамаңыз. Бұ тағдырға Ғалияда кінәлі емес, мен де кінәлі емеспін. Тәндегі теңсіздікті жандағы теңдікпен жоқ қылу мүмкін емес. Табиғат берген сыйды табиғат өз заңдылығымен ғана бойға дарытады. Ол заңдылықты тәнге күштеп таңа алмайсың. Матаға жарасқан жамау жанға жараспайды.

Ә.К: Сіз өз жүрегіңіздің құлына айналған эгоист адам екенсіз. Әйтпесе махаббаттың құймасындай болып құйылған мәңгілік  сыңарыңыздың жүрегіне үңілуге мұндай дәрменсіз болмас едіңіз. Оның да жүрегінің қырық жамау екеніне көзіңіз жетер еді.  Ең болмаса ұлыңыздың алдында ар үкіміне бас иер едіңіз ғой.

АЙДАР: Ар алды дейсіз бе, дар алды дейсіз бе, одан басымды алып қашқан бір сағат, бір минутым болды ма екен?! Тіпті алып қашқан емес, өмірден баз кешер тірлікті жер басар тірлікке айналдырған да сол минуттар емес пе?! Жаныма мәңгілік жұбанышым да сол ғой.

Ә.К: Рас, сіз ұлыңызды ұмытқан жоқсыз. Сол төрт жылда белгілібір соманы ай сайын ұлыңызға салдыңыз да тұрдыңыз. Әкелік парызды өтеудің бұл шырғалаңы жаныңызға жұбаныш болған да шығар… бірақ… оның екінші жағы бар ғой.

АЙДАР: Ойыңызды ұқтым… ай сайын келетін ақша  мені естеріне түсіріп, қаралы қағаздың қаралы хабарына күдікті одан сайын күшейтеді демексіз ғой.

Ә.К: Демегенде… әрі үміттендіріп, әрі сайтанның отындай көз арбаған есалаң күйді мен ешбір жанның басына тілемес едім…

АЙДАР: Одан да ауыр, ауызға ас салдырмай, құдайдың тегін ауасын да еркін жұтуға зар қылатын үнсіздікті, бар болғаны құмыға қамықтыруды менің басыма тілер ме едіңіз. Мына дүние біреуге тар, біреуге кең. Көңілі кең пенделер аз да емес. Маған сүйеніш болған да солар. Дәлірек айтсам, сондайларға тән кең жүрек, достыққа адалдық, мейірімнің молдығы, парыз парасаты сияқты адами қасиеттер (Ойланып, үнсіз отырады).Ол, ұлым, әкесіз әке махаббатын қалай сезінеді. Сырттан еміреніп не істей алам? Әке өлгенмен, әкесін көргендер түгел өлген жоқ. Біразы тірі. Сол тірі достары дос аманатын орындаса… майдандас жолдастары еске алып, жолдастық пейіл-сағынышын осылай білдірсе несі бар. Қиналған сәтте мен де қолымды сол мәңгілік мейірімге создым. Тағдыр тәлкек ету үшін қалдырғандай жалғыз көз пайдаға асты. Етікшілікке кәдімгідей үйреніп алдым. Аяқ киімін тазалатуға, жөндетуге талай адам келеді. Қараймын. Барлаймын. Иман жүздісіне жағдайымды түсіндіремін. Осылай да осылай, ұлыма өз атыңыздан мына ақшаны салсаңыз деп өтінемін. Ақшаны қолына ұстатамын.

Ә.К: Төрт жыл… қаншама ай… соның үш айында ғана ақша келмепті. Демек, ақшаны үш адам ғана иеленіп кеткен болды ғой.

