Тарих

Ғибрат                  

Өткен ғасырдың өнегелі тұлғалары.

Олар біздің тарихымыздың бір бөлігін жасауға қатысты, сол заманның белсенді ұйымдары — комсомол қатарында шыңдалып, партия, кеңес органдарында қызмет атқарды, елдіктің туын бекем ұстап, кейінгі буынды тәрбиеледі.  

Сол алдыңғы толқынның лайықты өкілдерінің бірі Нұрқожа Орынбасаров та өз кезеңінің үлкен жүректі, халқының қамын ойлаған, өз міндет-парызын жоғары деңгейде өтеген елінің адал перзенті болды.

Бүгінгі сөз — еңбегі жұрт жадында сақталып қалған, өз дәуіріндегі білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, көпке қамқор болған, оларға жол сілтеген тұлға туралы. 

Нұрқожа ағаның тәлімі

Шалқар өңірінің Тұмалы деп аталатын елді мекенінде Ұлы Октябрь революциясына бір жыл қалғанда дүниеге келіп, зеректігімен ерте есейіп, еңбек жолын ерте бастап, туған өлкенің саяси-әлеуметтік қызметтеріне белсене араласып, кезінде қатарынан көш ілгері болған Нұрқожа Орынбасаров аға туралы сөз айту оңай еместігін оны білетіндер түсінер.

Менің де көзінен нұр шашқан, от ауызды, орақ тілді Нұрекеңмен жолығуым маған тағдырдың берген сыйы сияқты. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын кездескен абзал аға өмір жолымның мағыналы болуына, елеулі еңбек етуіме, тағдырымның әрі қарай үйлесімді жалғасуына себепші болды ма деп ойлаймын.

Ол кездесуді ешқашан есімнен шығарған емеспін. Иә, бұл 1968 жылдың тамыз айы еді. Орал пединститутын бітіріп, зайыбым Роза Нұржанқызы екеуміз жолдамамен Октябрь ауданына келдік. Менің туған жерім — Жұрын ауылы. Бұрын дүркіреп тұрған аудан орталығы болатын. Елге келдім деп жүрсем, Жұрын ауданы жабылып қалған. Жаңа ауданның орталығы Қандыағаш қаласы екен. Түрлі себептермен ағайынның ортасында  екі айдай жүріп қалдық. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы шақырып жатқанын хабарлады. Сұрастырып білсем, аудан басшысы Нұрқожа Орынбасаров деген Ұлы Отан соғысына қатысқан, тек қана аудан емес, облыс өңіріне аты мен атағы танымал азамат екен.

Ол кезде коммунист қатарындағы өтілім — алты жыл. Партиялық тәртіп бойынша, қоныс аударған жағдайда кешіктірмей жергілікті партия органымен хабарласып, бір ай ішінде есепке тұруға міндеттісің. Аудандық партия комитетінің аппаратында Жұрыннан Абдош Досмұхамедов, Елубай Қодаров, Төлеу Райымқұловтар жауапты қызметте екен.

Алғашқы кездестірген адамым, бірінші хатшының көмекшесі Төлеген Байкунов «Ал, інім, сен тәртіпті бұзғансың. Ағаң қаталдау», — деді.

Кіріп келіп, қазақы әдеппен дауысымды көтеріңкіреп, сәлем бердім. Нұрекең кең столда үңіліп, бірдеңе жазып отыр. Бір мезетте басын көтермеген күйі көзілдірігінің үстімен шарадай көзін маған қадап:

— Сен бала қайда жүрсің? Тәртіптің қандай екенін жақсы біле тұра, екі ай бойы хабарласпағаныңа жол болсын. Адам баласы оқу бітіріп, қолына дипломын алғасын, тіршілік көзін қарастырмай ма? — деп қатқылдау сөйледі.

Бір жағынан қорқып та тұрмын. Бірақ бағыма қарай маған зілсіз қарап, ықыласты пейілмен сөзді өзі жалғастырды.

— Институтты жақсы бітіріпсің. Отбасылы да екенсің. Кішкентай бөпең де бар екен. Қайда бармақсың? — деді.

Мен өзім мен әйелімді екі бөліп, екі ауылға жіберіп тұрғанын айттым.

