Мәдениет

Айнұр бастаған игі іс

Айнұр Хаменова бар-жоғы 25 жаста. Ал жасап жүрген ісі – анау-мынау мықтыңның қолынан келмейтін дүние. Бірнеше әншінің басын қосып, түу Алматыдан қиян шеттегі Ақтөбеге алып келіп, қайырымдылық концерт ұйымдастырып, одан түскен қаржыны бір мұңлықтың қажетіне беру… – үлкен іс.

– Қазір жұрт «дағдарыс, дағдарыс» деп өздерін қорқынышқа әбден тойдырып алды да, жүректің жылуын жоғалтып алды ғой деймін, айналамызда жылы алақанды, жылы сөзді күтетін адамдар көп. Соларға бір қайырым көрсету арқылы, жұртқа үлгі көрсетсем деп едім… – дейді Айнұр. Рас, қазір мұқтаж жандарға көмек қолын созатындар баршылық. Бірақ олардың барлығы бірдей көмек көрсету үшін көмек көрсетпейді, жұрт айту үшін, өзінің жақсы атын шығару үшін, т.т. жасайды. Айнұр ондай емес. Өзінің осы бастамасын аяғына дейін сәтті жеткізу үшін талай қиындықты көргенін… оның қасындағы жолдастары айтады. «Шынын айту керек, мына бала (Айнұрды айтады – М.Р.) батыр бала. Алдымыздан кездескен қиындықтың барлығына қарсы тұрған да өзі, талай бейнетті де көрді. Әншілерге пойызға билет таппай, плацкартпен жүрген күндер де болды… Айнұр сонда да мойымады», – деді кешті жүргізушісі,  актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы бізбен әңгімесінде.

Айнұр – Алматыдығы «Нұр-Ай» продюсерлік орталығының директоры. «Жүрек жылуы» – оның алғашқы жобаларының бірі. «Жүрек жылуының» бірінші концерті Шымкент қаласында өткен. Ол концерттен түскен қаржының белгілі бір бөлігін ұйымдастырушылар жетісайлық мүгедек балаға берген. Айнұр мүмкіндік болса, осы жобасымен Қазақстанның барлық облысын аралағысы келіп отыр.

Ақтөбеде өткен кешке әшілер Тамара Асар, Нұржан Қалжан, Есет Сәдуақасов, «Мақсат пен Мақсат» тобы, Бақытжан Досыбаев және жас күйші Мұрагер Сауранбаевтар қатысты. Концерт билеттерінің қырық пайызы мүгедектер қоғамы мүшелері мен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне тегін берілді. Түскен қаражаттың белгілі бір бөлігі «Қазақстан» телеарнасының «Аялы алақан» бағдарламасында көрсетілген Гауһар есімді он алты жастағы бүлдіршінге берілді.

Әншілер қатарында жастар көп екен. «Мақсатым – жастарға ой салу, жүректеріне иман ұялату», – дейді Айнұр. Жас әншілердің барлығы Айнұрдың бұл бастамасын жақсылыққа балап, жылды осымен бастауды ұйғарыпты. Айнұрдың айтуынша, ұсыныс айтқан әншілердің барлығы қайырымдылық шарасына қатысуға бірден келісе кеткен. «Қайырымдылық жасау кез келгеннің қолынан келмейді. Жақсылық жасау адамның өзіне де қуаныш сыйлайды ғой. Сондықтан Айнұр қарындасымыздың мұндай бастамасына қарсы болу дұрыс болмаған болар еді», – дейді әншілер.

Ақтөбеге қарағанда Шымкенттте концерт жеңілірек өткен. Біздің облыста Айнұрды қолдаушылар аз болыпты… «Осы тұрғыда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышевқа зор алғысымды білдіремін. Студенттер сарайының сахнасын ұсынып, аппаратура жағынан көмегін беріп, қолдап жатыр. Алғысым шексіз. Сондай-ақ, ақпараттық қолдау көрсеткен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне, «Ақтөбе» радиосына алғысымды айтамын», – дейді Айнұр.

