Пікір

«Қасіретті қаңтардың» сабақтары

Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарын докторы, профессор,
Ақтөбе облысының Құрметті азаматы.

Өткен 2022 жыл, өкінішке қарай, қасіретті қаңтар оқиғасымен басталғаны белгілі. Алайда бұл күннің басты сабағы қаңтарға дейінгі бұрынғы Қазақстан мен одан кейінгі Қазақстанның, ұлтымыздың қалыптасуында саналық та, сапалық та өзгерістермен, мемлекет болып қайта қалыптасуымызбен, ұлт болып қайта ұйысуымызбен ерекшеленеді. «Қаңтар қырғыны» санамызды сілкіндірді, қоғамымызды есейтті, береке-бірліктің қадірін түсіндік.
Тарих куәлік еткендей, қоғамдағы ірі өзгерістер мен бетбұрыстар жай бола салмайды, ол кейде есте қаларлықтай ерекшеліктерімен қатар, төгілген қан арқылы келуі де мүмкін. Өкініштісі, өткен жылғы қаңтарда бізге де осы жолдан өтуге тура келді, қан төгілді, жазықсыз жандар зардап шекті. Алайда бұл оқиға бізге тыныштық пен тұрақтылықтың, өзара түсіністіктің, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырды, ауыртпалықты әр қазақстандық жүрегімен сезінді. Өйткені, ең басты байлығымыз — Тәуелсіздігіміз таласқа түсті.
Бір жыл өтсе де, қоғам, көпшілік әлеумет: «Қаңтар оқиғасының ең басты қозғаушы күші не?», «Себебі қандай?» — деген сұрақтарға әлі күнге дейін жауап іздеуде. Пікірлер де сан алуан, себебі бұл кезде алаңға шыққандардың арасында әр түрлі топтар болды. Олардың қатарында таққа таласқандар да, әділетті қоғам орнатуды қаламаған олигархтар да, «бір оң өзгеріс болар» деп үміттенген бейбіт халық та болды. Дегенмен осы күндері көптен күткен өзгерістердің де шеті көрінген еді, арам пиғылдылар оны басқа арнаға бұрып жіберді, шеру соңы тәртіпсіздік пен келеңсіздіктерге ұласты. Елдегі осындай дүрбелеңді өз пайдаларына шешкісі келген топтар бой көрсете бастады. Сөйтіп әлеуметтік мәселелермен басталып, арты саяси проблемаларды көтерген жаппай тәртіпсіздік салдарынан көптеген адамдар қаза тапты, мыңдаған адам түрлі дене жарақаттарын алды. Ең өкініштісі, көлікте келе жатқан, кәмелетке толмаған балалар мен басқа да жазықсыз жандар құрбан болды. Мемлекетімізге миллиардтаған теңге залал келтірілді.
ҚР Президенті халыққа арналған сөзінде: «Бейбіт шеру мен қарақшылардың қанды қылмысының арасын ажырата білуіміз керек», — деді. Ендеше, біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алғанымыз жөн. Бейбіт шерудің себебі – бір бөлек. Ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа болды. Бір нәрсе анық. Қаңтар қасіреті қоғамдық құндылықтарды өзгертіп, санамызға түбегейлі төңкеріс жасады. Біздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани кеңістігімізде көптеген мәселені қайта қарауға, саралауға түрткі болды.
Қаңтар трагедиясынан кейін есеңгіреп, ес жиған тұста ел билігі бұл оқиға бізге үлкен сабақ болуға тиіс екенін айтты. Осы қиын кезеңде Президент халықты сабырлылыққа, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, халықтың заңды талаптары мен өтініштерінің ескерілетінін, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты. Президенттің жеке бастамасымен әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шешімдер қабылданды. Олар: бағаны тұрақтандыру, тарифтерге мораторий жариялау, «Қазақстан халқының қорының» құрылуы, т.б.
Алайда, арамызда: «Осы бір жылда не өзгерді?», «Бұл қырғыннан қандай сабақ алдық?» — деп сұраушылар да бар. Бұл өте орынды сұрақ. Осы жай ескеріліп, Мәжілісте қаңтар оқиғасы туралы арнайы тыңдау өтті. Онда бір жыл бойы жүргізілген тергеудің қорытындысы жарияланып, бұл оқиға «Тәуелсіздігімізге жасалған қастандық» деп бағаланды. Парламент депутаттарының алдында Республика Бас прокуроры мынадай тұжырымдарды жария етті: қаңтарда мемлекеттік төңкеріс әрекеті болды; елдің жоғарғы басшылығын ауыстыру операциясы бір жыл бұрын мұқият жоспарланған; «Жабайы Арман» атты қылмыскер ҰҚК кураторының үйлестіруімен әрекет еткен; сол кездегі Қорғаныс министрі Мұрат Бектенов қарамағындағыларға заңсыз бұйрық берген; ұйымдастырушылар арасында жоғары дәрежелі шенеуніктер де, ҰҚК мүшелері де болған; қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ҰҚК қызметкерлері Кәрім Мәсімовтың нұсқауымен ғимараттарын қараусыз қалдырған т.б.
Осылайша Қазақстан халқы қаңтар оқиғасы бойынша белгілі деңгейде нақты жауаптар алды. Тексеріс алда да жалғаса береді. Халық қазір бос уәде мен жалған ұранға, популизмге емес, нақты іс пен сөзге ғана сенім артады. Ал «қасіретті қаңтар» қырғыны әлі ұзақ уақыт жазылмайтын «жара», бұл трагедия кезінде алаңда төгілген қанның сұрауы болашақта да болары анық!
Сонымен қатар қасіретті қаңтардың хроникасы ұлттың бірігуіне, болашақ жолын айқындауға, әділетті, әрі жаңа Қазақстан құруға жол ашты деуге толық негіз бар.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button