АЙДАР: Мейірім табиғатынан таза, нәзік, мөлдір қасиет қой. Сол қасиетке сенім… иә, иә, сол қасиетке… маған сүйеніш болды. Жаңағыдай мейірімді адам келіскен сайын ұлымның маңдайына алақанымды апарғандай ғаламат бір ыстық сезім бойымды билейтін. Түсінемісіз, сол сезім келе-келе қалыпты, үйреншікті, дәстүрлі тірлігіме айналды. Ұлымды жоғалтпағандай, дүниенің бір шетіндегі оны дүниенің екінші шетінен құшағыма қысып ұйықтайтындай бір сабырлы, көнімпаз күйге көштім. Сол күй тұтас тіршілігімді де қарапайым пенделік қалыпқа салғандай болып еді. Сіз соның бәрін тас-талқан еттіңіз. Маған достық емес, қандай қастық жасағаныңызды түсінген боларсыз енді.

Ә.К: Қарапайым пенделік қалып дейсіз. Сондай да пенделік қалып бола ма екен? Қолдан шымылдық құрып, сағыныш көзін сонымен көлегейлегіңіз келеді. Жүректен теуіп, тамыр қуалай атқылаған сол сағынышты еш құдірет тұншықтыра алмайды. Мұның бәрі алдамшы қиналу екенін сіз жақсы білесіз, бірақ өзімшілдік бұғауынан әдейі құтылғыңыз келмейді. Махаббат қаншалықты нәзік болса, соншалықты адуын. Сәл саңылау тапса, бұзып-жарып шықпай қоймайды. Махаббатыңызды бүйтіп жасанды сеніммен құрсаулай бермеңіз, бәрібір күшіңіз жетпейді. Ақылға келіңіз, көніңіз. Мен сізді елге апарып, отбасыңызбен табыстыруға дайынмын.

АЙДАР: (Терең ой үстінде) Осынша уақыт сірідей сілімтірленіп мына дүниеден саналы түрде баз кешкен, жан баласына сыр ашпай, қайыстай қатқан бір жан едім. Бұл да бір тағдырдың кезекті сыны болар. Еш жерге тұрақтамай, із жасырған жылдарымда көрген қоқайым аз емес-ті. Төзгенмін, сынбағанмын сонда да. Алдағы өмірін өзге адамның өлшемімен өлшеген кім бар. Сіз де осымен тоқтаңыз. Келдіңіз. Көрдіңіз. Естідіңіз. Таппадым десеңіз, арыңызға келер түк қиянат жоқ. Менің де арымды жөнсіз талқыға салмаңыз. Қош болыңыз.

Ә.К: Жоқ, жалғыз қайтпаймын. Менің арымның да төрешісі сіз емессіз.

АЙДАР: Қайтыңыз, қасарыспаңыз.

Ә.К: Жоқ, қайтпаймын.

АЙДАР: Жоқ, қайтасыз.

Ә.К: Жоқ, қайтпаймын (Шам сөнеді. Қайта жанғанда сахнада АҚЫН-ЕЛЕС жалғыз).

АҚЫН-ЕЛЕС: Көз алдымда бір бейне… бір бейне емес, қос ғашық. Өмірге ғашық  екі жас… бақытты жастық елесі… бір нәзік сезіммен баураған асыл бейнелер … Қайран, дүние-ай! Енді, міне, бірте-бірте жылыстап, жылыстап емес, тап қасымда суып, ызғары денемді қалтыратып барады. Бал-бұл жанған бақытты жүз бұрыла бере қаһар шашқандай. Бұлталаң өмірдің бұлыңғыр соқпағына мәңгілік түскендей осылай. Бұлтартпады тағдыр талайы. Өмірге құштарлық пен өмірден баз кешу бетпе-бет келді қайтадан. Әскери корреспондент іле-шала «жедел жет» деп Ғалияға телеграмма соқты. Ертесіне-ақ жетті Ғалия да. Бірақ Айдар үйінде болмай шықты. Іздеуге милиция араласты. Мүгедек адам, ұзап кете ала ма, табылды. «Бізде, милиция бөлмесінде» деген хабар келді (Шам сөнеді. Қайта жанғанда бөлмеде милиционер мен Айдар. Есік ашылып, әскери корреспондент пен Ғалия кіреді. Ғалия «Жаным-ау, неге бездің соншама зарықтырып?» деп ағыл-тегіл жылап,  Айдарды құшақтай құлайды).

