Әдебиет

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ

Біз сондаймыз…

Біз еркекпіз, қалықтаған қыранбыз,
Достарменен тәтті әңгіме құрармыз.
Бірақ кейде артық сілтеп жіберіп
Тертеден де шығып кеткен шығармыз.

Біз еркекпіз, тамыры терең терекпіз,
Бас сұқпаймыз орындарға керексіз.
Қас дұшпандар қанша айыптап жатса да,
Өсектерде шаруамыз жоқ себепсіз.

Біз еркекпіз, барға еткен қанағат,
Тату болса дейтін туыс-жамағат.
Басқалармен салыстырып не қажет,
Өз болмысын жүрмейміз ғой бағалап.

Біз еркекпіз, басқа бақыт қонса деп,
Жүретұғын салса-дағы ортаға от.
Отбасына сыйлау үшін ырыздық
Еңбек еткен борбай еті борша боп.

Біз еркекпіз, құр де емеспіз көріктен,
Әңгіме етер салпыетектер еріккен.
Түсінбеймін неге сонша жек көріп,
Өңменіңнен итереді неліктен.

Біз еркекпіз, пенде бар ма қорғамақ,
Балаларың болса жақсы қолғанат.
Қадіріміз білінеді тым кештеу,
Сонда еске алар көзден жасы сорғалап.

Өмір ғой бұл …

Алмағайып заманда, қиын шақта,
Төсімізді масайрап жиі ұрсақ та.
Ала-құла екенбіз, өмір ғой бұл
Анадан тап-таза, пәк туылсақ та!

Жалған күліп, өзгеден сыр аңдаймыз,
Керемет деп айналам жиі алдаймыз.
Той жасаса бір кедей, өмір ғой бұл,
Қызғанамыз, таңданып, қуанбаймыз.

«Мықтылардың» біз үшін құлқыны аңыз,
Болу үшін солардай жұлқынамыз.
Жетпесе де өреміз, өмір ғой бұл,
Лауазымға жоғары ұмтыламыз.

Демеу үшін солқылдақ, қасқа нағыз,
Дірілдеп бір органды басқарамыз.
Сырғанаймыз төменге, өмір ғой бұл,
Кейін шығып жатса да масқарамыз.

Жан да шықпас бұл сөзге келіспеген,
«Кілтін» тапса, түк емес жеңіс деген.
Сынап, мінеп отырмын, өмір ғой бұл,
«Сүттен ақ, судан таза» періште емен.

Өзімді ақын санаман табынардай,
Біреулер құрметтейді жаны қалмай.
Екінші топ байқаймын, өмір ғой бұл,
Жүргендерін атарға оғы болмай!

Жанашыр

Сан пікірлер туса-дағы тігінен,
Ол ақиқат мен несіне мүдірем.
Екеуі де болмағанмен, байқадым,
Қарындасың артық аға, ініден.

Шыр-пыр болып, қамқор және жанашыр,
Жақындатқан тума-туыс арасын.
Кетсе ағасы бір әйелдің соңынан
Жанында боп ренжітпес анасын.

Барын жайып, сыр да бермес жоққа да,
Оның көңілі балалары үшін астана.
Күйеуі жайлы тіс жармайды, шыдайды
Маскүнем бе, жұмыссыз ба, басқа ма.

Бұзбаса да сұлулығын, көркін де,
Үйір де емес жиын-тойға, селкілге.
Екі-үш күннен кейін кері асығар
Туған ауылы бара қалса төркінге.

Жағы талмай көпіретін шешендер,
Және өздерін бек санайтын көсемдер.
Аялаңдар, гүл ғой олар солмасын
Жанарынан шуақ шашсын десеңдер.

Мойын бұрмай көк аттыға көлденең,
Босағамды көркейтсем деп терлеген.
Қызым дейін еркелетіп, одан да
Қарындас деп атағанды жөн көрем!

Қарт спортшы

Нешедесіз деп қоймадым сұрақты,
Сырттай білем, сондықтан да ұят-ты.
Менен біраз болса да үлкен, япырмай,
Бойы тіп-тік, жап-жас жігіт сияқты.

Өкпе де айтпай табиғатқа желкем ең,
Ешкім зорлап, түйген де жоқ желкеден.
Кета аяқта, үстінде ескі формасы,
Үш шақырым жүгіреді ертемен.

Қария үшін жаттығу жоқ күрделі,
Тренажерға көп болды ат қып мінгелі.
Шахмат ойнап құрдастармен, кешкілік,
Балалармен футбол қуып жүргені.

Бұлшық еттер бұлтыңдап тұр ой, неткен,
Бір бұрылмай өтпес, сірә, бойжеткен.
Қыстыгүні төстен буы бұрқырап
Жүре берер жеңі шолақ көйлекпен.

Бәс те тікті палуандармен алысып,
Асауды ұстап, құрыш қолдар қарысып.
Таблетканың білмейді де аттарын,
Көрген емес өмірінде дәрі ішіп.

Жеңгей де мәз, осы дейді барым нар,
Кеңесім бұл мырзалар мен ханымдар.
«Бас ауырып, сыздай қалса балтырың»,
Менің шалымнан кеп сабақ алыңдар!