Ол кезде Нұрқожа ағамыздың елуді еңсеріп, алпысқа аяқ басқан шағы екен. Сол бейнесі менің көз алдыма әлі күнге дейін келеді. Тынымсыз қызметтің ізі болар, көз жанарында шаршағандықтың қылаңы бар сияқты көрінді. Толық емес. Толқынды қою бұйраланған ақ шашы кең маңдайын ашып, жарасымды аққұба бет-әлпеті естілікті білдіргендей. Бір көргеннен келбетінен көсемдік байқалады. Тұла бойы келісті, текті адам екені көрініп-ақ тұр.

— Сендердің осы ауданға жіберілгендеріңді біліп отырмын. Қарағым, қай жақта да қазір кадр тапшылығы бар. Ел енді-енді еңсесін көтіріп, үлкен жолға түскелі тұр. Сол ауқымды шараларға сендер секілді жастар кіріспегенде кім кіріседі. Институттың алдында техникалық училище бітіріп, үлкен өндіріс орны, Балқаштың мыс зауытында еңбек жолыңды бастапсың. Әскер қатарында болыпсың. Бүгінде бізге өзің секілді кадрлар керек. Сен жұмысты әзірге жастардың ортасында баста. Аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімі бос тұр. Әуелі сол жұмысты игеріп ал. Сосын көре жатармыз. Ал қасыңдағы келін баланың мамандығы орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі екен. Ол қаладағы №464 теміржол орыс орта мектебіне барсын. Қысқа дейін баспана тауып береміз, — деді.

Бұл — менің аудан басшысымен алғашқы кездесуім. Жұмысқа бар ынта-жігерімді салып, жүктелген міндетті жақсы атқаруға тырыстым. Бірінші хатшы сөзінде тұрды. Сол жылы қараша айында Қазан революциясы мерекесі қарсаңында менің отбасыма жылуы орталықтандырылған үйден үш бөлмелі пәтер бергізді.

«Тектіден тегін тумас» деген сөз бар халықта. Нұрекеңнің шыққан тегі де осал емес екен. Үлкен атасы Орынбасар бір аталы рудың бас көтерер азаматы болыпты. Ел ағасы атағын ерте арқалаған Орынбасар ақсақалдың туыстары 1890 жылдары жаппай жұтқа ұшырайды. Содан өзіне қараған он шақты шаңырағын соңына ертіп, Қазалыдан үдере көшіп, Шалқар төңірегіндегі Тұмалыкөлге табан тірейді. Бұл шамасы 1895 жылдар болса керек. Сол жылы Орынбасардың отауында Нұрқожаның әкесі Мейірхан дүниеге келеді. Қазалыдан қоныс аударған он үй әуелі суарма егіспен айналысады. Жерге еккен дән кедей ауылының қамбасына құт береке болып орала бастайды. Сөйтіп, Тұмалыкөлдің басы қызу тіршілікке айналып, жаңа ауылдың іргесі нығая түседі.

Көзі қырағы елағасы Орынбасар баласы Мейірханды Шалқар қаласындағы екі кластық орыс гимназиясына түсіреді. Мейірхан ерте есейіп, зейінділігімен беделді мекемелерде қызмет атқарып, қатаяды. 1916 жылы оның шаңырағында Нұрқожа дүниеге келіп, ұрпақ одан әрі жалғасады.

Нұрқожа әкесі Мейірханнан алған тәрбиесінің нәтижесінде жастайынан еңбекке араласады. Ол жас болса да тарихта таңбаланып қалған отызыншы жылдардың басынан Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде танылады. Бұл жылдар кейіннен бірнеше жылдарға созылған, жүгі ауыр саяси басшылық қызметтердің басы ғана еді. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталады. Жастық шағы комсомолмен тығыз байланыста болғаннан ба, өмірінің мағыналы тұстары да сол уақыт болады. Содан өзі де соғысқа қатысып, ұлы жеңісті жақындатуға үлесін қосып, Сталинград майданынан ауыр жарақатпен елге қайтарылады. 1944 жылдан 1948 жылға дейін облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады.