ҒАЛИЯ: …неге бездің, неден шошыдың, жаным-ау?.. Айдарым-ау, сүйенішім-ау, неге бүйттің?.. қара қағаз келсе де, сенімімнен айрылмай сарғая күткен Ғалияшың, махаббатың емес пе ем, көңіліңе қылау түсірген кезім болып па еді … неден күдіктендің?.. әлде масыл болам дедің бе, әлде өз махаббатыңнан өзің қаштың ба, шынымен, өз махаббатыңа өзің тәуелсіз болғың келді ме?.. құдайым-ау сондай да бола ма екен… жүрегіңе үңілші… менің де жүрегіме үңілші… махаббатынан безетіндей бір саңылау таба алар ма екенсің… көзіме қарашы… баяғы ыстық, жалынды жүзіңмен қарашы… сол күйі… өзгерген түгі жоқ… өзгерте алар күш те жоқ… сенші, сенші соған, Тәңіріме басымды иейін, суымашы, күлімдеші, жаным… (Жарық сөнеді. Қайта жанғанда сахнада АҚЫН-ЕЛЕС. Жалғыз).

АҚЫН-ЕЛЕС: Ғалия Айдарды елге алып қайтты. Айдар да ұлымен қауышып, қуанышта шек жоқтай көрініп еді. Әскери корреспондент те сол қуанышта бірге болып, үлкен азаматтық міндет атқарғандай еліне арқаланып қайтып еді… Әлде көктен түскендей баққа қырық жамау жүрек шыдамады ма, әлде әбден дендеген дерт ақыры алып тынды ма, әйтеуір, Айдар көп ұзамай үйдегі сарылдаған душ астында, белгісіз жағдайда қайтыс болды (Шам сөнеді. Біраз үнсіздік. Бір кезде жарық қаралы киім киген, көкке ұшатындай, екі қолын алға созған Ғалияға түседі).

ҒАЛИЯ: Жаратқанға жалынып,

Ақ тілекпен

Қол жайғаннан не таптым?

Сүйген де жүрек шідерсіз,

Шідерсіз мына өмірге

Иігеннен не таптым? (Сахнаға АҚЫН-ЕЛЕС шығады. Жарық АҚЫН-ЕЛЕСКЕ  түседі).

АҚЫН-ЕЛЕС: Жаның ұшып кеудеңнен,

Бос қуыс күңгір қағып

Құлақ тұнған соң айтарсың…

Әйтпесе…

Жұмыр жер жаратылғалы,

Жауыздықтың құрығанын естіп, білгенің бар ма?

Немесе…

Жұдырығында бір уыс топырақ

Ет жүрегін кескілеп,

Қос өкпесін тепкілеп

Қыршынынан қиылған ата-бабаң

Армансыз өтті деп пе едің?!

ҒАЛИЯ: Мен кесейін тілімді,

Шығармайын үнімді.

Басымдағы қара жаулығымның ұшын тістелеп, булығып-ақ бағайын… Содан тыныштық табам ба?.. ана алдында иілмейтін құдіретті күш  жоқ болса, мен неге осынша дәрменсізбін, Жаратқан?! Мен құсаған аналар шеруі неге тоқтатпайды сол құдіретті күштің қасіретін?! (Сахнаның екінші шетінен Айдардың елесі көрінеді).

АЙДАР: Періште жаныңның  шырылын естідім де сездім, Ғалиаш … сездім  қайтадан махаббат құдіретін. Өміріміздің арайлы таңы алдында ғашықтықтың ыстық демін қалай сезінсем, мүгедек ғұмырдың түнгі түнегінде де сол ыстық демнің суымағанын, өмір, өмір, өмір деп шоқтана қызарғанын сездім кеш те болса… Кешір демеймін, табиғат сыйлаған адалдығыңа көлеңке түсіргім келмейді… ол менің де тұмарым, мойнымнан тастамайтын асылым еді. Сол асылымды қылыш жүзінде қинағым, жалаң төстің үстіне салып, сын азабын тартқызғым келмей қашпаған, тығылмаған жерім жоқ. Дерттің өмірдің өзінен де күшті болатынын, өршіген дерттің өршіген өрттей жұтпай тынбайтынын кеш ұқтым. Бірақ оны өзекті өртер өкініш дей алмаймын. Өлімнің қорқынышы сыртында, қауашағында, тәнімді рухыммен бірге өлтірсем, өкініштің үлкені сол болар еді. Рухыма тәнім садақа.  Өкінбеймін. Рухыммен құшып, сүйіп жүрермін мәңгілік (Ғалия мен Айдардағы жарық бәсеңдеп барып сөнеді. Жарық АҚЫН-ЕЛЕСКЕ түседі).