Жұмбағы көп өмір бұл

Сыйласайық, ағайындар, бар шыным,
Құймайықшы көңілдерге тамшы мұң.
Мынау өмір бәрімізге шектеулі,
Қысқа ғана сабындай ғой қамшының.

Байлық деген бой үйретіп тасқынға,
Мақтанбағын, сен біреуден астың ба?
Дұшпаныңа алдырмайтын қашанда
Айналаңа тума-туыс, дос жина!

Отырғандай сусыз, шөлейт тақырда,
Жоқшылыққа бастап бәрін шақырма.
Бойға сіңер күліп ішкен тамағың,
Адалдықпен тапқан еңбекақың да.

Былапыт сөз бітемесін көмейді,
Көрсетпесең өзіңді кім елейді.
Қарттан сұра ғұмыр кешкен бір ғасыр,
Осы жасым жетер енді демейді.

Жоғалмасын білсең-дағы бір күнде,
Қалар артта жиған-терген мүлкің де.
Дәл көздеген оққа қауһар қыла алмас
Алпыс екі айласы бар түлкің де.

Мықтыларға кім тұзағын құрмады,
Көп айтылар әділетсіз сын жағы.
Шешемін деп сау басыңды қатырма
Бұл өмірдің көп құпия, жұмбағы.

Күрес

Айқас қызып, таяп қалды түс, міне,
Жұрт назары алаңдағы күштіде.
Топ ішінен жап-жас бала белсеніп
Шыға келді боз кілемнің үстіне.

Көздерімен бірін-бірі ұғысқан,
Аяқ-қолын сермеп қойып құрысқан.
Маң-маң басып келе жатты дәу қара,
Мұз жаратын кемедей сол бұрыштан.

Басылмай бір айтыстар мен тұр дамай,
Шуласты жұрт, жазым етер бұл қалай?
Қарсыласын түтіп жеуге ол дайын,
Аузынан көбік шашқан бурадай.

Әдіс-айла көрсете алмай заңды түк,
Кәрі пері болып қалды шаң жұтып.
Тиіп-қашып, бір-біріне ұстатпай
Ортада екеу жүрді біраз аңдысып.

Оңай алдырмайтындығын түсіне,
Сезінді де салды қара күшіне.
Көтерем деп жармасқанда шапанға,
Бала оп-оңай кіріп кетті ішіне.

Суреттеуге тұратын кез нақтырақ,
Сол алыпқа бұйырмады бақ, бірақ.
О, жаратқан, қолдай гөр деп жас жігіт
Екі аяқтан тартып қалды қаттырақ.

Қолдаушылар, дәнеңе жоқ қорқатын,
Деді бала паш еткендей жарты атын.
Мықтымын деп менменсіген батырдың,
Мысын басып, жер иіскетті арқасын.

Көкжал болар баптаса егер бөлтірік,
Құрметтеп соқты қолын ел тұрып.
Көзі аспанда жүргендерді осылай
Қойған жақсы тәубесіне келтіріп!

Шұбарқұдық

Бір көріп басайыншы құмарымды,
Темірім, орталығың Шұбарымды.
Құдықтай жалғасың да бар ғой сенің,
Кімге осы қойсам екен сұрағымды?

Арайлап атып жатса тыныш таңы,
Қалайша перзентінің ұмытпағы.
Шұбар деген сол ұғым қалған дейді
Суы әртүрлі болған соң құдықтағы.

Көзіме ыстық көрінер маған бәрі,
Жайсаң мінез ауылдың адамдары.
Олар сенен қазбалап сұрамайды
Жалақыңды, малыңды қораңдағы.

Сағынышым тербетіп санамды мың,
Өзің жаққа көңілім алаң бүгін.
Сыйлық болып табылар жерлестерге
Сәлем бере барғаның, амандығың.

Ақынынан басқа олар кімді іздейді,
Қанаттыға шоқытып, ілгізбейді.
Хан келгендей көтеріп төбесіне
Аяғыңды жерге әсте тигізбейді.

Сенің әрбір сөзіңе жерік олар,
Оң сапарға шыққанның жолы болар.
Көрінесің қалада көптің бірі,
Білгің келсе бағаңды еліңе бар!

Алтықарасуым менің
(әні бар)

Жазылар өзің жайлы дастан әлі,
Жастық шақ туған жерден басталады.
Көзге ыстық сенің әрбір атырабың,
Құмды мен Талтоғайы,Тасқабағы.

Қайырмасы:

Ойыл бойы нуың, белің,
Биік ұстар туыңды елім.
Кіндік кескен құт мекенім,
Алтықарасуым менің!

Жайлауым толы малға, өрісі кеңіп,
Еңбекші, Сарытоғайды келші көріп.
Бесбұлақ қызу еңбек мекені бұл,
Жібердік «Теректіні» енші беріп.

Туған жер, естен сені шығармадым,
Сүйсініп келбетіңе жыр арнадым.
Бүгіннен нұрлы біздің ертеңіміз,
Жүріңдер сендер аман, қырандарым!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button