Денсаулық

Жүрегіңізді сақтаңыз!

Ақтөбе медициналық орталығының кардиология бөлімінде бір меңгеруші, екі дәрігер және бірнеше мейірбике жұмыс істейді. Күніне отыз шақты науқасты қабылдайтын бөлімнің жұмысы қауырт. Әсіресе сәрсенбі мен сенбі күндері шұғыл әрекет етуге тура келеді. Сондай-ақ ауруханада төтенше жағдайда қолданылатын «көк код» командасы берілсе, пациенттің ажалмен арпалысқан сәтінде дәрігерлердің қарбаласы тіпті күшейеді екен. Біз осы кардиология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты кардиолог дәрігер Жанаргүл Бекжановамен жүрек ауруларының ішіндегі ең көп кездесетін, әрі қауіптісі туралы әңгімелескен едік.

— Әңгімемізді жүрек қызметінен бастасақ…

— Жүрек— ағзамызға жан беріп, бойымызға қан жүгіртетін ең басты орган. Адам ағзасының моторы деп те жатамыз. Ересек адамның жүрегі минутына 72-75 рет соғады. Адам бойындағы 5 литрдей қан осы жүректің арқасында тамыр бойымен айналып тұрады. Негізінде жүректің қызметіжүрек циклінің үш фазасынан тұрады. Олар: құлақшаның жиырылуы, қарыншаның жиырылуы және жүректің жалпы босаңсуының ырғақты түрде алмасуы.Бір қызығы, осы жүрек циклінің жалпы ұзақтығы шамамен — 0,8 секунд. Жүректің жалпы босаңсу фазасына 0,4 секундтай уақыт кетеді. Жиырылу аралығындағы мұндай тынығу жүрек бұлшық етінің жұмысын толық қалпына келтіруге жеткілікті екен. Денеміздегі демалмастан жұмыс істейтін жалғыз орган — жүрек. Жүрек айдайтын қан барлық мүшелердің жасушаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізеді. Ал егер жүрек ауырса, ағзамызға да ауа қажет мөлшерінде жетпей қалады.

— Біздің бала кезімізде тек қарт кісілердің жүрегі ауыратын сияқты еді?..

— Иә, қазір ата-әжелермен қатар,жастар да шағымданады. Өкінішке қарай, қазір жүрек аурулары «жасарып»кеткен.Тәжірибеме сүйенсем,осыдан бірнеше жыл бұрын 28 жастағы жігіттің инфаркт болғанын көргенім бар. Ауылдан келді, тепсе, темір үзетін жігіт. Кеуде тұсы ауырған соң, ауыл дәрігеріне барады, ол электрокардиограмма арқылы жүректе өзгеріс барын анықтап, қалаға жібереді. Қайта ол жігіт дер кезінде келіп, емделіп, ауылына кетті. Егер жүрек инфаркты болған жағдайда қысылған адамға 20 минут ішінде көмектеспесе, өліп кетуі де мүмкін. Сол үшін мұндайда тез әрекет етіп, алғашқы көмек берген абзал.

— Жүрек ауруларының түрі көп қой. Ең жиі кездесетін әрі ең қауіптісіне тоқталсаңыз…

— Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінің денсаулық сақтаудағы басты проблемаларының біріне айналғалы қашан? Жүрегі ауырған ересек адамдар көбіне мүгедек болып қалады, кейде тіпті өліп кетуі де мүмкін. Жалпы өлімнің 52 пайызы осы жүрек-қан тамыры ауруларынан болады екен. Мәселен, Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, біздің елде жылына 80 мыңдай адам осы аурудан көз жұмады.

Осы жүрек ауруларының ішіндегі ең көп кездесетіні және ең қатерлісі — миокард инфаркты. Түсінікті болу үшін таратып айтайын, жүрек үш қабаттан тұрады. Сыртқы жұқа қабаты «эпикард», ортаңғы қалың бұлшық етті қабаты «миокард», ал камераларды астарлап жатқан жұқа қабаты «эндокард» деп аталады. Ал миокард инфаркты — қан айналымының бұзылуына байланысты жүрек бұлшық етінің бір бөлігінің некрозға ұшырауы, яғни өлі еттенуі.