АҚЫН-ЕЛЕС: Ей, адамдар, бесігіне бөленіп, табытына таңылар жұмыр жер де ғаламдық кеңістікте жұдырықтай ғана жаратылыс. Сол жұдырықтай жаратылыстың жұмылып, ашылуының өзі пенделер үшін бір сәттік бақ не зілқаратас қайғы. Бақ пен тақтың тұғырындай болған соң пәнилігі мен бақилығы арасында жанталасқан пенде біткеннің өркениетке ұмтылмағаны болмаған. Бірақ қанша өңмеңдесе де, ақыл-ой дами берсе, жұмыр жер содан жарылып кетердей, өркениеттің де тіршілік біткенді талай рет өмірең қаптырғаны тағы да тарихи ақиқат.  Бұл сонда немене?! Адамның өмірге оның қызығын көру үшін келетіні белгілі. Ендеше, соның қасіретін тарттыратыны да, айналып келгенде, сол адамның өзі болып шығатыны неліктен?! Бірін-бірі құртып, құртпаса жарымес немесе мүгедек қылып тынатыны қалай?! Ғылым үшін оның шыңына шығып, игілігіне келгенде табанында тапталған, өзі ашқан жаңалығы үшін өзін-өзі қарғап, көз жасын ағызған жалғыз атом бомбысының атасы Роберт Оппенгеймер ме?! Талай Роберт, талай Карл, талай Асан мен Үсен соның жолын құшты емес пе?! Апыр-ай, ақын боп неге жаралдым, ақын боп жаралмасам тап бұлай тәніммен езіліп, жаныммен егілмес едім ғой.

Ей, адамдар, ақыл-ойдың жеке-дара иелері.  Ақындық жүрекпен егіліп айтамын: өмірдің сұлулығы — асыл арудың сұлулығындай өте нәзік құбылыс. Оның ләззаты да осы нәзіктігінде. Қол қаруы да, ғылым қаруы да жат оған. Тіршіліктің басқа қатынастарындағы сияқты салқын сабырға, ақыл таразысындағы есеп-қисапқа дағдыланбаған. Сүйді ме — жан-тәні соның көзсіз құрбандығы. Дұрыс па, бұрыс па, айдаршылап өмір сүреді, айдаршылап өмірден өтеді. Ықылым заманнан солай. Тәннің мүгедектігі, сананың мүгедектігі, табиғаттың мүгедектігі, бүкіл мүгедектік атаулы селт еткізбейтін соқыр күш адамзаттық парасаттың басын көтертпей-ақ  келеді. Жұдырықтай жұмыр жер аңшының оғына іліккен шалажансар көжектің жүрегіндей діріл қағып, Жаратқанға жалбарынып, соның жебеуімен жанын сақтап қалар ма?! Бірдің мүгедектігі емес, мыңның, миллионның, тіпті миллиардтың мүгедектігі адамзаттық сананы шырмауықтай мәңгілік шырмағаны ма осылай?! Жоқ, әлде бір бұла күш қатпар-қатпар наза-шермен тамыры нәрдегі, собығы зәрдегі, тіршілік үшін арпалысқан жас өскіндей булыға ашылып, салтанатты өмір туын көтеріп шығар ма бір күн?! Шығар, шығар, шығыстың алқызыл алауы төрткүл дүниеге қайта тарап барады. Үміт отын енді шындап жаққандай. Иә, сәт, иә, сәт! Айдаршылап өмірден өту емес, айдаршылап өмір сүруге жазғай Жасаған!

СОҢЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button