Адам өмірінде айрықша із қалдырып, оңына қарай бетбұрыс жасайтын кездер болады. Оған сондай сәт 1948 жылдың наурыз айында өткен Қазақстан комсомол жастарының IV съезінде туған еді. Ол кезде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған оның жоғары білімі болмаса да, ұйымдастыру ісінде шыңдалған кезі. Сол съезде Қазақстан Жастар одағы орталық комитетінің хатшысы Әмір Қанафиннің баяндамасын талқылауға қатысып, сөз сөйлеу үшін мінбеге көтеріледі. Батыл ой-пікірлерімен жиналғандар назарын бірден аударады. Мәселен, Ақтөбе облысы Ойыл аудандық комсомол комитетін шефке алып отырған Қазақстан орталық комсомол комитетінің бұл істе бұрау басын сындырмағанын аяусыз сынайды. Содан кейін Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық комсомол ұйымдарының жұмысын жазумен шектелетін «Лениншіл жас» және «Ленинская смена» газеттерінің қызметтеріне де тоқталады. Сөз соңында  шығыстың қос шынары атанған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова туралы осы уақытқа дейін бірде-бір тұшымды көркем дүние жазылмағанын, танымдық мақалалардың жарияланбайтынын ащы етіп жеткізіп, екі батыр қыздың соғысқан жерлеріндегі мектептерге есімдері берілуі керектігін айтқанда зал толы делегаттар ду қол шапалақтап, қошемет көрсетеді. Ленинград қаласында Әлияға ескерткіш қою туралы ұсыныс та білдіреді. Съезге қатысқан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Орынбасаровқа ырза болып, «Дұрыс сөйледің!» деп өз ниетін білдіреді. Үзілісте Мәскеуден келген қонақ, ВЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы Харламов бір топ делегаттарға жайылған дастарқан басында Нұрекеңнің қолын алып, ұсыныстарын қолдайтынын білдіреді.

Нұрқожа аға жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін, оны обкомның үгіт және насихат бөлімінің меңгерушілігіне бекітеді. Тың жерлерді игеруге байланысты Қазақстан Компартиясының үндеуімен жалғасқан «Отызмыңдықтар» қатарында жұмыс жасайды. 1955-1957 жылдары өз ынтасымен артта қалған Чкалов атындағы колхозды басқаруға барып, оны екі жылда рентабельді шаруашылықтар қатарына қосады.

Ол жерде тұрғындардың ықыласына ие болғаны сонша — келесі еңбек жолының белестерінің баспалдағы жоғары деңгейге тағы көтеріледі. Темір және Октябрь аудандарының партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін жиырма жылдан астам уақыт абыроймен атқарды. Ортақ істерге ұзақ жылдар бойы өзінің лайықты үлесін қоса білді.

Ол өмірдегі еңбек жолының ресми жылдары аяқталғанда да облыстың тыныс-тіршілігінен ажырамады. Нұрекең сексенді еңсеріп, тоқсанға аяқ басқанда да көп жылдар бойы қалыптасқан дағдысын бұзбай, қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүрді. Шалғайдағы аудандардың шаруаларына дейін құлақ түріп, Ақтөбеде өтетін жиындарда ауыл және аудан басшыларымен кездесіп, ел жағдайынан хабардар болып отырды. Көз жүгіртіп қараған адамға Нұрқожа Мейірханұлының еңбек жолдары — өнеге әрі үлгі.

Өткенге үңіліп, ой-санаңнан өткізгенде айналаңда есімі таңбаланып, сенің де өмір жолыңда есімі тоғысқан талай тұлғалар сараланып шығып жатады. Кейде көңіліңнің төрінде тұратын қадірлі тұлғалар да болады. Міне, сол ардақтылардың ортасында дәуренін өткізген бір емес, бірегей тұлға Нұрқожа Орынбасаров еді.

Мәңгілік ештеңе жоқ, бірақ бозғылт дүниеде самайың қырауланып, шашың селдіреп, көзің жасаурап, қатарың азайған сайын елеңдейсің,  алаңдайсың. «Алдымда кімдер болды, қазір көзкөргендерден кімдер қалды?» деген ойға батасың.