Денеміздегі әрбірорган және оның жасушалары секілдіжүректің бұлшық еті  де қанның мол келіп тұруын қажет етеді. Себебі қан жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілгенде ғана ол үздіксіз жұмыс істейді. Осы жүрек бұлшық етіне қорек жеткізетін артериялардың бірі тарылып немесе мүлде бітелген жағдайда ауру пайда болады. Осы кезде мән бермей, дәрігерге көрінбей, елемей жүре берсе, қажетті қоректен құр қалған жүректің бір бөлігі жұмсарып, пайда болған тыртықтың кесірінен бірте-бірте жүрек бұлшық етінің жиырылу қабілеті төмендейді. Осылайша зақымданған жүректі «миокард инфаркты» деп атайды. Негізі зақымданбаған жүрек бұлшық етінің жиырылу қабілеті мықты әрі оның тамыр арналарына қанды айдауы жақсырақ болады. Ал инфаркт өзінің зақымданған шеңберіне, бүлінген тамырдың кеңдігіне, арнасына қарай әртүрлі болады.

Біздің мақсатымыз — жүрек бұлшық етін аман алып қалу. Әйтпесе, қазіргі медицина жүректің қан тамырларына стент қойып, кеңейтіп, клапанын ауыстырып, ақауларын да бітеп бере алады. Бірақ жүректің бұлшық еті зақымданса,оны қайта қалпына келтірудің бір ғана жолы бар. Ол — тұтас жүректі алмастыру. Оған сау жүректі қайдан табарсың? Онсыз да елімізде донор тапшы. Айтпақшы, біздің елде жүрегін алмастыруды қажет ететін науқастар саны 3 мыңнан асады екен.

Сол себепті де ең маңызды органымыз — аяулы жүректі қазірденкүтіп, сақтау қажет. Өкініштісі, науқастардың дені ауру жанына батқан кезде, жаны қысылғанда ғана, екі-үш күн, кейде апта өткеннен кейін ғана келіп жатады. Бұл уақыт ішінде жүрек жұмысына қаншама күш түсіп, ауру да асқынып үлгереді.

— Сонда жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына немесе асқынуына не себеп?

— Жүрек қызметінің бұзылуына әсер ететін факторлар өте көп. Олар: адамның өмір сүру салты, әлеуметтік мәртебесі, тұрмыстық жағдайына байланысты көңіл күйінің бұзылуы, яғни реніш, ашу-ыза, күйзеліс, тұқымқуалаушылық, шамадан тыс ауыр жұмыс, алкоголь мен никотин уы. Ең негізгісі әрі қауіптісі —ұзақ уақыттан бері елемей жүрген жоғары қан қысымы, сондай-ақ қанның құрамында холес­те­рин­нің шамадан тыс көп болуы, дұрыс тамақ­танбау, дене қимылының аз­ды­ғы, семіздік те жүрек ауруын тудырады.

— Науқастың жүрегі ауыратынын қандай белгілері арқылы білуге болады?

— Қан айналысы бұзылып, жүрек қызметі нашарлаған кезде адамдардың көбі ауруын сезбейді. Ауру асқынған кезде науқас ентігеді, жүрегі қағып, шаншып, қан айналысы төмендейді, қол-аяғы ісінеді.Жүрек тұсы күйдіріп, кейде төстің арты да ауырады. Салқын тер шығады. Егер қозғалыста болмаған жағдайда кеуденің сол жақ тұсында ауырсынулар пайда болса, бұл — өте қауіпті. Қозғалыссыз отырған уақытта ауырсыну 15 минуттан артық созылса, бұл — инфаркт. Сондықтанқозғалыс кезінде де жүрегіңіз мазалап, суық тер шығып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, тоқтап, бір жерге отыра тұрыңыз. Сонда да ауру басылмаса, бірден жәдел жәрдем шақырған абзал. Әйтпесе, бәрі кеш болуы мүмкін. Қозғалыста жүрек жиі жиырылады, сол себепті де жүректі тынықтыру керек. Сондай-ақ жүрек ауруларының жасырын белгілері де көп. Оны тек зерттеу арқылы анықтауға болады. Мұндай ауру белгілерін зерттеу, анықтау жұмыстары біздің кардиология бөлімінде жақсы жолға қойылған. Соңғы екі-үш жылдықтағы короновирус індетінен кейін ауру белгілерін де дөп басып айту қиындап кетті, себебі бәрі араласып кетті. Бір пациенттің бойында бірнеше ауру белгілерін кездестіретін болдық. Мәселен, жүрегі де, өкпесі де қысады, бүйрегі ауырады, шекері де, қан қысымы да көтеріле береді. Науқастар ковидпен ауырып тұрғаннан кейін жазылып кеттім деп ойлап, одан кейінгі оңалту шараларына мән бере қоймайды. Негізі біздің бөлімге осындай аурулардың аралас белгілері бар науқас түсіп жатса, әсіресе инфаркт және инсультпен қатар келсе, біз инфарктті емдеуге басымдық береміз. Ал қан қысымы ем-шаралар барысында бақылауда болады. Жалпы жүрек ауырса, ми мен бүйрек қызметі бірден нашарлайды. Мәселен, қан қысымының өзгеруіне байланысты жүрек ауырады, осы кезде қан қысымын реттейтін орган ретінде бүйрекке де күш түседі. Пациентті зерттеу кезінде, мысалы, контраст құю үшін де бүйректің жағдайы дұрыс болуы шарт.