Кешті белгілі актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы мен кішкентай Меруерт Қасымбек жүргізді. Күнсұлу Ақтөбеге бірінші рет келіпті. Кездесу сәті түсіп тұрғанда бір-екі ауыз тілдескенді жөн көрдік. Күнсұлу қазір Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында жұмыс жасап жатыр. Актриса. Бірді-екілі фильмге де түскен. Жұрт оны елдің арасына кең тарап кеткен Еркін Рақышевтың «Жетімдер» фильміндегі екі баланың анасы ретінде жақсы таниды.

«Мен  Петропавлдың қызымын. Петропавлдағы жетім балалар мен көп балалы отбасылардың балалары оқитын қазақ мектеп-интернатында оқыдым. Үйде он екінші баламын. … Біздің қоғамда өнер адамдарын сырт көзге қошеметтегенімен, шынында басынан сипайтын адам аз. Рас, арамызда көкесі барлар да жеткілікті, бір сүрініп, бір тұрып, әйтеуір, өз күшімен жүргендер де баршылық. Мен де бір сүрініп, бір құлап, өз күшіммен келе жатқан қазақтың қыздарының бірімін», – дейді Күнсұлу. Күнсұлу 2007 жылы өткен халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік әйел ролі» үшін жүлде алып, өзі айналдырған екі жүлденің бірін қанжығасына іліп келіпті. Онда актриса Софы Сматаев пен Талғат Теменовтің «Көгілдір такси» қойылымындағы Мәриям ролін сомдаған. «Әрине, ұнаған рольді таңдау біздің еркімізде емес. Дегенмен маған әдетте трагедия, мелодрамалар ұнайды. Адамға ой салатын рольдерді ойнауға тырысамын», – дейді актриса.

«Жетімдер» – Күнсұлудың өзін киноактриса ретінде байқаған бірінші фильмі. Оның сапасы жөнінде, рас, көрермендер арасында түрлі пікірлер бар. Дегенмен… «Қазақфильмнен» шығарылған қай фильм халық арасында дәл осылай кең тарап еді? Соған қарағанда, фильм жаман шықпаған болуы керек», – дейді актриса. Күнсұлу алда тағы да фильмге түсу жоспарларының бар екенін айтады.

Ал кішкентай Меруерт Қасымбек он жаста. Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылындағы №34 мектептің 4-сыныбында оқиды екен. Меруерт биді де тамаша билейді. «Жұлдыз бол» байқауына биден қатысқан болатынмын. Үшінші орын алдым. Осы байқаудың директоры Наталья Васильевна апай маған хабарласып, Еркін Рақышев дейтін режиссердің киноға түсуге 7-8 жастағы баланы іздеп жатқанын айтты. Мен режиссердің бөлмесіне кіргенімде Еркін ағай мені көрді де, күліп жіберді. Кастинг болған жоқ. Мені рольге бірден бекітті. Осылайша, «Жаралы сезім» фильмінде Айтошаның ролін сомдап шықтым», – дейді Меруерт. Кішкентай актриса одан соң «Жетімдер» фильмінде жалғыз ағасы ғана бар жетім қыздың ролін сомдады. «Фильм өте ауыр. Екі баланың ата-анасы қайтыс болады. Балалар жылайды, қайғырады, қиындық көреді… Рас, ауыр болды. Кез келген адам күле алады ғой, ал жылау көптің қолынан келмейді», – дейді Меруерт. Кішкентай биші болашақта қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешова секілді актриса болуды армандайды екен.

… Барлық баланың арманы бар. Тек сол арманның барлығы бірдей орындалса ғой! Айнұр Хаменованың бастаған игі ісі осындай балалардың, соның ішінде аялы алақанды аңсайтын, жылы сөзді күтетін сәбилердің арманының орындалуына жол ашатын сияқты…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button