Қайран ағалар! Қазағымның өрісін кеңейтіп, табысын молайтып, жетімдерін жылатпай, жесірлерін қаңғыртпай, танымдық істерімен таныла білген абыздар еді ғой олар. Бүгінде солардай сұңғыла ойлы кісілердің қатары сиреп бара жатқандығы көңілге қаяу салады.

Нұрқожа ағаны қызметтес-әріптестері аса сый-құрметпен Нұреке деп атайтын. Бұл оның адами ұлы қасиеттеріне сай көрсетілген құрмет болса керек. Ол шаруашылықтың барлық саласын жете меңгерген, заманына сай басшы бола білді. От ауызды, орақ тілді, сөйлегенде сөз мәнісін үйлестіретін шешен еді. Оның дауысынан құс қанатының сусылы, желдің уілі, судың сылдыры, жапырақтың сыбдыры естіліп тұратын. Кеудесінде тербелістер мен тебіреністердің ызғары да бар болатын. Партия комитетінің бюро отырыстарын, пленумдар мен активтерді тиянақты дайындап, қысқа да нұсқа сөйлеп, басқалардан да соны талап ететін. Жүріс-тұрысы ширақ, жұмысқа таңертең бір сағат ерте келіп, кешке уақытында кететін.

Бюроның алдында кейбір мәселелер бойынша сұрақтар мен жағдайларды түсіндіріп, бюро үстінде талас тудырмауды қатаң қадағалайтын. Қай жиында болмасын аса дәл, әсерлі сөйлегенде зал тып-тыныш, шыбынның ызыңы да естілмейтін. Көптеген шаруалармен өзі тікелей айналысып, тапсырма беріп, өзі тікелей бақылап отыратын.

…Сонымен, жоғарыда жазғаныма қайта оралсақ, Нұрекеңнің жылы қабылдап, бағыт-бағдар беріп, айтқан ақыл-кеңестері қолтығыма қанат біткендей марқайтып, аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөліміндегі жұмысымда жүріп жаттым. Бұл жұмыстағы менің негізгі міндетім — аудандық аппаратта, жалпы жастар ортасында ұйымдастыру, жас кадрларды іріктеу, дайындау жұмыстарын ықпалды жүргізу. Не керек, ықыласпен істеген адамға жұмыс жетіп артылатын.

Ол кездері депутаттық сайлау науқандарында жастар мәселелері жиі көтеріліп, жастардың қоғамдық өмірге араласуына, комсомол-жастар өкілдерін депутаттар құрамына көптеп енгізу Компартияның да талабы еді. Мен де өз жұмысымды жастар ұйымдарымен ойласып, кеңесіп, Кеңес органдарымен келісе жүріп жүргіздім. Көзге түскен белсенді жастардың депутаттар легіне ұсынылуын қадағалап, жұмысымды жүйелеп атқарып жүретінмін.

Сол жылы жергілікті халық депутаттарын сайлауын өткізу кезі еді. Бір күні аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ниетжан Тәжікенов келіп:

— Амангелді, осы сайлауға ұсынылған комсомол-жастардың сараптамасы бар ма?  Бірінші хатшы менен осы мәліметтерді сұрап еді. Қазір ол қатулы отыр. Сені де осы мәселемен шақыртып жатыр. Бірдеме қыл, айналайын, — деді.

Мен де күтпеген жерден сасыңқырап қалдым. Бірақ ойымды тез жинақтап, қойылған сұрақтарға дайындалдым. Ауылдар мен қалада, жалпы аудан көлемінде депутаттар корпусына кандидаттығына комсомол-жастар ортасынан ұсынылған жігіттер мен қыздардың тізімін және күні кеше ғана жергілікті газет бетінде жарияланған белсенді жастардың астын сызып, белгілеп алып, «Құдай, жар бола гөр!» деп, Нұрекеңнің қабылдауына келдім.

Ағамыз талайды бастан өткерген саяси жұмыстардың тарланы ғой. Күтіп отыр екен.

— Мына сайлау науқанына қызу жұмыс жүрген сайын жоғарыдан бақылау да, талаптар да көбейіп барады. Барлық жағдайға дайын болып жүру керек. Комсомол-жастарды депутаттыққа ұсыну жұмыстары қалай жүріп жатыр? Соны нақтылап айтшы, бірақ қысқаша болсын, — деді.