— Жүректі ауыртпау үшін не істеуіміз қажет?

Халықтың дені жүрек және қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын біле бермейді. Ең бастысы, салауатты өмір салтын сақтау қажет. Темекі мен алкогольді ішімдіктің де денсаулыққа зияны көп. «Ауру — астан» дейді. Мұны бәріміз білеміз. Алайда көпшілігіміз тамақтану тәртібіне аса бір мән беріп жатпаймыз. Тәжірибемнен байқағаным, әйел адамдардан гөрі ер адамдар жүрек ауруларына көп душар болады. Жүрегі ауыратын ер кісілердің бәрі темекі тартады, кәуап, фастфуд, энергетикалық сусындарға үйір келеді. Негізі, кез келген адам майлы, канцерогенді тамақтарды жемегені жөн, газды сусындар ішпегені дұрыс. Керісінше, жеміс-жидек, көкөністерді көбірек, сосын бөліп тамақтанған абзал. Біздің көбіміз таңғы асты ішпейміз де, жұмыстан келіп, кешкі асқа тойып алып, жата қаламыз. Ал артық салмақ жүрекке, басқа да органдарға артық жүктеме болмақ.

Күніне 8-9 сағат ұйықтап, таза ауада көбірек жаяу жүру жүрек-қантамырлар жүйесіне өте пайдалы. Тағы бір маңызды сәт, жүрекке салмақ түсірмеу үшін, не болса соған ашулана бермей, мәселенің байыбына барып, соңына дейін сабырлылық танытқан жөн. Әйтпесе уайым мен күйзеліс — жүректің жауы.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметі бо­йынша, жүрек емінің үштен бір бө­лігі дәрі-дәрмекпен емдеуге, ал қалған үштен екісі алдын алу­­ға байланыс­ты екен. Яғни көп нәрсе жүрек ауруларын емдеуге емес, оның алдын алуға байланысты. Ал жүрегі ауыратын нау­қас­тарды емдеу өте қиын. Олардың бір бөлігі қайтыс бол­са, біразы мүгедек болып қалады. Аман қалғандары өмір бо­йы дәрі ішуге мәжбүр. Егер науқастар сол аурулардың алдын ал­ғанда мұндайға душар болмас па еді?! Сондықтан да жү­рек-қан тамыры аурулары негізінен адамдардың өз ден­сау­лы­ғы­на көңіл бөлмеуінен туын­дай­ды. Жүректі сақтау үшін, оны ауыртатын фактор­лар­ды мейлінше азайту керек.

— Әңгіме соңында кардиология бөлімінің жұмысы туралы айтып берсеңіз…

— Біздің кардиология бөлімі Ақтөбе медициналық орталығында орналасқан басқа бөлімдермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Көпсалалы орталықтағы дәрігерлер күн-түн демей, кезекшілікте жүріп, бөлімге түскен науқастың жағдайын зерттеп, тексереді. Қажет болса, нефролог, невропатолог секілді дәрігерлерді шақырып, консилиум жасай қоямыз. Узи мамандары да кезекшілік етеді. Жыл сайын 800-900 адам кардиология бөлімінде емделіп шығады.

Біздің бөлім интервенттік кардиология бөлімі болып есептеледі. Бұл — қазіргі медицинаның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Себебі бұл жерде жүрекке жасалатын операциялар кеудені жармай-ақ, катетердің көмегімен интервентті тәсілдер арқылы жасалады. Сайып келгенде бұл тәсіл жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімді азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жүректі ауыртып, ем іздегенше, оны ауыртпайтын жол іздейік. Ендеше жүрегіңізді сақтауды қазірден қолға алыңыз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button