Мен өз тарапымнан аудан бойынша кандидаттыққа ұсынылып жатқан комсомол-жастардың саны — 37 пайыз, елді мекендерде де осы деңгейде екенін айтып, алдына тізімдер мен кандидаттыққа ұсынылған комсомол мүшелері фамилияларының асты сызылған, қазақша-орысша шығатын аудандық газеттің беттерін жая салдым. Бәрін қарап шыққаннан кейін Нұрекең сабасына түсіп, көңілі жайланғандай болды.

Жұмысын енді ғана бастаған менің бастықтың кабинетінен қалай шыққаным, жұмыс орныма қалай келгенім әлі күнге дейін бір елес, бір белес сияқты көрінеді.

Осындай жағдайда Нұрекеңмен екінші рет жылы кездесуім көкірегіме қуаныш пен үміт ұялатты. Жаспыз ғой.

1969 жылдың күзі. Аздап денсаулығым сыр беріп жүр еді. Жалалабад санаториясына жолдаманың реті келіп қалып, кезекті еңбек демалысымды алып, ем алуға жол жүріп кеткен едім. Ол уақыттарда қазіргідей емес, қай курорт болмасын, емделу мерзімі жиырма төрт күн. Барып емімді енді бастап жатқанымда, соңымнан жедел шақырту келді. Содан не керек, бәрін тастап жолға, ауылға қарай шықтым. Жұмысқа келіп, жігіттерден сұрасам: «Сені Нұрекең шақыртып жатыр. Келген бойда маған жіберіңдер деп айтты», — деді.

Ол кезде партияның тәртібі бойынша кадрларды іріктеу, ұсыну мәселелерінің бәрі құпия жүргізілетін. Сөйтіп, алып-ұшып Нұрқожа ағаның қабылдауына келдім. Тағы да жылы қабылдады. Жүрегім орнына түсті. Неге екенін білмеймін, ол маған үнемі «бала» деп сөйлейтін.

— Сен бала, — деді, қатаңдау дауыспен. Қысылғанымнан, терлеп кеттім. — Бұл — үлкен қызметтің басы. Егер заманның қатаң талабын мойындамасаң, сүрінесің, есептен шығып қаласың, — дегенде көзім қарауытып кеткені есімде. Жай ғана айтылған сөз, бірақ өңменімнен өткені рас. «Неге тез келмедің?» — деп ұсақ-түйек әңгіменің басын қайырған жоқ.

Бір уақытта  ол әңгімесін жалғастырып:

— Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Вальтер Леммлені Темір совхоз-техникумына парткомның хатшылығына ауыстырдық. Ендігі шаруа — есеп беру, сайлау конференциясын өткізу. Бірінші хатшылыққа сені ұсынып отырмыз. Тәртіпке сай облыстық партия комитетінің бөлімдерінде әңгімелесуден өтесің. Одан кейін облыстық партия комитетінің хатшылары қабылдайды. Ең соңында бірінші хатшы Журиннің алдынан өтуің мүмкін. Олар әсіресе қазіргі саяси жағдайларға байланысты сұрақтар қояды. Тағы айтарым, талап бойынша бұл лауазымға ұсынылатын адамның ұлты неміс, болмаса орыс болуы керек. Тәртіп солай, қайтеміз. Сенімен қызметтес аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы Юрий Сафроновтың ұлты орыс, оның кандидатурасы осыған сұранып-ақ тұр. Бірақ жоғарғы білімі жоқ. Осы жөнінде әңгіме көтерілсе, ұсыныс болғасын келіп тұрмын деп құтыла бер, — деді.

Ақтөбеде мені ең бірінші облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Хайролла Иманалин қабылдады. Басқа бөлімдерден өткесін, Бородин деген обкомның идеология жөніндегі хатшысының қабылдауына кіргенде әңгіме желісі дәл Нұрекең айтқандай болды. Менің кандидатурама наразылығы айқын білініп тұрған ол өзіне Хайролла ағаны шақырды. Ол кісі хатшыға мәселелені түсіндірген болар, әйтеуір, іштен шықты да:

— Айналайын, Нұрекеңнің ұсынысын өткіздім. Жолың болсын, бара бер, — деді.

Ол кездері Иманалиннің де, біздің Нұрекеңнің де бүкіл облыста беделі мықты еді. Аудандық конференция ойдағыдай өтті.

Төрт айдан кейін өткен аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланып, қайнаған саяси жұмыстың ортасынан бір шықтым. Сол кезден бастап Нұрқожа ағаның тәлім-тәрбиесін, қамқорлығын үнемі сезініп жүрдім.

Бірде облыстық партия комитетінің кезекті пленумынан шыққанда сыртта мені көріп:

— Амангелді, аңдап жүр, абай бол, — деді. Осы жиыннан өзінің де шаршаңқырап шыққаны көрініп тұрды. — Байқайсың ба, заманның аумалы-төкпелі екенін?.. — деп саяси қызметтегі шиеленістердің жағдайын бірауыз сөзбен білдірді. Ақылды, есті дара тұлғалардың бірегейі еді ғой ағамыз.

Адамдық пен адалдыққа жол сілтеп, шынайы ақылымен жөн айту осындай жүрегі таза, көкірегі кең адамдардан шығатын болар, сірә.

Қоғам заманына сай тұлғаларды өзі тудырып, өзі тәрбиелеп, қажетіне қарай қалыптастыруы заңдылық па екен деп ойлаймын кейде. Олай болса, дара тұлға Нұрекеңнің де саналы, ұзақ өмір жолы осы сатымен өрбігені ақиқат емес пе?!

Көз көріп, құлақ естігенмен кейде қалыптасқан, қайталана беретін үйреншікті пікірдің шырмауында қалып, кімнің-кім екенін жіті танып, біле бермейміз. Біреудің аты аталса, «иә, ол сондай» деп қысқа айтып, келте қайтарамыз. Шынында, сол адам несімен сыйлы, нендей артықшылығы бар екенін ойламаймыз. Қатарласып өмір кешсек те, оның жан сырын, мінез-құлқын, қыр-сырын білуге ұмтылмаймыз. Ойы өтімді, арманы асқақ, жаны жомарт, мінезі жарқын, ақкөңіл, айналасына шуақ шашып, дүниеге көктем болып келіп, көктем болып өткен, мен білетін дара тұлға Нұрекең осындай абыз адам еді.

Уақыт өткен сайын көзкөрген ағалардың жарқын бейнелері еске түсе береді. Осы сәттерде көңіл төрі алуан-алуан әсерге бөленіп, тіршілік туралы сан қырлы ойға жетелейтін сәттер көбейе түседі екен. Жалындаған уақыттарда сенің бір басыңа уақыт тауып, ақыл-кеңесін беріп, алға жетелеп, келешегіңе себепші болған Нұрекеңдей ұлы жандарды ойға аласың.

Олардың тұмадай тұнық кеңестері жүрегіңді нұрға бөлеп, сиқырлы сырымен сусындатқан сәттері күні кеше сияқты. Бірақ уақыт қатал, ол күндер алыстай береді.

1965 жылы Темір ауданы жабылып, орталық Қандыағашқа ауысып, Октябрь ауданы құрылды. Қазақстанның төрт құбыласы тоғысқан үлкен теміржол станциясы Қандыағаштың теміржолшылары әбден орыстанып, өзінше үкімет ішінде үкімет құрғандай өмір өткізіп жатқан уақыт. Өңірге саяси билік келіп, ықпалын жүргізе бастағаннан-ақ, бұларға қалыптасқан тіршілігін бұзғандай әсер еткені рас, олар билікті қабылдамағандай сыңай танытты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан он бес шақты теміржол мекемесі басшыларының барлығы дерлік орыстар болатын. Тек қана локомотив депоның басшысы Асанхан Қалиев болатын. Нұрекең оның іскерлігін бағалап, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына ұсынды. Сол қызметті Асекең жиырма жыл бойы абыроймен атқарды. Бұл да Нұрқожа ағамыздың кадр таңдаудағы үлкен біліктілігі еді. Аудан басшысының қайрат-жігерінің арқасында көп ұзамай теміржолшы мекемелерінің ұжымдары да сабасына түсе бастады. Міне, бұл оның бұл өңірдегі бірінші жеңісі еді.

1960-1970 жылдары ауданның мәденит саласының жұмыстары сын көтермейтін деңгейде еді. Мәдениет үйінің жанындағы құрамы он шақты орыс жігітінен тұратын бір ғана үрлемелі оркестр болатын. Мемлекеттік мерекелер де, басқа да шаралар осы оркестрдің әуенімен атқарылатын. Әрине, қазіргі жағдаймен салыстырғанда күлкілі, тіпті елдігімізге «түрпі» деуде болады.

Бірде аудан жастары арасындағы мәдени-көпшілік жұмыстардың жағдайын жеткізу және өз ойым мен ұсыныстарымды білдіру мақсатында Нұрекең ағаның қабылдауында болып, мән-жайды айттым. Ұлттық мәдениетіміздің иісін шығару үшін ұлттық аспаптар оркестрін құрып, елді мекендерге жастардың күшімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді ұсындым. Нұрқожа аға өз қатарластарынан бөлекше, зерек және мәселелерді шешуде шегіншектемей, кесіп айтатын алғыр еді. Келесі күні мені өзіне қайта шақыртты.

— Ал, комсомол! Сен менің алдыма ұшы-қиыры жоқ мәселені жайып салдың. Енді оны қалай бастаймыз, соны айт. Қолымнан келгенше жәрдемімді беремін. Өзім қолдап отырамын, — деді.

Содан Нұрекеңнің ықпалымен аудандық мәдениет бөлімінен өзімнің кепілдігіме 500 сом алып, Гурьевке тартып отырдым. Аудандық Мәдениет үйіне ұлттық аспаптардың 30 шақтысын жеткіздім. Сөйтіп, алғашқы домбыра оркестрін құрдық. Құрамында 40 шақты ұл-қызы бар көркемөнерпаздар ұжымын жасақтап, ұлттық мәдениетіміздің алғашқы қызықты сәттеріне куә болдық. Қиын кездерде орыстанып кеткен аудан орталығында ұлттық өнерімізді дәріптеуге қолдау жасап, үлкен сенім білдірген Нұрекеңнің біліктілігін, зиялы зеректігін қалай ұмытарсың.

Нұрқожа Мейірханұлының кейінгілерге қамқор болып, қанатының астынан орын беріп, қай істе де өзін танытуы — халқымыздың үзілмей келе жатқан тәлімгерлік үлгісі. Осындай қасиеттердің оны айналып өтпеуі де заңдылық емес пе?!

Абыз ағамыздың бүкіл еңбек жолы жоғары партия қызметтерінде болды. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық депутаттар кеңесінің депутаты, Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КПСС ХХІІІ съезінің делегаты болып сайланды. Еңбектегі ерлігі үшін екі мәрте Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту және І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Кадрларды танып, оларды қолдап, үлкен жолға салу — Нұрекеңнің зор парасаттылығы. Бұл кісінің тәлімін алған, тәрбиесін көрген Хайролла Иманалин, Сапар Сағынтаев, Ахметжан Төребаев, Асанхан Қалиев, Нұралы Қаниев, Мұхит Тасыбаев, Қуандық Әлішев, Аманғос Ізмағамбетов, Болат Мүліков, Ахат Мырзалин, Есенғос Мәмбеталиндер саналы еңбек жолдарымен облыстың түрлі өңірлерінде өздерінің бедерлі іздерін қалдырған азаматтар екені ақиқат.

Ел қамын ойлап, халық қажеті үшін бар тіршілігін арнаған абыз ағамыз отбасында да қамқор әке, сүйікті жар болды. Отанасы Зейнеп апа қандай керемет жан еді. Қандыағаштың шеткі Луговой көшесіндегі аупарткомның қызметкерлеріне арнайы салынған қарапайым үйде бес жыл көрші болдық. Зейнеп апа ерекше бір есті адам еді. Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.

Халықта «Сөнбес шырақ, сарқылмас бұлақ болмас» деген бар. Бірақ өткен із, тарих қалады, рух қалады. Міне, Нұрекең мен Зейнеп апамыз осындай рухы биік жандар еді…

Амангелді ШУНИМОВ,

мемлекеттік қызметтің ардагері,

Мұғалжар ауданының құрметті азаматы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button